15 мау, 2020 сағат 15:43

"Ендігі парызым – сіз қалдырған мұраны жарыққа шығару..."

«Қазақ әдебиеті» апталығының оқырманы елеңдей күтіп отыратын «Әкеге хат» айдарынының бүгінгі қонағы белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлының қарашаңырақ иесі Дәулет Әшімхан болып отыр. Дидахмет Әшімханұлын әдеби орта, өзінен кейінгі толқын Дидаға деуші еді. Дидағаңның қаламынан туған әр шығармасын оқырман қауым іздеп жүріп оқитын. Әсіресе, жастар жағы Дидахмет Әшімханұлының сөзін тыңдап, ой бөлісуге құмар еді. Қаламгердің жазған шығармалары мен ізгі жолы кейінгіге үлгі-өнеге екенін осы бір шағын да шымыр хаттан да аңдайсыз!.. 

Дәулет ӘШІМХАН«Елшежіре» қоғамдық қорының президенті


Әке, сіздің өмірден өткенің­ізге биыл бес жыл. Осы бес жыл менің қасымда болмасаңыз да, сіздің өмір бойы жинаған абыройыңыз бен беделіңіз маған әлі көмектесіп келеді. Қайда барсам да «Дидахметтің ұлы екенсің ғой» деп жылы қабақ танытып, бәрі де қол ұшын созуға дайын. Кей жерде атыңызды айтсам болды, жолым ашылып сала беретіні бар. Сізді атаған кезде адамдардың жүздері жадырап, сөздері жұмсарып шыға келетінін көрсеңіз ғой, өзіңіз де таңғалар едіңіз. Тіпті сізді өмірде көрмесе де шығармаларыңызбен жете таныс жандар көп, есіміңіз елдің жадында. Осының бәрі өзіңіздің табанды еңбегіңіздің және өмір бойы «адамгершілік» деген принциппен жүргеніңіздің арқасы екені анық. Ал «адамгершілік» принципімен өмір сүру өте қиын екенін әркім біледі.

Әлі есімде, қиындығы қат-қабат келген 1990-жылдары майға сұққан жез қасықтай жылпылдаған кейбір кісілердің сізді алдап кеткен кездері болған. Сонда кішкентай болсам да сіздің аңқаулығыңызға, сенгіштігіңізге ренжитінмін. Әсіресе ,«Бұйырғаны болады», «Бәрі рет-ретімен» деген сөздеріңіз менің ашуымды келтіретін. Есіңізде ме, бірде саяжайдан үй сатып аламыз деп бірталай жерді араладық. Содан біреуіне қызығып, оны аламын деп иесіне уәде бердіңіз. Сәл төмен түсе бере тағы бір саяжай көзге шалынды. Бағанағы үйге қарағанда әлдеқайда жақсы және жолға жақын екен. Сол үйді алайық дегенімде: «Мен жаңағы кісіге сөз беріп қойдым, енді алмасақ, ұят болады», – деп жауап берген едіңіз ғой. Жан-жақтан қаншама айтсақ та көндіре алмадық. Қазір ойлап қарасам, соныңыз дұрыс екен. «Сөз бердің бе, істе!» деуші едіңіз. Есесіне, «Дидахмет» деген атыңызды қай жерде болса да таза сақтап қалдыңыз! Бұл ешбір ақшаға, ешбір керемет дачаға теңесе алмайды ғой. Сіздің есіміңіз бізге биік бедел, үлкен абырой. Істеріңіз үлгі-өнеге. Бұл бүгінгі біз үшін де, ертеңгі ұрпағыңыз үшін де үлкен мақтаныш.

Жасым 13-тен асқанда өзіңізбен бірге көп жол жүрдім. Әсіресе, қып-қызыл «Москвич-412» деген автокөлікпен «Қайдасың, Алтай?» деп Катонқарағайға тартып кетуші едік. Жол-жөнекей неше түрлі қызық әңгімелер айтып, түрлі тақырыптарды қозғаушы едіңіз. Арасында көліктің рөлін маған беріп қойып, кішкене мызғып алатынсыз. Шаршасақ, елді мекендерге тоқтап, өзімізбен алып шыққан термостағы шайды ішіп, етті жеп алып, ағаштың түбінде аспанға қарап үнсіз жатушы едік. Қазір ойласам, кішкентай кезімнен мені өзіңізге жақын ұстап, жауапкершілікке тәрбиелеп, қандай жайды да тереңнен толғап, кеңінен ойлауға үйреткен екенсіз. Соның арқасында кең ойлап, кесіп-пішуден таршылық көріп, жауапкершіліктен қашып-пысқан кезім болған жоқ. Кейінірек Қалихан Ысқақ атамызды «сары торпағымен» («Жигули-2106») бірге алып кетуші едік. Ол сәттер тіпті қызық болатын. Қалихан атамыздың әңгімесі қандай еді?! Сол күндерді қазір шын сағынамын. Қандай керемет кездер еді десеңші!

Мектепте орташа оқыдым, соған бір қабақ шытып, маған ұрысқан кезіңізді көргем жоқ. «Оқудың түбіне ешкім жеткен жоқ, балам», – дейтінсіз әзілдеп. Оқу бітірген соң да «мынаған түс, былай істе, ананы бүйт» демепсіз ғой, шіркін. Жалпы, маған ақыл айтуыңыз сирек, айтар ойыңызды әзілдеп қана жеткізетінсіз. Сол қасиетіңізге тым риза болушы едім. Күлдіріп отырып-ақ айтқыңыз келгенді байыппен жеткізуші едіңіз. Бұл әдіс ақыл айтудан гөрі анағұрлым тиімді болатын. Сондай тәрбие көргенім үшін өзіңізге және Құдайға ризашылығым шексіз.

Бір қызығы, үйге қаншама қонақ келсе де дастархан басынан қумайтынсыз. Мәселе тамақта емес, қонақтар айтатын ғибратты әңгімеде еді. Дастархан басында талай тамаша әңгіме өрбитін. Біздің үйден 1980-90 жылдардағы елге белгілі ақын-жазушылардың көбі дәм татты. Солардың ішінде Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Сағат Әшімбаев, Қайым Мұхамедханов бар. Басқа да достарыңыз бен қаламдас аға-інілеріңіз үйге жиі келетін. Осы сөздерді жазып отырған кезімде сол ағалардың сөздері мен өздері елестеді. Соның бәрі үлкендердің есті сөзін тыңдасын, өзін ересек адамдай сезінсін дегеніңіз екен. Осы тәрбиенің арқасында кез келген ортада қысылып-қымтырылмай, өзімді еркін ұстауға үйрендім. Қазір де үлкендердің ортасында отыра қалсам, сондай әңгімелерді іздеймін, аңсаймын.

Жасым жиырмадан асқаннан кейін екеуміздің арамыз тіпті жақындай түсті. Сіз мені досым дейтінсіз. Іштегі бүкіл сырыңызды маған айтушы едіңіз. Мен көп дегенде жақсы тыңдарман болған шығармын. Жасыратыны жоқ, менің де ең жақын досым, сырласым сіз едіңіз.

Өсе келе мен сізді әке ретінде бір сыйласам, ал адам ретінде екі есе құрметтейтін болдым. Өйткені сіздің жүрегіңіз өте таза, досқа адалдығыңыз кіршіксіз, жан-дүниеңіз аппақ еді, тіршілік атаулының бәріне мейірбандықпен қарайтынсыз. Кез келген кісіге риясыз көмектесуге үнемі дайын тұратынсыз. Осы қасиетіңізге қатты сүйінуші едім. Ішімнен сізді періште дейтінмін. Себебі сіз сияқты мейірімді адам жер бетінде жоқ сияқты, сізге ұқсау мүлде мүмкін емес.

Өміріңіздің соңына қарай өлім туралы жиі айтатын болдыңыз. Кеудеңіздің бос боп қалғанын, өмірдің мәнсіз боп кеткенін тілге тиек еттіңіз. Сол кеудеңізге бір жарық сәуле түсе ме деп Алматы облысының Қайназар ауылындағы Санжар Керімбайдың үйіне бірнеше мәрте бардық. Әкеміз көңілді отырсын деп Санжар ағамыз дастарханға марқұм Бейсен Құранбек пен Абзал Құспанды шақырған еді. Түннің бір уағында әрең тарағанымыз есімде. Соның әсерімен «Жынды жел» деген әңгіме мен «Көк перінің кердеңі» атты пьеса жазып қалдырдыңыз. Мен бұларды классикалық туындылар деп сеніммен айтар едім. Оқып отырып риза боласың.

Көңіліңізді қанша аулағанмен өлім туралы айта бердіңіз. Әсіресе «Мен кетіп қалсам, Алтайға жерле», тіпті «өлсем, мені шығарарда «Қоңыр» тобының «Сәулем-ай» өлеңін қойғыз», – дедіңіз. Ақыры өзіңіз көп ойлаған өлім де келіп жетті. «Аманатқа қиянат жоқ» деп, тілегіңізді орындадық. Өмір бойы жырлап өткен Өтүкенге жерледік. Басында сенгім келген жоқ. Қабырғам қайысып, есімді жия алмай қалған сәтте ең бірінші болып қолын созған жарықтық Бейсен Құранбек ағамыз еді. Жанына тартып, үйіне шақырып, ағалық ақылын айтып жүректі жұбатты. Енді Бейсен аға екеуіңіз рухани сұхбатты мәңгілік мекенде жалғаған боларсыздар.

Артыңызда үлкен мұра қалды. Әсіресе, күнделіктеріңіз ғажап. Оқып отырып сол бір кезге оралып, ішінде жүргендей әсерде боламын. Менің ендігі парызым – сіз қалдырған мұраны жарыққа шығару, шығармашылығыңызды насихаттау және ұрпағыңызға дұрыс тәрбие беру. Себебі біз жаман қылық көрсетсек, сөз сізге тиеді. Сондықтан да бізге артылған жауапкершілік жүгі екі есе ауыр.

Бізге деген қамқорлығыңыздың зор болғаны соншалық, тіпті сақтандыру компаниясына қаражат салып, өміріңізді сақтандырып кетіпсіз. Сіз кеткен соң сол компания бізге бес жылдай ақша төлеп тұрды. Бұны да көрегендігіңіз деп білемін. «Ел-шежіре» деп өзіңіз ат қойған баспаны да маған қалдырып кеттіңіз. Қазір өзіңіз бастаған істі одан әрі жалғастырып, кітап шығарып жатырмыз. Бәріне шүкір дейміз.

Айтайын дегенім, менің өмірімде өзіңіздей әкем болғаны үшін тағдырыма шын ризамын. Туғаннан еркелеттіңіз, оқыттыңыз, тәрбие бердіңіз, әкелік махаббат сыйладыңыз, дос бола білдіңіз, соңыңызда мәңгі өлмейтін мұра қалдырдыңыз. «Осының бәрін қалай ақтасам екен?» деген ой да мазалайды. Шамам келгенше атыңызды өшірмеуге, есіміңізге дақ түсірмей, биікте ұстауға тырысамын. Шын мәнінде бүкіл жақсылығыңыздың мыңнан бірін ақтасам да, менен бақытты адам болмас еді деп ойлаймын.

Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жаннатта болсын, жан Әке!