Фото: Әйгерім Бегімбет
Құрылысшы – өте жауапты мамандық. Құрылысшылардың еңбегі мен кәсіпқойлығының арқасында жаңа ғимараттар, мектептер, ауруханалар, жолдар салынып жатыр. Қысқасы, бірнеше құрылыс нысандары бой көтеріп, инженерлік, инфрақұрылым, сондай-ақ әлеуметтік саладағы ғимараттардың құрылысы жүргізіліп, халықтың игілігіне беріліп жатыр. Осындай жауапты әрі күрделі жұмысты атқарып жүрген еңбек адамдарының ішінде белі қайысып, орамалы желбіреп, нәзік қолдарымен талай құрылысты атқарған әйелдер де бар, деп жазады Ult.kz.
Нағыз еңбек адамы осындай қара халықтың ішінде, қара жұмыстың арасында жүр. Солардың бірі – екі баланың анасы, құрылысшы Малика Атаева туралы сөз етпекпіз. Маликаның негізгі мамандығы – мейірбике. Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылындағы аудандық аурухананың балалар бөлімінде 14 жылға жуық еңбек еткен. Өмірлік жағдайға байланысты жұмыстан шығып, құрылыс саласына келген.
«Жұмыс ауыр болғанымен, табысы жақсы. Алғашында ештеңе білмеймін, қоспаға суды не көп, не аз құйып қоямын. Терлеп-тепшіп дайындап берсем, сылақшының бірі: «қою» дейді, енді бірі «сұйық» дейді. Шелек болса, ауыр. Қайта кері алып кетемін. Бір жұмысты 10–15 рет істеген кезім де болды. Жылағым келетін. Қайта-қайта дайындап, қолым үйренді. Ал қазір өзім кәсіби сылақшыға айналдым. «Штукатурка» жасаймыз. Бұл да оңай емес, қолымызды көтере алмай қаламыз. Сулы эмульсия жағамыз. Жұмыс істеуге қажет заттың барлығын жанымызға қойып, қабырғаға тор қадап шығамыз. Тор (сетканы) қадаған соң, саңылауларын бітейміз (шпаклевка). Тегістейміз (грунтовка)», – дейді құрылысшы Малика Атаева.
Құрылыс саласының сарапшысы Елена Темникованың айтуынша, құрылыстағы әйелдер туралы бірнеше миф қалыптасқан. Ал бүгінде ондай мифтерді жоққа шығарып жүрген мамандар жетерлік.
«Бірінші миф: «Әйелдер сағат 08.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді, содан кейін клиенттердің проблемаларын ұмытып, үйіне қайтады». Өкінішке қарай, құрылыста жұмыс уақыты, демалыс күні деген жоқ. Нысанды бітіру үшін күн мен түнді, аштық пен тоқтықты таңдамайсың.
Екінші миф: «Құрылыста әйелдерге орын жоқ». Керісінше, құрылысқа әйелдер керек. Олар мұқият және жауапты жұмыс істейді.
Үшінші миф: «Әйелдер құрылыс материалдары ассортиментін ерлер сияқты түсіне алмайды». Негізі, әйел өз жұмысын жақсы көрсе, ол мамандықты ерлерге қарағанда жақсы істейді.
Төртінші миф: «Құрылыс саласында ерлі-зайыптылар бірге жұмыс істей алмайды». Ерлі-зайыптылардың мүдделері ортақ болса, оларда әрқашан сөйлесетін нәрсе болады. Ортақ әңгіме, ортақ таныс, керісінше, бәрі комфорт.
Бесінші миф: «Құрылыста әйелдер ерлерді алмастыра алмайды». 2021 жылдан бастап әйелдерге құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілді. Құрылыстағы әйелдер өз жұмысын 100 пайыз орындайды әрі күнделікті өмірде нағыз әйел қалпын сақтай алады.
Алтыншы миф: «Әйелдер шағымданады және қыңыр». Әйелдер құрылыстың ауыр екенін біледі. Ал қыңырлық кез келген салада әйелдерге тән болуы мүмкін. Ол енді мінезге байланысты», – дейді Елена Темникова.
Ал құрылысшы Малика Атаева әйелдің жұмысы, еркектің жұмысы деп бөліп қарамайды. Қолынан келсе, барлығын істеуге дайын. Ол бүгінде Астана, Алматы, Шымкентте мектеп пен балабақша, көпқабатты үй мен жеке ғимараттардың ішін әрлеген. Сонымен қатар 5, 7, 12 қабатты үйлерді тапсыруға үлес қосқан. Малика бүгінде құрылыста әйел-қызметкерлердің көбейгенін де жасырмайды.
«Нысанды бітіріп тапсырғандағы сезім өзгеше. Бір жанның үйіне ертерек кіруіне үлесімді қосқаныма қуанышты болып тұрамын. Сол біткен объектіні көргенде барлығына мақтанышпен қарап, көкірегіме «мен бұл жерде істегенмін» деген жылу ұялайды. Құрылыста жұмыс істеу оңай емес, расында, отбасыма, балаларыма көңіл аз бөлініп қалады. Дегенмен сол балаларымның болашағы жарқын болуы үшін, ешкімнен кем болмас үшін жұмыс істеп жүрміз», – дейді Малика.
Ақшасы жақсы болғанымен, денсаулыққа келер зияны да аз емес.
«Қоспаны араластырғанда шаң-тозаң мұрнымызға кіріп, ауамен өкпеге барады. Бұл да химиялық заттар ғой. Өкпеміз толып, жөтеліп қаламыз. Сонда да жұмыстан қашпаймыз, «әйелдің қырық жаны бар» деп бекер айтпайды ғой. Әйтеуір, осы талмай еңбектенуіміздің нәтижесінде жақсы табыс тауып, үй салдық, машина алдық. Кейде бір айлыққа қарап, кредитке батып, қиналғанша, ауыр да болса осы құрылыс саласы дұрыс па деп ойлаймын», – дейді Малика.
Құрылыстың ауыр саласында еңбек етіп жүрген әйелдердің қатарында смета инженерлері, ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысатын бригада басшылары, энергетиктер, экскаваторшылар тағы басқалар бар.