Фото ашық дереккөзден алынды
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ШҚО-ның Зайсан ауданындағы газ кенішінің келешегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Ол жерде жеке компания газ кенішін игеріп жатыр, қазір өндірудің ақырғы кезеңінде. Аталған ауданның қажеттілігін барынша қамтамасыз ету үшін компанияға газды экспортқа шығаруға тыйым салынғанын білесіздер. Экспорт бағыты тоқтатылды. Бүкіл газ тек ішкі қажеттілікке жұмсалып жатыр», — деді министр Ақордадағы Қазақстан мен Франция президенттерінің кездесуінен кейін.
Оның сөзінше, кенішті игерудің техникалық қызметі жағынан проблемалар бар.
«Энергетика министрлігі тарапынан газ желісінің иелеріне ескерту жасалған. Таяуда ол жаққа министрліктің комиссиясы барып, аталған активтердің дайындығын тексереді. Кеше облыс басшысымен сөйлестік. Парламент депутаттары да осы мәселені көтеріп отыр. Ол жерде қазір тек бір ғана компрессор жұмыс істеп тұр. Қосымша компрессор жоқ. Яғни қазіргі жалғыз компрессор істен шықса, газбен қамту жағынан мәселе туындауы мүмкін.
Газ кенішінде шынымен игерудің ақырғы сатысы жүріп жатыр. Келешекте газды басқа көздерден жеткізу жөнінде жоспар бар», — деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.