03 қыр, 2024 сағат 18:48

Еңбек Адамы: Ұсталық – киелі өнер

 

 

Жақында «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде  «Ұсталық өнер ғұрпы» атты этнотанымдық іс-шара өтті. Оған Алматы қаласынан ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркембайұлы, Қызылордадан Бекзат Жақыпов, шымкенттік Абдулла Қалманұлы, Жеңісәлі Бабақұлов, ЮНЕСКО-ның «Сапа белгісі» иегері  Икрам Рафиков, Әбдірайым Сұлтанғали Темірұлы, түркістандық Бекзат Тастанов секілді қолөнер шеберлері қатысты. 

Шараның ашылуында Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев сөз алып, келушілерді түркілер арасында қара темірді қамырша илеп, болат балқытқан ұстаны киелі санау культі ежелден қалыптасқанын айтып өтті.

«Ұсталық – көнеден үзілмей келе жатқан киелі кәсіп. «Ұсталы ел озар, ұстасыз ел тозар» деген халқымыз темірден түйін түйіп, ағаш жонған ісмерді «темірші», «дарқан», «ұста» деп төбесіне   көтеріп қадірлеген. Әйгілі Махмұд Қашқари «ағашты ұзын кес, темірді қысқа кес» деп кейінгілерге ұсталық нақылды өсиет етіпті. Бағзыдан жеткен сақ әшекейлері де, мыңдаған жылдар мызғымай тұрған балбал мүсіндер де осы ұсталардың көз майының нәтижесі. Шараға Қазақстанның әр өңірінен келген он саусағынан өнер тамған ұсталарымыз келді» деді Бауыржан Орынтаев.

 Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырған шараның мақсаты – көрермендерге  темірден түйін түйген ұсталардың қатысуымен, ұмыт қалған ұсталық ғұрыптардың мән-мазмұнын арнайы жасақталған ұста дүкенінде көрсету. Шараны қала тұрғындары мен шетелдік туристер тамашалады. Ұсталар 7-15 минут аралығында өз шеберлігін көрсетіп, қару-жарақ түрлері мен оның жасалу жолдарын түсіндірді. Атап айтқанда, шеберлер «Төс майлау» рәсімін,      жылан қайыс  салтын, қару-жарақ түрлері мен жасалу жолын, ер-тұрман, қамшының өрімі мен зергерлік бұйымдардың жасалу жолдарын көрсетті. 

Шара барысында «Ақсу» фольклорлық-халықтық ансамблінің өнерпаздары келушілерді ұлттық әуенмен тербетсе, «Шымкент-Цирк» өнерпаздары «Бес қару» атты қойылымын ұсынды. Одан бөлек садақ ату, асық ойындары бағдарламасы да келушілердің назарын аударды. 

Сондай-ақ, Дәулет Дәркембай-ұлы өткізген Төс майлау рәсімінен де жастардың үйренері аз болмады. 

«Киелі кәсіпті меңгерген темір  ұсталары рухани тазалыққа ерекше мән беріп, бойларын таза ұстауға тырысқан.  Көрік беріп, төс соғар кезде «менің қолым емес, ер, Дәуіттің қолы» деп ниет еткен. Отқа қызған темірді ұста сол қолындағы қысқышпен қысып ұстайды да, төстің бетіне төсеп, оны балғамен ұрып, балғашыға жөн сілтеп отырады. Халық танымында ұста да, оның құралдары да киелі саналып, түрлі жамандықтардан сақтайды деген сенім болған. Яғни, ұстамен бірге оның жұмыс істейтін ұстаханасы немесе дүкенінде арнайы рәсімдер өткізген. Бұл рәсім әдетте көктем мезгілінде орындалады. Яғни, наурызда ұстаның саймандары майланып, «төс майлар» деп мал сойылып, ақ бүркіліп, ас берілген. Рәсімнің наурыз айында атқарылуы байырғы түркі дәуіріндегі «Ергенеқон» дастанымен байланысты болса керек. Дастанда Ергенеқонды мекендеген түріктер ұзақ жылдардан соң тау қатпарын ерітіп, жазыққа  шыққандығы баяндалады. Міне, сол күннен бастап әр жылы наурыз айында  ұсталықты, теміршілікті ырымдап, балғамен төс соғу дәстүрге айналыпты» дейді Дәулет Дәркембайұлы.

Сонымен қатар «Жылан қайыс» ғұрпынан шеберлік сағатын өткізген Абдулла Наурызбай «Жылан қайыс» – халқымыздың салт-дәстүрінде сақталған көне ырымдардың бірі.  Адам баласын «іштен шыққан шұбар жылан» деп жыланмен байланыстыруында терең сыр бар. Үйге кірген жыланды өлтірмей, оның басына ақ құйып шығарып жіберуіміздің құриясы тереңде» екенін айтып өтті.

«Бағзы заманда қазақта ұстаны бақсылар сияқты тылсымның сырын білетін, жоғарымен ұғысатын қасиетті жан ретінде бағалаған. Халық арасындағы «Жылан қайыс» рәсімі де ұстаның бақсылық культімен байланысты екенін көрсетеді.  Қазіргі кезде бұл салтты ұмытылып кеткен десе де болады. «Жылан қайыс» рәсімі баланың төрт жасқа толғанында, яғни қоян мүшел жасына келген кезінде орындалған. Ол үшін ұста мен баланың әкесі арнайы бір күнді белгілеп, баланы ұстаханаға әкелген. Әуелі ұста дүрілдетіп көрік басып, темір соғып, ырымын жасайды. Ұстахананың іргесіне сауыт-сайман мен қару-жарақ қояды. Ұста үстіне жылан түстес сұр торқадан тоқылған шекпен киеді. Дархан сауыт-сайман мен қару-жараққа арқасын, балаға бетін беріп, екі аяғын алшақ қойып тұрады. Содан баланы аяғының арасынан ары-бері өткізеді. Бір өткізгенде балаға сауыт-сайман кигізіп, екіншісінде  үстіне қару-жарақ тағады. Содан соң дархан екі алақанын отқа қақтап алады да, баланың бетін сипайды. Кейде рәсімнің соңында балаға басқа есім қойылуы да мүмкін. Бұл үрдіс жасалғанда «Еліңді қорға, жеріңді қорға, жауынгер бол, бірақ жендет болма» деп бата берілген» деді Абдулла Наурызбай.

Қызылордалық Бекзат Әнесұлы  ер қаруы бес қару жайлы толғамды ойлар айтты.           

«Ертеде ұсталар түркі қаруларының барлық түрлерін: арнайы болаттан қайқы қылыш, семсер, айбалта, найза, қалқан т.б соққан. Қанжар, иілген жүзді  ұзын пышақтар жасап, тұрмыста кеңінен қолданылған. Ең көп тараған қару – садақ пен жебе, найзаның ұшы болды. Дәстүрлі қару-жарақ кешеніне былғары және болат сақинадан жасалған металл сауыт, торлы және күнқағары бар болат дулығалар, темір тілімшелермен қапталған ағаш және былғары қалқандар кіреді. Ұста өзінің әр түрлі металдарына, жасайтын қару-жарағына байланысты темірді сомдайды. Оның сомдау, шыңдау, суғару, жасыту, қақтау секілді бірнеше түрлері бар» дейді ола.

67 жастағы Абдулла Наурызбаев темір ұсталығымен 1982 жылдан бері айналысып келеді екен.

«Көзкөргендер Наурызбай атамды ұста болған деп отыратын. Бірақ ол кісіні өзім көрмедім. Осы күнге дейін қаншама бұйымдар жасадым. Менің қолымнан шыққан дүниелер түрлі конкурстарда, алыс- жақын шетелдерде көрмеге қойылып жатыр» дейді темір ұстасы. 

Абдулла Наурызбаев Қожа Ахмет Ясауидің диаметрі екі метрлік мөрін жасаған. Ұстаның осы еңбегі бес миллион теңгеге бағаланған. Ал, тағы бір көне жәдігерге ұқсас бұйымын шетелдік туристке он миллион теңгеге сатыпты.

«Менің Икрам Рафиков деген шәкіртім сонау Америкаға дейін барып, қазақ қолөнерін насихаттап жүр» деді Абдулла Наурызбаев. Әбекеңнің шәкірті Икрам өз өнерімен Америка, Түркия, Неапал, Өзбекстан секілді бірқатар елдерде танымал болған.

ЮНЕСКО-ның «Сапа белгісі» иегері  атанған Икрам Рафиков: «Қазақ қолөнер шеберлері елімізді әлемге танытып жүр. Шетелдіктер қазақтың төл өнеріне қызығады. Бірде американдық екі келіншекке жүзік соғып бердім. Қатты риза болды. Құрлықтың арғы бетінде жатқан елге елдігімізді еңбегімізбен танытып жүрміз. Жалпы, қазақ қолөнері халық шығармашылығының сарқылмас қайнар көзі» дейді.

Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуде, халық өнерін, салт-дәстүрін меңгертуде зергерлік өнердің мәні зор.

Ұлттық мәдениетіміздегі қолданбалы өнер халқымыздың тарихымен, ұлттық болмыс-бітімімен, дүниетанымымен үндесе дамуда. Тамырын тереңнен алатын қолданбалы өнердің көрнекті саласы – зергерлік өнер тылсым сыры бар қасиетті, қастерлі өнер. Ал, бұл өнерді келешек ұрпаққа жеткізу бүгінгілердің қастерлі борышы болмақ.

 

Пернебай Сапар,

«Оңтүстік Қазақстан»

Суреттерді түсірген Сүндет Жанәділов