21 қаз, 2024 сағат 22:36

Еңбек адамы: Әсемдікке әуес адамнан жамандық шықпайды

 

Фото: okg.kz

Таяуда жолымыз түсіп Келес ауданына бардық. Ораз ата ауылына кіреберістегі Болашақ көшесінің бойында бір үйдің ауласындағы алқызыл гүлдер анадайдан көздің жауын алып, еріксіз назарымызды аударды. Әлі асфальт төселмеген шаң жолдағы әсем көрініс бейнебір жапан даладағы жалғыз гүлзар сияқты.


«Әсемдік әркімнің өзі үшін керек. Көшеміз шаң екен деп біз де қоқысқа белшемізден батып отыра бермеуіміз керек қой. Тазалық ең алдымен адамның өзіне қажет. Мен үшін таңертең ерте тұрып, ауладағы гүлдерге су сеуіп, оның сұлулығына тамсанудың әсері бөлек» дейді ауылға сұлулық сыйлап тұрған әсем ауланың иесі Меңсұлу Малдыбаева. 


Меңсұлу Шәженқызының айтуынша, гүл әсемдік сыйлап қана қоймайды, сонымен бірге ауланы шыбын-шіркейден де қорғайды.


«Біздің ауламызда маса болған емес. Есесіне гүлдің жұпар иісі аңқып тұрады. Көршілеріміз де гүлдің керемет иісі сезілетінін айтады. Гүл өскен жерде шыбын-шіркей, маса болмайтынына өзім де таң қалдым. Кешке таман көшеге шықсаң кейде масаның көптігінен көз ашып жүре алмай қаласың, ал, біздің аулада ешқашан ондай болған емес. Қайта аулаға кіргеннен өзіңді жеңіл сезініп, тынысың ашылып сала береді. Жалпы, гүлдің кереметін оны өсірген адам ғана біледі» дейді ол.


Иә, дала гүлдерін айтпағанда, кішкентай бөлме гүлдерінің өзі ондағы жағымсыз көмірқышқыл газын өзіне сіңіріп, ауаны оттегімен толтырады. Қыста үйде жылу жүйесін қолданғандықтан ауа құрғап кетеді. Ал, гүлдер үй ауасын ылғалдандырады. Олар тұрмыстық техника мен құралдардан бөлінетін электромагнитті сәулелерді өзіне сіңіреді. Сол арқылы адамның әлсіреуі мен бас ауруына жол бермейді. Халық арасында бөлме гүлдері адамға бақыт, тыныштық, байлық және сүйіспеншілік әкеледі деп сенім бар.


Бала кезден бөлме гүлдерін өсіруге әуес болған Меңсұлу әр гүлдің қасиетін де жатқа біледі.


«Анам Жарылқасын бізді жастайымыздан тазалыққа, әсемдікке үйретті. Бөлме гүлдерін өсіру біздің бала кездегі ең жақсы көретін жұмысымыз еді. Ата-анамыз мұғалім болғандықтан бізге үнемі «Әсемдікке әуес болыңдар, сұлулықты, тазалықты жақсы көретін адам ешқашан жамандыққа үйір болмайды» деп отыратын. Содан біз гүл өсіруге әуес болдық. Сіңлім Үржан екеуміз бөлменің бәрін гүлге көмкеріп тастаймыз. Бүгінде ол Астанада тұрады, мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Көпқабатты үйде тұрса да гүл өсіреді. Бөлмесіндегі алқызыл гүлдер мен жасыл желектен жаның рахат сезімге бөленеді» дейді Меңсұлу Малдыбаева.   


Бөлме гүлдерінен бөлек, ауладағы алқызыл гүлдердің де бізге беймәлім сырлары көп екен. Әрқайсысына жеке тоқталып, таныстырып жүрген Меңсұлу Шәженқызын кәсіби флорист дерсің.


«Мына гүлдің аты – Фикус. Бұл айналадағы шаңды өзіңе тартып, ауаны тазалайтын қасиетке ие. Күнде таңертең аздап су сеуіп, бетіндегі шаңын кетіремін, кешке тағы шаң толып қалады. Сөйтсек, ауадағы шаңды өзіне сіңіріп алады екен. Ал, мынаны көпшілік «Герань» деп атайды. Қазақшасы – қазтамақ. Иісі өткір, анадайдан сезіледі. Адамның ұйқы бұзылуын реттейді әрі бактериялармен күреседі. Гераньның адам жанымен егіз екені сонша, бірер күн тұмауратып ауырып қалсаң бұл гүлден де маза кетеді. Егер гүл қурап қалса, демек үйде біреу ауырып жатыр деген сөз. 
Қалампыр гүлінің басқа гүлдерге қарағанда ерекшелігі – тез бейімделгіш. Мысалы, бір аулада тұрған жерінен көшетін алып келіп ексеңіз, сіздің аулаңызда мүлдем басқаша болып өсуі мүмкін. Яғни жаңа «қонысына» қарай құбылады. Сөйтсек, мұның түп атасы үш жүз түрден тұрады екен. Бойындағы «қанына» қарай әр кезде, әр жерде әртүрлі болып өседі. Бүгін басқаша болып тұрады да араға бірер ай салып мүлдем басқа түрге енуі мүмкін. Қалампырды жекелеп те, топтап та егіп, көгалдандыруға пайдаланады. Бау-бақтарда кереметтей гүл шоғырларын жасауға болады. Ғалымдар бұл гүлдің үш жүз түрі бар екенін анықтағанымен, аулада жетпіске жуық түрі ғана өседі. Қалғандары қолға үйреткенге көнбейді, яғни далалы жерде еркін өскенді ұнатады. Бірақ, қолға үйретілгені тез гүл ашады» деген Меңсұлу әпке тағы бір гүлді біраздан бері зерттеп жүргенін айтты. 


«Біз әдетте гүлді нәзіктіктің, сұлулықтың символы деп жатамыз. Бірақ, қар жауып, боран тұрса да қасқайып тұра беретін гүлдер бар. Интернеттен іздеп көрсем, бұл гүлдің аты «Бақытгүл» екен. Мұның гүлдеуі басқа гүлдерге ұқсамайды. Көп гүлдер көктем, жаз айларында ғана гүл жарады да, күзге қарай солып қалады. Гүлдері қурап түседі. Ал, бақыт гүлі ондай емес. Жаздың соңынан бастап күз айларын толық гүлдеп өткізеді. Қар жауған қарашада да, суық ұрған қыстың алғашқы айларында да гүл жарып тұрады. Осы қасиетіне қарап қазақ бұл гүлді «қайсар гүл», «қасиетті гүл» деп те атайды. Қайсарлығы құдды қазақ қызына ұқсайды».


Меңсұлу әпкемен әсем гүлдерді аралап жүріп тағы бір қызыққа кенелдік. Көзі мөп-мөлдір марғау анадайда гүлдерді қызықтап ойнап тұр екен. Әдемі көріністі қалт жібермей суретке түсіріп алмақшы едім, қанша дегенмен мысықтың баласы емес пе, жалт беріп қашып кетті. Өзімді хайуанаттар бағында жүргендей сезінген мен Меңсұлу әпкеге мысықтарыңыз да әдемі екен деп едім, «Әдемі ғана емес, ақылды да» деп қосып қойды. Сөйтсек, әпкеміз гүл өсірудің хас шебері ғана емес, үй жануарларын өсірудің де нағыз маманы болып шықты. Ауланың әдемілігіне, тазалығына қарап мұнда тауық, үйрек, қой-ешкі жоқ десеңіз қателесесіз. Мұның бәрі де бар. Ал, мал қора жақта байлаулы тұрған ит «тұр», «отыр», «жат» деген бұйрықты бұлжытпай орындап, ақырында иесінің «өл» дегенін естіп басын сылқ етіп тастай салды. Ит екеш иттің сөз түсініп, бұйрық орындаған тілалғыштығы мен ақылды боларына таң қалдым. 


Аман Жайымбетов, 

«Оңтүстік Қазақстан».