Фото: okg.kz
Қазақта «Еңбекке икемді болсаң, еліңе сүйкімді боласың» дейтін тамаша тәмсіл бар. Бұл ата-бабаларымыздың өмір тәжірибесінен алынған пәлсапа. Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт босап, айналаға зер салып көз жіберетін болсаңыз, еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – салық саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен, енді аз күнде ардагерлер сапына қосылғалы отырған Әлібек Лесов. Ол саналы ғұмырының 40 жылға жуық уақытын салық саласына арнады.
Әлібек Шәмшінұлы 1961 жылы 20 қазанда киелі Қазығұрт ауданында дүние келген. Елге сыйлы өнегелі отбасында төрт перзенттің бірі болып тәрбиеленді. Шәмшін ақсақал соғыстан кейінгі жылдары колхоздарды қалпына келтіру ісіне араласып, елдің өсіп-өркендеуіне көп еңбек сіңірді. Ал, 85 жастағы Хадиша анамыз бүгінде ұл-қыздарынан өрген ұрпақтарының ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Осындай әке тәрбиесін көрген Әлібек аға мектеп бітірген соң сегіз айдай «Сантехникалық бұйымдар зауытында» слесарь-сантехник болып жұмыс істеп, Қарағанды мемлекеттік университетінің қаржы факультетіне оқуға түседі. 1984 жылы университет жолдамасымен Павлодар облыстық еңбек жинақтау кассасы басқармасының аға тексерушісі болып алғашқы еңбек жолын бастады. 1986 жылы елге оралып, Шымкент облыстық қаржы бөлімінің аға есепшісі болып қызметке орналасады. Кереку өңірінен тәжірибе жинақтап қайтқан оның облыстық қаржы бөлімінде қызмет етуі көпке пайдасын тигізді деуге болады. Бір жағынан мекеме жұмысының жүйелі жүруіне ықпалы тисе, екінші жағынан өзінен кейінгі жас кадрларды тәрбиелеуге үлесін қосты.
Білікті маман бұдан кейін Қазақстан Компартиясы Шымкент облыстық комитеті іс басқармасының есепшісі болып тағайындалады. Осында қызмет істеген екі жылда есеп-қисап жұмысын шашау шығармай ұстап, қағаз жұмысын тап-тұйнақтай етіп отыратыны талайдың есінде сақталған болар.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары қай салада болмасын білікті мамандарға деген сұраныс арта түсті. Сондай тұста Әлібек Шәмшінұлының ҚР мемлекеттік Бас салық инспекциясы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік салық инспекциясының бас есепшісі қызметіне тағайындалуы оның қызметіне берілген баға іспетті еді. Елімізде салық органдарын құру тоқсаныншы жылдардың басында нарықтық экономикаға көшумен сабақтаса жүргізілгені мәлім. Ел енді ғана тәуелсіздік алған уақытта экономикалық дағдарыс күшейе түсті. Салық санының көптігі, айналымды анықтаудың қиындығы, шектен тыс белгіленген салық жеңілдіктері, салық ставкаларының әртүрлі болуы бұл жүйені одан әрі реформалау қажеттілігін көрсетті. Осы орайда Әлібек ағаның тәжірибелі маман ретінде берген ұсыныстары да салық заңнамасын жетілдіру жұмысында назардан тыс қалған жоқ. Ол облыстық салық комитетінде, яғни атауы кейін өзгерген мемлекеттік кірістер департаментінде 30 жылдан аса қызмет істеп, мекеменің қалыптасуына, білікті мамандармен қамтамасыз етілуіне тікелей үлес қосып, жас мамандарды тәрбиелеп, кәсіби біліктілікке үйреткен ұстаз ретінде танылды. Осы жылдар аралығында облыстық салық комитеті ішкі жұмыстар басқармасының бастығы, жоспарлау-экономикалық бөлімінің бастығы, қаржыландыру және бухгалтерлік есеп бөлімінің бастығы, ұйымдастыру басқармасының қаржы және бухгалтерлік есеп бөлімінің бастығы, салық төлеушілермен жұмыс жүргізу бөлімінің бастығы, есеп және талдау басқармасының басшысы, салықтық бақылау басқармасына қарасты салықтық бақылау бөлімінің басшысы, түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы сынды қызмет сатыларынан өтті. Қай қызметте болмасын, Әлібек аға адами биіктіктің, кәсіби біліктіліктің тұғырынан түскен емес. Тәжірибелі басшыдан тәлім алған шәкірттері оған деген шексіз құрметі мен алғысын әлі күнге дейін білдіріп келеді. Бүгінде олардың көпшілігі департаментте басшылық қызмет атқарып отыр. Сынаптай сырғыған уақыт уыста тұра ма? Кейіпкеріміз кейінгі жылдары жаңадан құрылған Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне атсалысып, қазынаға түсетін қаржыны қатаң бақылауда ұстап, облысқа қажетті кадрлардың өсуіне, қалыптасуына қажырлы еңбегін арнады.
Шәкірттерінің айтуынша, Әлібек аға жұмыс барысында: «Өздеріңнен жауапкершілік пен белсенділікті талап етіңдер. Салық саласында жұмыс істейтін мамандардың ең алдымен есте сақтау қабілеті жақсы болуы және кіріс пен шығыс құжаттарына мұқият болуы керек» деп кеңес беретін. Осы кеңес көпшілігінің күнделікті ұстанымына айналды.
Әлібек аға өз қызметін мінсіз атқарып, жетістіктерге жетуде бар күш-жігерін жұмсады. Бюджеттік және салықтық заңнаманы жақсы білетін, шешімдерді сауатты әрі білікті қабылдайтын басшы ретінде танылды. Осы еңбектері бағаланып, бірнеше мәрте Қаржы министрлігінің, облыс басшылығының Құрмет грамоталарымен марапатталып, Алғыс хаттарға ие болды. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін, «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісін иеленді.
Әлібек аға соңғы үш жыл көлемінде Қазығұрт ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасын басқарып келеді. Оған өзі туып-өскен Қазығұрт ауданының әрбір түйір тасы мен ой-шұңқыры ыстық. Сол елдің тумасы болғандықтан, болашағына алаңдап отыратыны рас. Қазір Әлібек аға жары Бағлан Шәркенқызымен бірге бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан алтын асықтай 11 немере сүйіп отыр.
Әлібек ағаның Пайғамбар жасына толуына орай ол кісіге жан-жақтан құттықтаулар, ізгі тілектер молынан айтылып жатыр. Кәсібіне адалдықпен қарап, бүкіл ғұмырының қазығы еткен, сол ұстанымы арқылы бүгінгі ұрпаққа тура жол көрсеткен ел азаматына қандай құрмет көрсетсе де артық емес деп ойлаймыз. Міне, біз білетін Әлібек Лесов – осындай ізгі ниетті жан.
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».