Елордада Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Шара қатысушыларына ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құттықтау жолдады. Оны министрдің орынбасары Нұрғиса Дәуешов оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Адамзат өркениеті бүгінде рухани сабақтастықты, ортақ құндылықтарды сіңіру мен насихаттауға зәру. Осындай жаһандық мәселені негізге алып Азия қаламгерлерінің І форумы «Ортақ тамыр, ортақ дүниетаным, ортақ өркениет» деген атаумен өткізілді. Бұл бір жағынан ғаламдық тақырып болса, екінші жағынан Қазақстанның бірлік пен бейбітшілікке бағытталған геосаяси ұстанымын көрсетеді. Азия қаламгерлерімен тәжірибе алмаса отырып, ортақ рухани құндылықтарды паш ететін ашық платформа қалыптастыру сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздеген Тұңғыш форумымыз өз межесіне жетіп отыр. Форумның аясында айтылған сындарлы пікір, толымды ойлар ортақ тамырдан нәр алып, ортақ дүниетанымға терең бойлап, ортақ өркениетті паш ететін құнды шығармалар туғызуға септігін тигізеді деген ойдамын«, - деді министр.
Оның дерегінше, Азия аймағындағы халықтың саны жер шары тұрғындарының үштен екісін құраса, әлем халқының саны көп 10 елдің 6-уы Азия елдерінен екен. Ал Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген Форумға Азия құрлығын мекен етіп отырған 38 шет мемлекеттен 80-ге жуық қаламгердің келуі форумның ғаламдық сипатта екенін көрсетеді.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткізіліп отырған алқалы жиында бас қосқан Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN әдеби жүлдесінің лауреаттары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері, еліміздің талантты қаламгерлері әлемді тербеп, адами құндылықтарды насихаттауда байырғы мұраларды, мифтік бейнелерді жаңғырта пайдаланудың маңызы зор екендігін баяндады. Азия өркениеті туралы сөз болғанда бірден ойға оралатын Ұлы Жібек Жолының экономикалық маңызын ғана емес, оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғанын ескеру қажеттігін баса көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында Азия әдебиетін одан әрі дамыту үшін бірқатар маңызды мәселелерге қаламгерлердің назарын аудартты. Мемлекет басшысының «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындау және Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құру туралы білдірген ұсыныстары баршамызға ой тастап, серпін бергені анық», - деді Ақтоты Райымқұлова.
Министрдің пайымынша, жазушының мақсаты – қоғамның бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерін сіңіру. «Адам» атты әрі жасампаз, әрі сан қырлы әлемнің құпиясына бойлау, оның қилы мінезі мен әрекеттерінің қисынын көркем бейнелеу. Азия халықтарын біріктіретін азаматтық ортақ құндылықтар, әсіресе жастардың санасын жаһандану заманында ұлы мұраттарға баулу болмақ.
«Дәстүрлі Азия өркениеті мен прагматик Еуропа мәдениеті арасындағы Ұлы Далаға тәуелсіздік туын тіккен қазақ елінің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған континенттік аса ірі форум бәрімізге ой салып, сіздерді жаңа шығармашылық биіктерге жетелейтініне сеніммен қарап, қоғам мен адам үшін маңызды осындай шаралар қажет!», - деді ол.
Шара барысында Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумы делегаттарын марапаттау рəсімі өтті. Қатысушыларға естелік сыйлық пен сертификаттар табысталды. Одан кейін гала-концерт болды. Концерттік бағдарлама аясында «Тұран» этно-фольклорлық тобы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамиля Жарқымбаева жəне «Мастер-класс» би-спорт клубы, «Серпер» домбырашылар ансамблі, Шалқыма» халық би ансамблі, Мұзарт тобы өнер көрсетті.