11 қаң, 2021 сағат 11:40

Ерлан Саиров: Партиялар мәслихаттағы ресурсын пайдалана бермейді

Саясаттанушы Ерлан Саиров жергілікті мәслихаттарда партиялардың өкілдері белсенді жұмыс істеудің маңызды тұсы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2016 жылы Парламент сайлауы өткен кезде мәслихаттар құрамына «Ақ жол», «Ауыл» партияларының өкілдері енген болатын. Ал бүгінгі күнге келер болсақ, облыстық және аудандық деңгейдегі мәслихаттарда партиялардың қатысу көрсеткіші жоғары болар деген ойдамын. Біздің елдегі партиялар осы ресурстарды пайдалана білуі керек. Бір өкініштісі, көптеген партия мәслихаттардағы ресурсын пайдалана бермейді», - деді Ерлан Саиров елордада өткен «SAILAU-2021: Парламент сайлауының алдын ала қорытындылары» атты сараптамалық талқылауда. 

Оның айтуынша кез келген партия болсын, қоғамдық ұйым болсын елдің дамуына, тәуелсіздігін нығайтуға еңбек сіңіруі керек. Саясаттанушының айтуынша, бұл – басты миссия.

«Екінші миссия – халықтың әл-ауқатын көтеру. Халықтың әл-ауқатын көтеру ісімен жергілікті атқарушы мәслихаттар құрамында да айналысуға болады. Қазақстанда бұған дейін қандай проблема бар еді. Елдегі басты проблема – өңірлерде (аудандық болсын, облыстық болсын) қоғамдық-саяси процес жоқ болатын. Осы процесті қалыптастырып, құрып, қалпына келтіру керек», - деді ол.