02 қыр, 2024 сағат 18:51

Еңбек адамы: Рахмет, сізге ұстазым!


 

Сонымен, жаңа оқу жылы да басталды. Кейбір жұрт әр оқу жылы басталарда бірінші класқа барған сәтіміз еске түседі деп жатады ғой. Өз бойымнан ондай сезім байқала қоймаған соң ба, жылда жаңа оқу жылында бірінші класқа барған сәтін еске алатын жандарға қатты қызығамын. Тәтті шақтарын жүректері қараймаған адамдар ғана елжірей еске ала алатын шығар. Ал, біздің жүрек…

 

Алты жасымыздан туған үйден үзіліп шығып кеттік. Әке-шешеміз айдалада жалғыз үй отырып, кеңшардың малын бақты. Бүкіл бала-шағасы мектепті интернатта жатып оқыды. Ата-ананы тек каникул күндерінде ғана көреді. Мұғалімдер каникулда барлық оқушыны совхоздың «ГАЗ-51» машинасымен үйді-үйлеріне өздері апарып тастап, каникул біткен соң машинамен өздері жинап әкетеді. Мен алтыға келгенде ағам марқұм оныншыға өткен. Ол кездің балалары ерте есейе ме, білмеймін, әйтеуір ересектерше ойлайтын. Естияр көрінетін. Ағам сол сөздерін интернатқа жинайтын машина келгенде шешеме «мына баланы киіндіріңіз, өзіммен алып кетейін. Өзім барда интернатқа үйреніп қалсын. Интернатқа келесі жылы барса, мен жоқпын, қатты қиналады. Киіндіріңіз» деді. Шешем сүт кенжесін қасынан бір метр ұзатқысы жоқ. «Қой, әлі кішкентай ғой» деді даусы дірілдеп. «Апа, ешқандай да кішкентай емес, «кішкентай-кішкентай» дей берсеңіз келесі жылы да кішкентай болып жүре береді. Одан да мен барда үйреніп қалсын» деп ағам да тұрып алды. Соңғы сөзді айтуы тиіс әкем мал айдап кеткен, үйде жоқ. Оқушыларды жинап келген Кәрібай Молдабеков ағай да ағама «әй, Қанай, інің тым кішкентай ғой, бәрібір директор қабылдамайды, әуре боп қайта әкелесің ғой» деп жатыр. Ағам алған бетінен қайтпай тұрып алды. «Қабылдамаса үйге өзім жаяу әкеп тастаймын, алдымен осы машинадан қалдырмай алып кетейікші, ағай!» деді. Құданың құдіреті, ағам шешеме де, мұғалімге де сөзін өткізіп, мені ақыры өзімен алып кетті.

Бұл 1968 жылғы тамыздың соңғы күндері еді.

Отыз шақты бала интернатқа келіп түстік. Мені бірден мектеп директорына алып кірді. Директор Кішімат Досановтың түсі өте суық екен, үйден шықпаған бала емеспін бе, жүрегім шым еткендей болды. Директордың бірінші сұрағы «қандай әріптерді білесің?» болды. «Барлық әріпті де білемін, оқи да беремін!» деп тақ ете қалдым. Сол жылдары кильки, треска дейтін қалбырдағы балықтар болатын. Солардың босаған қалбырларына гүл егіп қойған екен, директордың көзі сол қалбырларға түсіп кетті де «ендеше, мыналарды оқи қойшы» деді. «К,и,л,к, мягкий знак, и, болады кильки» деп тақ ете қалдым. Директор ағай жымиды да біреуді шақырып алып, «маған Пәленшені шақыр» деді. Пәленшесі жас апай екен. Директор оған «мына баланы сенің класыңа жіберемін, өзің жөндеп қарарсың» деді. 

Осылайша мен өзімнің алғашқы ұстазым Бибіраба Базароваға жолықтым. Ол кезде мен алты жасар болсам, Бибіраба апайым жиырма екіде екен.

Обалы нешік, Бибіраба апайым өте мейірімді жан болып шықты. «Тақтадағы жазу көрінбей қалмасын» деп бірінші партаға отырғызды. Денешынықтыру пәнінде бой-боймен қатарға тұрғызады. Кластағы бойы ең кішкентайы мен болған соң саптың ең соңына тұруым керек. «Ең соңына тұрмаймын, бірінші тұрамын» деп қиғылықты саламын. Апай әйтеуір есебін тауып мені бірінші тұрғызады. Осылайша екінші класқа дейін әкелді. Екінші класта өзімнің де есім кіріп қалды, ненің дұрыс, ненің дұрыс емес екенін әлдебір түйсіктерім арқылы өзім де сезетін болдым. 

Бүгінде әке де, шеше де иті жоқ ауылға көшіп кеткен. Алты жасымда қоярда қоймай «үйрене берсін» деп өзімен бірге интернатқа алып кеткен ағам да жоқ. Өзі екінші класқа өткен жазғы каникулында маған 42 әріпті танытқан, онға дейін санауды үйреткен әпкем де қайтқан… Мектеп директоры болса да… Есесіне алғашқы ұстазым Бибіраба апайым Құдайдың берген ұл-қыздарынан көрген немерелерінің шат күлкісінің ортасында шалқып отыр. Екісі кем сексенде. Жүзге келсін, апайым!

Бибіраба апай бізден кейін қанша шәкірт тәрбиеледі десеңізші! Біздің әйел де үшінші класты Бибіраба апайдың қолында оқыған. 

Кеше ерлі-зайыпты екеуміз апайымызды жаңа оқу жылымен құттықтап келейік деп ауылға тартып кеттік. Тіл-көз тасқа, апайымыз сол ширақ қалпы. Қолдағы бала мен келінге «дайындалыңдар, шәкірттерім келе жатыр» деп қайта-қайта тапсырма беріпті. Өзі үйге бір кіріп, бір шығыпты. Тура анам сияқты бауырына басты, әкем сияқты маңдайымнан иіскеді. Бір-ақ сәтте бала болдым да қалдым. «Сенің амандығыңды газетіңнен біліп отырамын» деді. 

Бала-шағамызды сұрады. Әке-шешем, бауырларым туралы әңгіме айтты. Қоштасарда «мен барда келіп тұрсаңдаршы» деді. Жүрек тағы да шым ете қалды… Тура баяғы бірінші класқа келген кезімдегідей…

Шынында да алғашқы ұстазымызды тым болмағанда жаңа оқу жылының басында және соңында бір құттықтап қоюды ұмытпайық та. Соншалықты қиын шаруа емес, негізі.

 

Абай Балажан,

«Оңтүстік Қазақстан»