"Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі биылғы алғашқы 7 айға берілген шет елдік жұмыс күшін тарту квотасының санын жариялады. Бірінші шілдедегі жағдай бойынша мұндай келімсек жұмысшылар саны 29 мыңнан асады", – деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Министрліктің мәлметіне қарағанда шетелдік жұмыс күші үшін 29 458 квота бөлінген. Олардың ішінде 1716-сы бірінші санат (жетекшілер мен олардың орынбасарлары), 5550 – екінші санат (құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері) бойынша берілген.
Сонымен қатар шет елден елімізге қызметкерлер тартуға рұқсаттың басым көпшілігі «мамандар» санаты деп аталатын үшінші топқа – 13382 және «білікті қызметкерлер» қатарын толтыратын төртінші санат бойынша – 6934 берілген. Ал, маусымдық жұмыстар үшін, яғни, бір уақытта ғана келіп, жұмысын істеп қайтатындар үшін — 1876 квота бөлінген.
Еліміз бойынша дәл бүгінгі таңда сырттан еңбек күшін тарта алатын 3672 жұмыс беруші бар. Сонымен қатар, олар 465 мыңға жуық қазақстандық азаматтарды еңбекпен қамтамасыз етіп отыр. Яғни, қызметкерлерінің 93,7 пайызы отандық жұмыскерлер деуге болады.
Отандық жұмыс берушілер Қазақстан азаматтарын қаншалықты мол мөлшерде жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз десе де, сырттан келер еңбек мигранттарына тосқауыл бола алмайды. Ал елімізге сырттан келіп жұмыс істейтіндердің көбі қытай азаматтары – 11 713 адам, алмұнан кейін түріктер мен өзбектер әрқайсысы 3302, 3012 адамнан. Бір қызығы елімізге келіп жұмыс істейтін елдердің алғашқы бестігін Ұлыбритания (1490) мен Үндістен (1274) түйіндеген екен.
Ал Қазақстан базарларын жаулап алған қырғыз бауырларымыз туралы ақпарат жоқ.
Ал, осы жыл сайын елімізге келіп жатқан еңбек мигранттарының келгені туралы ақпарат берілгенімен, олардың келісімді мерзімі біткен соң қайтарылғаны, қайтарылмағаны туралы мәлмет жоқ деуге болады.