Жалпы орфографиялық сауаттылыққа үйрету дегеніміз – орфографиялық дағдыларды қалыптастыру деген сөз. Дағды дегеніміз – қандай да бір мақсатқа бағытталған адам әрекетінің автоматтандырылған компоненті. Орфографиялық дағды дегеніміз – алдымен саналы әрекет түрінде қалыптасып, кейін автоматтанатын іс-қимыл [1].
Балаларды сауатты жазуға үйрету әдістемесінде орфографиялық дағдыларды қалыптастыру жолдары туралы мәселе әртүрлі шешілді, себебі әдіскерлер орфографиялық дағдылар табиғатын әртүрлі түсінді. Алғашқы әдіскерлер ретінде танылған ғалымдар орфографиялық дағдыны саналы түрде дамыту позициясын ұстанды, яғни олар дағды механикалық емес, саналы әрекеттердің нәтижесі ретінде туындайды деп санады. Олардың ойынша, орфографиялық дағдыға төселуден бұрын білім алушылар дағдының негізін құрайтын грамматикалық білімді меңгереді, яғни, дұрыс жазуға үйрету үшін осы әрекетті толықтай саналы түрде сіңдірту қажет. Орфографияны меңгеру – саналы үдеріс, сондықтан тілдік материал ерекшеліктері мен білім алушының күрделі ойлау әрекеті арасында тығыз байланыс бар. Орфографиялық дағды – дағдының ерекше түрі, бұл – күрделі сөйлеу дағдысы. Ол ұзақ жаттығулар барысында қалыптасады. Емле әрекеттері баяу автоматтанады, ал автоматтану уақыты орфограмманың күрделілігіне байланысты. Мектепте орфографиялық дағды оқушының жас ерекшеліктері мен дайындық деңгейін, дидактиканың басты қағидаттарын есепке ала отырып, белгілі жүйе бойынша жүргізілетін ұзақ жаттығулар нәтижесінде қалыптасады.
Психологтардың зерттеулеріне сүйенсек, орфографиялық дағды механизмі ассоциациялық байланыстардың (адам санасында бар оқиғалар, құбылыстар мен фактілер арасындағы заңды байланыстар, олар жады арқылы бекиді) түзілуі сияқты қалыптасады. Мысалы, сөзді дұрыс жазу кезінде ассоциациялар желісі былайша түзіледі: сөзді немесе сөйлемді есту-айту арқылы қабылдау – сөздің лексикалық және грамматикалық мағынасын түйсіну – көзге елестету – жазу реакциясы.
Психологиялық әдебиетте білім алушылардың оқу іс-әрекетіндегі дағдылары мен біліктері арасындағы байланысқа қатысты көзқарас әртүрлі. Көптеген психологтар мен әдіскерлердің түсіндіруінше, дағдылар біліктер негізінде қалыптасады, басқаша айтқанда, білік автоматтанып, дағдыға айналады [2]. Біріншіден, орфографиялық дағды әріпті жазу дағдысы, сөзді фонетикалық тұрғыдан талдау, оның морфемдік құрамын анықтау, орфограмманы табу, оның түрін анықтай алу дағдысына негізделеді. Екіншіден, фонетикалық дағдыларға орфограмманы тану, оның түрін анықтау, яғни оны белгілі бір ережемен байланыстыру, ережені қолданып, соған сәйкес жазу, орфографиялық тұрғыдан өзін-өзі бақылау кіреді.
Дағдының психологиялық табиғатына сүйенсек, дағды қалыптасу барысында саналы әрекеттер жүйесі түрінде көрінеді, ал қалыпасқаннан кейін күрделірек әрекеттің автоматтанған түрі ретінде өмір сүреді. Осылайша, қалыптасқан орфографиялық дағды ойды жазбаша түрде сәтті жеткізудің тәсілі болады.
Орфографиялық дағдының қалыптасуына білім алушылардың орфоэпиялық дұрыс ауызша сөйлеуін тиісті деңгейде дамыту әсер етеді. Осы ретте білімді, білікті, дағдыны меңгерту білім алушылардың таным әрекетін басқару жүйесі ретінде түсініліп, оқыту үдерісі кезінде жүретінін ұмытпау керек. Білім, білік, дағды осы әрекеттің мақсаты (нәтижесі) ретінде көрінеді.
Орфографияны оқыту әдістемесі деп білім алушыларда орфографиялық біліктер мен дағдыларды қалыптастыру үдерісін айтамыз. Орфографияға оқытудың басты мақсаты – орфографиялық сауаттылықты қалыптастыру, яғни сөзді жазу кезінде әріптер мен әріптік емес графикалық құралдарды қабылданған емле ережелеріне сәйкес қолдана алу машығы [3].
Орфографияны оқыту барысында оқытушы бірқатар лингвистикалық ұғымдарға сүйенеді. Солардың ішіндегі маңызды ұғымның бірі – орфограмма. Орфограмма дегеніміз – сөзді белгілі орфографиялық ережеге сәйкес жазу. Орфографияны оқыту кезінде көздағды, көзшалымды қалыптастыру басты міндет, яғни білім алушы жазуға берілген немесе жазылып қойған мәтін ішінен орфограмманы айрықша белгілері арқылы көзбен жылдам шала білуі тиіс. Орфографиялық ережені – қандай да бір орфограмманы таңдаудың шарты көрсетілген қысқаша нұсқаулық деуге де болады.
Орфографиялық біліктер мен дағдыларды қалыптастыру кезінде есту, көру, сөйлеу және моторикалық жадылар қатысады. Есту жадысы фонемалар мен морфемаларды есту арқылы есте сақтауға бағытталған. Жазылым, яғни фонемаларды әріп арқылы жазу кезінде жүзеге асырылады. Сабақтарда бұл үшін түрлі диктанттар жүргізіледі. Көру жадысы есту арқылы жазу және көшіріп жазу кезінде көрініс табады. Сөйлеу жадысы сөздерді дауыстап буынға бөліп айтуға сүйенеді, осының нәтижесінде сөйлеу органдары бұлшық еттерінің қозғалыс арқылы сөздің фонемалық құрамы бекітіледі. Моторикалық жады бір сөзді бірнеше рет жазу кезінде көрінеді. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, емле ережелерін үйрету кезінде орфографиялық жадының осы айтылған барлық түрін есте ұстау қажет.
Орфографияны үйрету практикалық, теориялық және теориялық-практикалық оқыту әдістерін қолдану арқылы жүргізіледі [4]. Орфографияны теориялық тұрғыдан үйрету әдістеріне сөз құрамына дыбыстық-әріптік және морфемдік талдау жасау, орфографиялық ережені шығару, сұрақтарға жауап беру, шығарма жазу сияқты және т.б. жазылым жұмыстары жатады. Орфография бойынша теориялық материалды игеру кезінде жалпылама ереже шығару әдісінің маңызы үлкен, бұл кезде білім алушы берілген мысалдар, схемалар, кластер т.б. арқылы ережені өзі шығарып, орфографияны жүйе ретінде түсінуіне мүмкіндік жасалады. Орфографиялық ережені игеру кезінде жұмыстың білім алушылардың өздері жалпылама ереже шығаруы, ережеге қоса оны қолдану тәсілдерінің алгоритмін беруі, қолдану тәсілін практикалық түрде орындауы, жаңа ережені нақты айтылым жағдайында, яғни жаңа үйренген орфограмманы бұрын білетін орфограммалармен бірге қолдануы сияқты түрлерін орындатқан дұрыс. Мысалы, Ш.Шаяхметов ұйымдастырған латын жазуы мен емле ережелерін үйрететін тренерлерді даярлау курстарында жұмыстың осы түрі жақсы нәтиже көрсетті.
Теориялық-практикалық әдістерге орфографиялық талдау, түсіндірме жазба, сөзді этимологиялық талдау, орфографиялық кесетелер құру тәсілдері жатады. Сөздік-орфографиялық жаттығулар, грамматикалық-орфографиялық тапсырмалары бар жазбаша жұмыстар, орфографиялық қателермен жұмыс, диктанттар жүргізу жұмыстары орфографияны практикалық тұрғыдан үйрету әдістеріне кіреді.
Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі мен емле ережелерін үйретудің негізгі қағидалары да жалпы орфографияны үйретудің ғылымилық, жүйелілік, көрнекілік, саналылық пен белсенділік, теорияны практикамен байланыстыру, түсінуге жеңіл, қолайлылық, үйренушінің психологиялық ерекшелігін ескеру, білімнің мотивациялық сипатын арттыру, тілдің әлеуметтік мәнін арттыру ұстанымдарына сүйенуі тиіс.
Өткен жылдың желтоқсан айында латын графикасына негізделген қазақ тілінің емле ережелері мақұлданғаннан бері оны оқып-үйрету жұмыстары жүргізілді. Осы уақыт аралығында жаңа емле ережелерін үйретудің жүйесі айқындалып, латыннегізді ұлттық әліпбиді меңгертудің тетіктері анықталды деп ойлаймыз. Бұған қоса латын графикасын тиімді оқыту әдістемесін әзірлеудің негізі қаланды, оқу мен оқу-әдістемелік құралдар дайындалды, оқу бағдарламалары, дидактикалық материалдар мен цифрлық оқу құралдары, бейнесабақтар, ересектер мен балаларға арналған түрлі мобильдік қосымша жарық көрді. Әдіскерлер үйренушілердің орфографиялық білімдерін бақылау және бағалау критерийлері мен параметрлерін анықтау тәсілдерін ұсынды, жаңа әліпби мен емле ережелерін үйретудегі психофизиологиялық факторлардың ықпалын айқындап, сауат ашуға арналған тапсырмалар жүйесі арқылы ұсынылған әліпби жобасының және әзірленген емле ережелері топтамасының тиімділігін анықтады.
Осы айтылған оқу, оқу-әдістемелік, дидактикалық, цифрлық т.б. құралдарды қарай отырып, жаңа әліпби мен емле ережелерін үйрету үшін мынадай тапсырмалар ұсынылғанын байқадық:
- көшіру диктанты (қол дағдысы): бұл арқылы жаңа жазудың көшіріп жазуға қолайлылығы, сауаттылық деңгейіне әсері бағаланып, жиі жіберілетін қателердің себебі анықталған;
- сөздік диктант (есту дағдысы): ести отырып жазуға қолайлылығы, орфограммаларды дыбыстау және жазу дағдыларының сәйкестігі, тыңдай отырып жазуда жиі жіберілетін қателердің себебі анықталған;
- тест тапсырмалары (көру дағдысы): дұрыс нұсқаны тез табуға қолайлылығы, көзшалымдық деңгей бағаланып, нұсқаларды ажыратудағы жиі жіберілетін қателердің себебі айқындалған;
- тыңдаған/оқыған мәтін бойынша бос орындарды емле бойынша дұрыс жазылған сөзбен толықтыру: жаңа жазудың ести/оқи отырып жазуға қолайлылығы, тыңдай/оқи отырып жазуда жиі жіберілетін қателердің себебі анықталған;
- латын әрпімен қате жазылған мәтінді түзету: жаңа емле ережелерін қабылдау деңгейі, жазбаша дағдының қалыптасуы бағаланған.
- мәтіндегі түсіп қалған әріптерді қою (емле ережелерін алдын ала түсіндіріп алу арқылы): жаңа емле ережелерін қабылдау деңгейі, жазбаша дағдының қалыптасуы бағаланған.
- дұрыс жазылған нұсқаны таңдау: жаңа емле ережелерін қабылдау деңгейі, жазбаша дағдының қалыптасуы бағаланған.
- тыңдау/оқу кезінде қиындық тудырған сөздерді теріп жазу: жаңа емле ережелерін қабылдау деңгейі, жазбаша дағдының қалыптасуы бағаланған.
Осы тапсырмаларды орындау барысында латын әрпімен берілген белгілі көлемдегі мәтінді қанша уақытта оқиды? латын әрпімен берілген белгілі көлемдегі мәтінді қанша уақытта жазады? қанша қате жіберді, неден көп қате жіберді? тапсырманың әр түріне байланысты қанша уақыт жұмсады? нені жазғанда қиындық, қате көп болды? неге көп? қате көп болмауы үшін не
істеу керек? кирил графикасында қалыптасқан жазу дағдылары жаңа графиканы үйрену кезінде қаншалықты ықпал етеді? деген сияқты сұрақтарға жауап ізделіп, әдіскерлер алдына жаңа жазуымыз бен емле ережелерін тез, ұғынықты үйретудің оңтайлы әдістерін жетілдіре түсу міндеті қойылып отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жедек П.С. Методика обучения орфографии Т // Русский язык в начальных классах: Теория и практика обучения / Под ред. М.С.Соловейчик. М., 1997. // prepod.nspu.ru
2. Гальперин П.Я. Лекции по психологии. М.: Книжный дом «Университет»: Высшая школа, 2002. // lib.mgppu.ru›opacunicode/index.php…
3. Байтұрсынұлы А. Тіл – құрал (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері). Алты томдық шығармалар жинағы. – т.3. – Алматы: «Ел - шежіре», 2013. – 384 б.
4. Федоренко Л.П. Принципы обучения родному языку //mydocx.ru›10-140731.html
Сабира Сапина
Қазақ технология және бизнес
университетінің профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты