Фото: Gov.kz.
Түркістан облысы Бәйдібек ауданында дүниеге келген Талғат Юсупов Кентау қаласында 37 жылға жуық бір мекемеде жұмыс жасап келе жатыр. Оның табанды жұмысына қарап, нағыз еңбек адамы екенін анық айта аламыз, деп хабарлайды Ult.kz.
Кейіпкеріміздің ата-анасы жұмыс бабымен Кентау қаласына қоныс аударған. Талғат Нуридинұлының ата-анасы еңбек жолымен қаладағы №5 Жылу энергия орталығына орналасқан. Ата-анасының ізімен бүкіл ұл-қызы осы мекемеде еңбек етеді. Талғат Нуридинұлы мектеп табалдырығын аяқтаған бойда №5 Жылу энергия орталығына «Отынмен жабдықтау бөліміне» жүк тасмалдаушы болып қабылданған. 1992 жылдан бастап 1997 жылға дейін аталмыш мекеменің «Қазандық турбиналық цехының» слесарьі болып қызмет етуді бастаған. 2007-2008 жылдары машинист, 2009-2011 жылдары қайта «Қазандық турбиналық цехының» слесарьі болып жұмыс жасаған. 2011 жылдан бастап №5 Жылу энергия орталығының «Орталықтандырылған жөндеу цехының» аға шебері қызметінде қазіргі таңға дейін жұмыс атқарып келеді.
«Ұзақ жылдан бері бір мекемеде жұмыс істеп келемін. Себебі, ата-анам, бауырларымда осы мекемеде жұмыс жасаған. Өзіме ұнайды. Жүз мыңнан аса халыққа жылу тарату үлкен еңбек. Мен өз еңбегіммен мақтанамын. Әр адам өз еңбегіне адал болып, соны соңына дейін жеткізу қажет. Жұмыс ауыр күшті талап етеді. Оған төзімділік пен сабырлық қажет. Жас мамандарға да соны айтамын», –дейді еңбек адамы Талғат Нуридинұлы.
Жұбайымен отандасқанына 20 жылдан асқан. 5 ұл-қыздың ата-анасы. Бүгінгі таңда ұлдарында осы техника саласына еңбек етуге дәріптеуде.
«Бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, менің ойымша, таза жұмыс істейтін адам. Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адамды еңбек адамы деп есептеймін. Ол – дихан бола ма, ол – малшы бола ма, ол – жазушы бола ма, ол - өнер адамы бола ма, актер бола ма, бәрібір. Ол маңдай терін салып жұмыс істеуі керек. Шығармашылық дарынды, талантты болуы керек. Өкінішке қарай, бізде еңбек адамдарын осы жағынан бағалау жетіспейді. Бізде кімнің тамыр-танысы көп, соның жолы болғыш. Кім пысық болады, соның жағдайы жақсы. Ал турасын айтсақ, еңбек адамы деген тек қана диханды, шопанды ғана білдірмейді. Еңбек адамы деген кез келген салада болу керек. Мен балаларымның қай салаға барса да адал еңбек еткенін тілеймін», – дейді Талғат Юсупов.
Еңбек адамы – ел тірегі. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген Талғат Юсуповтың еңбегі көпке үлгі. Қала тұрғындарын қыс бойына сапалы жылумен қамту бағытында, ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда мақтанышымызға айнала бермек.
«Қазір зауыт-фабрикалар жоқ. Бұрын зауыт-фабрикалар көп еді. Ол зауыттарда қандай азаматтар еңбек ететін еді. Мал шаруашылығы кең етек алған еді. Мал шаруашылығы мемлекеттің қарауында болатын. Сол кезеңдер өтіп кеткеннен кейін, «мен саған, сен маған» деген принцип етек алды. Сол принциптен арылмай, еңбек адамдарын құрметтей де алмаймыз, еңбек адамдарын шығармамызға арқау ете де алмаймыз. Біздің қазіргі трагедиямыз сол. Ал одан қашан арыламыз? Сондай бір кезең туа қалса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді кейіпкеріміз.
Еңбек адамы деп өзінің кәсібін терең меңгерген адамды айтуға болады. Ол - дәрігер, мұғалім, фермер, кәсіпкер т.б. Елбасы өз еңбегінде еңбек адамын, адал кәсіп, адал нәсіп тауып жүрген жандарды кеңінен насихаттау туралы орынды сөз қозғады. Біз негізінен капиталистік жолды таңдаған мемлекетпіз. Алайда, Конституцияда Қазақстанның әлеуметтік бағдарланған мемлекет екендігі де айтылған. Еңбек адамының еңбегі немен өлшенеді? Қалай бағаланады? Капиталистік өмір заңдылығында ол тек материалдық құндылықтармен өлшенеді.
Еңбек дегеніңіз – қозғалыс. Ойлап қарасаңыз мына өмірде еңбексіз адам болмайды. Егер адам ешқашан еңбектенбесе онда сөзсіз аштан өлер еді. Сондықтан жер бетіндегі тіршілік етіп жүрген адамның барлығын еңбек адамы деп айтса болатындай. Бірақ біздің түсінікте белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарайтын секілдіміз. Шын мәнісінде табысы аз болса да сонымен күн көріп жүрген қаншама жандар бар. Олардың да істеп жүргені еңбек. Тек бір адамдарда ми еңбегі, ой еңбегі басым болса, енді біреулері керісінше физикалық тұрғыдан көп қимылдап, күннің ыстығы мен суығына қарамай еңбек етіп жүреді.
Сондай-ақ дәрігер, мұғалім, фермер, кәсіпкер секілді белгілі бір маман иелерін де еңбек адамы деп айтуға болады. Егер біздің қоғамда еңбек адамдарының еңбегі нәтижесіне қарай әділетті бағаланатын болса, қоғамда үлкен серпіліс болар еді. Мемлекеттік қызметкерлерге де солай жасау керек. Ұрлықсыз-қарлықсыз, пара мен жемқорлықсыз Қазақстан мемлекеті үшін адал еңбек еткен мемлекет қызметкерлеріне еліміздің шұрайлы жерлерінен арнайы мүкаммал, яғни үй-жайымен, қора-қопсысымен тұратын қоныс беру керек. Өз ісіне адалдық танытқан мемлекеттік қызметкерлердің ұрпақтарына мемлекет тарапынан оқуға түсуде, басқа да салаларда әлеуметтік жеңілдіктер жасалуы тиіс. Сонда адамдарда ертеңгі күнге деген сенімділік болады. Жемқорлықтың жолы кесіледі. Қазақстан өзге де өркениетті мемлекеттер тәрізді дамудың дұрыс жолына түсер еді.