18 қаң, 2022 сағат 20:45

Ералы Тоғжанов шетелде оқитын студенттерді вакциналау мәселесін айтты


«Болашақ» бағдарламасынан тыс шетелде оқитын студенттерге де Sinopharm вакцинасын қабылдау мүмкіндігі беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Білім және ғылым министрлігі «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге шығатын студенттер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тіркеуінен өткен Sinopharm вакцинасының екі дозасын қабылдайтыны туралы келісімге қол жеткізгені туралы мәлімет шықты. Айтыңызшы, неліктен мұндай іріктеу тәсілі қолданылып отыр? Неліктен «Болашақ» студенттеріне ғана осындай мүмкіндік беріледі?», - деп сұрады БАҚ өкілі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде. 

Сауалға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жауап берді. 

«Азаматтардың ешқандай конституциялық құқығы бұзылып жатқан жоқ. Бұл мәселе бойынша хабарласқандар бар. Біз оны шешу жолы коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі Ведомствоаралық комиссияға енгізіп те жатырмыз. Сондықтан студенттеріміздің сіз атаған санатына да Sinopharm вакцинасының екі дозасын қабылдауға рұқсат беріледі. 

Бейсенбі күні Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткіземіз. Сол кезде тиісті шешім қабылдаймыз», - деді Ералы Тоғжанов.