
2025 жылға дейін мұнай-газ-химияны дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы іске асырылып жатқан мұнай-газ-химия өндірістерін жеделдету жөніндегі шараларды қабылдау, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау міндетін қойды. Бұл мәселелерді шешу үшін біріншіден 2025 жылға дейін мұнай-газ-химияны дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленеді. Бұл жоба проблемалық мәселелерді шешуге баса назар аудара отырып, саланы нақты дамытуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда: мұнай-газ-химия жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету; мұнай-газ-химия кластерін құру; одан әрі қайта бөлуді дамыту», - деді министр.
Оның айтуынша, екіншіден, Үкімет пен инвестор арасында қол қойылатын жеке келісімге мұнай-газ-химиямен қатар көмірсутегі шикізаты жобалары да кіреді. Аталған мәселе қазіргі таңда пысықталуда және жақын арада ұсыныстар жолданбақ.
«Үшіншіден, бұл шаралар 2025 жылға қарай 5 зауыттың құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мынадай нәтижелерді күтуге болады: өндіріс көлемі 9 есеге артады; ел экономикасына болжамды әсер қосымша +1,2 пайыз. Осылайша, базалық мұнайгаз-химия өнімдерін өндіру мұнай-газ саласындағы терең өңдеуді дамыту үшін берік негіз бола тұра, шикізат экономикасын әртараптандыру және технологиялық дамуға ұмтылу жөніндегі стратегиямызға сәйкес келеді», - деді Нұрлан Ноғаев.
