Фото: Инга Иманбайдың Facebook-тегі парақшасынан
Әскерде борышын өтеу кезінде ауыр жарақат алып, комаға түскен Ербаян Мұхтардың адвокаты Инга Иманбай тергеу органдарына тағы да күмән білдіретінін әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды ULT.KZ.
"Дабыл қағуға мәжбүрмін. Достар, Ербаянның ісі бойынша сараптама дайын. Бірнеше күннен бері Сіздерге айтар жаңалығым бар деп жүргенім осы еді. Негізі сараптама әлдеқашан дайын болған. Бірақ, тергеуші оны екі күн бұрын ғана маған айтып, кеше сараптамамен танысуым керек еді. Мен тергеушімен келіскен уақытта күттім, ол қоңырауға жауап берген жоқ. Кеш болып кеткесін ватсапқа хабарлама жаздым. Жауабы маған сылтау, уақыт созу сияқты көрінді. Тергеуге қатысты күмәнім күшейді. Әйтпесе дайын тұрған сараптамамен таныстырудың несі қиын? Сондықтан, іс бұрмаланып, кінәлілер, Ербаянды осы күйге жеткізгендер жазасыз қала ма деген күмәнім күшейді", – деп жазады Инга Иманбай.
Сондықтан, Ербаян Мұхтардың адвокаты жағдайды әлеуметтік желіге ашық жазып, тергеуден, құзырлы органдардан жауапты ашық талап ететітін айтып отыр.
Еске салсақ, былтыр Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде борышын өтеп жүрген Ербаян Мұхтар ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың ата-анасы бұған сенбейді.
Ербаян Мұхтарды Түркияға Қорғаныс министрлігінің арнайы бортымен Ыстамбұлдағы “Медикал-Парк” клиникасына жатқызылып, ем қабылдап жатыр.