Фото: okg.kz
Келесбайдың атасы Жұмағұл бұрын Қазығұрт ауданындағы «Қызылтаң» колхозының тау бөктеріндегі Көктөбе деген жерінде тұрған екен. 1952 жылы Жұмағұл ақсақал сол жақтағы үш отбасын Келес ауданының «Келес» кеңшарына қарасты Бірінші мамыр ауылына көшіріп әкеліп, ағайындар арасына қосылыпты. Сол тұста 1954 жылдың сәуір айында туған нәрестенің есімін ағайындармен қайта табысудың құрметіне Келесбай деп қойған екен. Бұл жер мақталы мекен болғандықтан тау бөктерінде тұрып үйреніп қалған Келесбайдың әке-шешесі мен сол жақтан ілесе келген ағайындар жерсіне алмапты. Сөйтіп, Жұмағұл бабасы қайтыс болған соң үш отбасы Қазығұрт ауданындағы «Қызылтаң» колхозы, қазіргі Қақпақ ауылына қайта қоныстанады.
Келесбай 1971 жылы осы ауылдағы жалпы орта мектебін жақсы тәмамдап, Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түсуді армандады. Өйткені, зерек бала ауылдағы ауруханаға барған кезде дәрігерлердің жұмысына, жүріс-тұрысы мен аппақ халатына сырттай қатты қызығатын. Сол тұстағы аурухананың бас дәрігері Сүйіндік Мықтыбеков өте бір кішіпейіл, көпшіл, елгезек жан еді. Ол Келесбайды өзіне жақын тартып: «Егер болашақта дәрігерлік мамандық алып шықсаң, өзіңнің туған ауылыңа, осы ауруханада қызмет етуге кел! Бұл мекеменің болашағы зор, бізде дәрігер мамандар жетіспейді» деп айтқаны есінен шықпайды. Содан «болашақта дәрігер болсам, өз ауылымдағы аруханаға келіп жұмыс істесем» деген бір тәтті қиял кеудесіне ұялаған. Сөйтіп, үлкен тәуекелмен Қарағанды медициналық институтына құжат тапсырады. Жолының болғаны шығар, Оңтүстіктен келіп осында оқып жүрген алтыншы курс студенті Берік Торғауытов деген ағасымен танысып қалады. Ол үздік студент болса керек, мұндағы қабылдау комиссиясында хатшының көмекшісі болып жұмыс істеп жүр екен. Соның айтуымен институттың санитарлық-гигиеналық факультетіне құжат тапсырады. Абырой болғанда сынақтардан мүдірмей өтіп, студент атанады. Сөйтіп, осы мақтаулы оқу орнында алты жыл білім алады. 1977 жылы қолына диплом тиіп, сол кездегі тәртіп бойынша арнайы жолдамамен Оңтүстік Қазақстан облысына қызмет етуге келді. Еңбек жолын Леңгір аудандық санэпидстансасына дәрігер-эпидемиолог болып бастады. Аудандық санэпидстансасының бас дәрігері Құрбан Ахметов жас маманға зор сенім артады. Алғашқы жарты жылдан соң бөлім меңгерушісі етіп қызметін жоғарылатады.
– Қызметке қызу араласып, көзге түсе бастаған сәтімде, 1979 жылы бас дәрігер Құрбан Ахметов мені кабинетіне шақырып алды, – деп еске алады кейіпкерім сол күндерді. «Бізге Денсаулық сақтау министрлігінен маңызды хабар келді. Танысып шық» деп қолындағы хатты ұсынды.
Сөйтсем, алдағы 1980 жылы еліміздің астанасы – Мәскеу қаласында бүкіләлемдік ХІІ жазғы Олимпиада ойындары өтетін болыпты. Соған байланысты Одақтың астанасына барып қызмет көрсететін жас эпидемиолог маман керек екен. Осыған орай Қазақстан бойынша конкурс жарияланыпты. Бас дәрігерім маған: «бәсекеге түсіп, бағыңды сынап көрсең қалай болады?» деген пікірін айтты. Мен әрине, қуана келісімімді бердім. Тәуекел деп қажет құжаттардың бәрін тиісті жерге жіберіп, хабарын күттім.
«Барлық құжат дайын, енді Олимпиадаға жол ашық» деп қуанып жүрген Келесбай екінші және ең басты тексерудің күтіп тұрғанын білмепті. Бұл КГБ тексеруі еді. Не керек, түп-тұқияннан өзіне дейін сүзгілеген бұл сынақтан да ойдағыдай өтеді. Республика бойынша СЭС саласынан Мәскеудегі Олимпиадаға қызмет көрсетуге небәрі үш-ақ орын бөлініпті. Соған байланысты әр облыс бойынша іріктеуден сәтті өткен 15 үміткер Алматыға жиналып, тағы да комиссияның сүзгісінен өтуге тиіс еді. Комиссияға Денсаулық сақтау министрінің орынбасары – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Яков Аркадьевич Клебанов төрағалық етеді. Леңгірлік маман барлық сұраққа толыққанды жауап береді. Ертеңіне министрдің қабылдауына кіреді. Сонда байқағаны, өзі және Қарағанды, Көкшетау облысынан үш үміткер ғана қалған екен. Үміткерлерді Клебановтың өзі министр Төрегелді Шармановқа ертіп кіріп: «осы үшеуі Олимпиадаға баруға лайықты кандидатура болды» деп жай-жапсарды түсіндіреді.
– Сонымен 1980 жылдың маусымында Мәскеуде болдық, — деп әңгімесін жалғады Келесбай Жұмағұлов.
– Бүкіл одақ бойынша келген дәрігерлер атқаратын міндеттерімізді белгілеп, бөлісіп, алдын-ала түзілген бағдарлама бойынша жүктелген барлық тапсырмаларды абыроймен атқарып шықтық. Соңында мен Олимпиада комитетінің Алғыс хатын алдым. Осылайша үш ай бойы тынымсыз қызмет етіп, енді елге оралатын тұста Мәскеудегі Одақтық Денсаулық сақтау министрлігіне кіріп, іссапар бойынша тиісті құжаттарымды рәсімдеп жатқанда ондағылардың бірі маған:
– Осында қалып, біліміңді көтеруге қалай қарайсың? Өйткені, сіздің атыңызға жазылған мінездемелер мен басқа да мәліметтер біздің қызығушылығымызды тудырып отыр, – деді.
– Егер білімімді көтеруге мүмкіндік болып жатса, қалуға әрине, ықыласым бар, – дедім мен.
– Біз сіздердің Денсаулық сақтау министрліктеріңізбен келістік, сізге рұқсат беріп отыр. Бізде екі жылдық арнайы клиникалық ординатура бар, соны шет тілінде екі жыл оқып бітірген соң шетелге іссапармен барып қызмет етуге қалай қарайсыз? – деді. Мен ойланбай келісімімді бердім.
– Онда сізге мекенжайды берем, сол жердегі институтқа барасыз, ондағылар мән-жайды түсіндіріп айтады, – деді.
Ертеңіне айтқан мекенжай бойынша барсам, ол жер – КСРО Денсаулық сақтау министрлігі Е.И.Марциновский атындағы Мәскеу медициналық паразитология және тропикалық медицина институтының екі жылдық арнайы клиникалық ординатурасы екен. Оларға осындай министрліктің айтуымен келіп отырмын дедім. Олар да алдын-ала хабардар екен, тиісті құжаттардың бәрін бір күннің ішінде рәсімдеп тастады. Тамыз айы еді, КСРО Ғылым академиясының жатақханасына жолдама берді. Сонда жайғастым. Сөйтіп екі жылдық институттың арнайы клиникалық ординатурасына тыңдаушы ретінде бұйрықпен қабылдандым...
...Келесбай Боранбайұлы Жұмағұлов өзінің іскерлігі мен білімдарлығынының арқасында биік белестерге көтеріліп, елдің абыройлы азаматы атанды. Атап айтқанда, 1986-1992 жылдары Шымкент облыстық санэпидстансасында бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары, 1992-1999 жылдары Шымкент қаласы санэпидстансасының бас дәрігері, 1999-2003 жылдары Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, 2003-2005 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы, 2005-2010 жылдары облыстық СПИД-тің алдын алу және онымен күресу орталығының бас дәрігері, 2010-2018 жылдары ҚР ДСМ СЭҚК «Оңтүстік Қазақстан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» РМҚК Ордабасы ауданы бойынша филиалының директоры болып еңбек етіп, талапшыл, шыншыл мінезімен көпшіліктің жылы ықыласына бөленді.
2018 жылы құрметті зейнеткерлік демалысына шыққаннан кейін де ұзақ жылдар бойы еңбек еткен саласынан байланысын үзбей, «Қоғамдық денсаулық және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі қызметі «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, 2021 жылдан Шымкент қаласы, әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі және төрағаның орынбасары қызметінде жүр.
Облыс, қала халқының денсаулығын сақтауға қосқан үлесі лайықты бағаланып, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы «Ұлттық медицина Ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Алтын дәрігер» төсбелгісімен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің және ОҚО мәслихатының грамотасымен, Шымкент қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, «Ордабасы ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Әл-Фараби ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
Үлгілі жанұяның отағасы аяулы жары Оразкүл екеуі екі ұл, бір қызынан тоғыз немере сүйіп, солардың қуанышына кенеліп отыр.
Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.