21 қаз, 2024 сағат 22:30

Еңбек адамы: Күбі жасайтын шебер

 

Фото: okg.kz


Төлеби ауданындағы Қасқасу ауылының тұрғыны Жүніс Керімқановты жерлестері ағаш ұстасы ретінде жақсы таниды. Ол кісінің жасаған күбісіне еліміздің барлық облысынан сұраныс түсіп жатады.

 

Биыл пайғамбар жасына толатын Жүкең жас кезінде тоғыз жыл жиһаз шығаратын фабрикада жұмыс істеген екен. Қазіргі кәсібіне сол кездегі тәжірибенің көмегі көп болған көрінеді. Негізі оның мамандығы – суретші. Соған сай біраз жыл мектеп, балабақша, балалар лагері мен түрлі мекемелерге тапсырыспен сурет салып, безендірумен айналысқан. «Суретті екі қолыммен де сала беремін» дейді өзі. Он жылдан астам уақыт отбасын осы кәсіппен асырап келген азамат колхоз-совхоз тараған тоқырау тұсында суретшінің ешкімге керегі болмай қалғанын айтады. Сонда жас кезде үйренген кәсібі кәдеге асып, күбі жасауды қолға алыпты. «Еңбек – бәрін жеңбек» деген емес пе? Ағаш өнері мен ұсталықты бір кісідей білетін, тәп-тәуір меңгерген ол күбі жасауға барын салады. Сөйтіп төзім мен шыдамдылықты серік етіп, тынымсыз әрекетін тәжірибемен ұштастырған суретші Жүніс соңында ағаштан түйін түйген шебер Жүкең атанады. Оның қолынан шыққан дүниеге бүгінде өзіміздің облыс тұрғындарымен қатар Қарағанды, Ақтау, Атырау, Жезқазған секілді шалғай қалалардан да тапсырыс түседі екен. Өзінің айтуынша, өзге облыс, алыс қалалардан телефон арқылы тапсырыс берген кісілерге күбіні пойыз арқылы салып жіберетін көрінеді. Ал, жақын төңіректегілер өздері алып кетеді.


«Мал шаруашылығымен айналысатын қазақ халқы үшін күбі таптырмайтын дүние. Қымыздың бабына келіп ашуы да, ағарғаннан сары майды тез айырып алу да күбіге байланысты. Соңғы кездері елімізде қымыз бен шұбатқа сұраныс артып келеді. Сондықтан күбіге тапсырыс берушілер де көп. Қазір «күбіме мотор қойып бер» дейтін қандастарымыз да бар» дейді ағаш шебері. 


Жүкең бір күнде он күбіге дейін жасайды екен. Дегенмен, оның толық дайын болуы үшін кемі бір ай уақыт кететінін айтады. 


«Әдетте, күбіні қайың, балқарағай, емен ағаштарынан жасайды. Емен мен балқарағай ағаштары тығыз, өте қатты, төзімді болады. Су тиген сайын қатая түседі. Ал, қайың ағашынан жасалған бұйым әдемі көрінеді.
Мен күбіні негізінен арша ағашынан жасаймын. Аршадан жасалған күбі сусынның дәмін бұзбай, ұзақ сақтайды. Ыстық күнге қаңсымайды. Күбіні жасап болған соң жуып, кептіріп, жылқының, қойдың майымен сылаған дұрыс. Оны ыстай білу де шеберлікті талап етеді. Дұрыс ысталған күбі қымызының дәмі тіл үйіреді, хош иісі болады» дейді Жүкең.


Біз шеберді қызу жұмыс үстінде жолықтырдық. Анадайда үлкенді-кішілі күбілер көзге түсті. Әрқайсысының дайын болуын күтіп жүрген иесі бар екенін естідік. Кейбіреулер бірден екі-үш күбіге тапсырыс беретін көрінеді. Көлемі кішкентай күбіге он бес литр сусын сияды екен. Содан ары қарай тапсырысқа байланысты орта, үлкен күбілер қатарласа сап түзеп тұр. Бағасын сұрадық. Көлеміне байланысты, ең арзаны 20-30 мың теңгеден басталатынын білдік.


Күбі ғана емес, Жүкең ағаштан кез-келген бұйымды – есік, терезе, үстел, оқтау-тақтай дейсіз бе, тіпті балтаның сабына дейін жасай береді. Соған қарай алдынан адам үзілген емес. Шебер бұған дейін ағашты қолмен жонып жүріпті. Кейін 3 пайыздық жеңілдікпен несие бұйырып, шағын станок сатып алады. Шеберханасы да шағын. Бірақ, шағын шеберханадағы шағын станоктың атқаратын жұмысы көп: үлкен бір ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып, қала берді Қазақстанның түкпір-түкпірінен түскен тапсырыстарды орындайды.


«Ел ішінде ұлттық нақыштағы астау, табақ, қымыз, сорпа ішетін кесе секілді бұйымдарға сұраныс жоғары. Әрі бұл жұмыс өзіме де ұнайтын болған соң әр тапсырысқа ерекше мән беремін. Қолымнан шыққан бұйымдарға өзіндік өрнек түсіріп, ерекше етуге тырысамын. Ол тапсырыс берушілердің де көңілінен шығады, тіпті бірінен бірі естіп, алыс аймақтардан арнайы ұсыныс айтатындар да бар» дейді Жүніс Керімқанов.


Кейіпкеріміз алдағы уақытта жаңа шеберхана ашуды көздеп отыр. Оған, әрине, қаражат керек екендігі түсінікті. Атакәсіпті арқау еткен шебер бұл ретте мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін жеңілдетілген несиеден үмітті. Ойға алғаны орындалып жатса, ағаштан ұлттық ою өрнектелген күнделікті тұрмысқа қажетті нешетүрлі бұйымдарды көптеп шығаруды көздеп отыр. 

 

Қайсар Шерім,

«Оңтүстік Қазақстан».