05 қар, 2017 сағат 10:46

"Елiмiздiң рухани өмiрiндегi елеулi кезеңге қадам бастық..."

Кезiнде Елбасы – Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын университет ұжымы елдiк толғауы ретiнде қабылдаған едi. Мақаланың екiншi бөлiмiнде қоғамдық сана жаңғырудың негiзгi қағидаларды қалыптастыруды ғана емес, сонымен бiрге, бiздiң заман сынағына лайықты төтеп беруiмiзге қажеттi нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап ететiнi алға тартылып, таяу жылдары атқарылуы тиiс мiндеттер белгiлендi. Осы орайда Елбасы ең бiрiншi қазақ тiлiн латын әлiпбиiне көшiру жұмыстарын бастау қажеттiгiне тоқталды.

Тұңғыш Президенттiң қазақ әлiпбиiн кириллицадан латын графикасына көшiру туралы Жарлығы тәуелсiз елiмiздегi ең басты оқиғалардың бiрiне айналып отыр. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң оқытушы-профессорлары мен студенттерi латын әлiпбиiне көшу – Қазақ елiнiң рухани жаңғыруындағы жаңа қадам екенiн терең түсiнiстiкпен қабылдап, барынша қолдауда. Бұған Жарлыққа қол қойылған күннен бастап, аудиторияларда өткен басқосулардағы жүрекжарды ой-пiкiрлер мен тебiренiстi лебiздер айқын дәлел.

Жарлықта нақты көрсетiлгендей, латын графикасына негiзделген қазақ әлiпбиiнiң бекiтiлуi, қазақ әлiпбиiн латын графикасына көшiру жөнiндегi ұлттық комиссия құру, 2025 жылға дейiн латын графикасына кезең-кезеңмен көшудi қамтамасыз ету, осы Жарлықты iске асыру жөнiнде өзге де, соның iшiнде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы, шаралар қабылдау мақсатындағы Қаулы баршамызды жiгерлендiрiп, қуанышқа бөлеуде.

Президент мақаласында қазақ әлiпбиiнiң тереңнен тамыр тартатынына назар аударады. Иә, VI-VII ғасырларда (ерте орта ғасыр кезеңi) Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркiлердiң руникалық жазуы пайда болып, қолданылды. Бұл адамзат тарихындағы ең көне әлiпбилердiң бiрi едi. Ал, V-XV ғасырларда түрiк тiлi Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлiгiнде ұлтаралық қатынас тiлi болды. Айталық, Алтын Орданың бүкiл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негiзiнен ортағасырлық түркi тiлiнде жазылды. Халқымыз ислам дiнiн қабылдаған соң руникалық жазулар бiртiндеп ысырылып, араб тiлi мен араб әлiпбиi тарала басталды. Сонымен, Х ғасырдан ХХ ғасырға дейiн, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әлiпбиi қолданылды. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару комитетi мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесiнiң Президиумы латындандырылған жаңа әлiпби – «Бiртұтас түркi алфавитiн» енгiзу туралы қаулы қабылдады. Латын әлiпбиiнiң негiзiнде жасалған жазу үлгiсi 1929 жылдан 1940 жылға дейiн қолданылып, кейiн кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әлiпбиден орыс графикасы негiзiндегi жаңа әлiпбиге көшiру туралы» заң қабылданды. Осылайша, қазақ тiлiнiң әлiпбиiн өзгерту тарихы негiзiнен нақты саяси себептермен айқындалып келдi.

Латындандырылған қазақ әлiпбиiнiң тарихи астары терең ойларға жетелейдi. Кеңестiк билiктiң алғашқы жылдарынан бастап қазақтың көзi ашық, көкiрегi ояу зиялыларын ұлт мүддесi, тiл, дiл тағдыры толғандырды. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов сынды азаматтарымыз Алаш туын желбiреттi.

Түркi халықтарына ортақ латыншаланған әлiпбидiң кемел келешегiне риясыз сенiп, оның орнығуына елеусiз үлес қосқан ұлтымыздың жарық жұлдыздарының бiрi Нәзiр Төреқұловтың тұлғасы айрықша ерекшеленедi.

Н.Төреқұловты 20-жылдары Түркiстандағы ұлттық тiлдер тағдыры қатты толғантқан. Ол тұрғылықты этностардың тiлдерiне мемлекеттiк мәртебе берiлгенiне, iс-қағаздарының жергiлiктi халық тiлiне көшiрiлгенiне, ұлттық мектептер мен кiтап өнiмдерiнiң, бұқаралық ақпарат құралдарының қатары өскенiне шынайы қуанды. Жаңа түркi әлiпбиi жөнiндегi комиссияның төрағасы ретiнде араб жазуынан латыншаға көшудiң қажеттiгiн негiздедi. Бұл мәселе бойынша өз көзқарастарын дәлелдеп Чобанзаде, Агамали-оглы секiлдi қайраткерлермен қызу айтысты. Латыншаға көшiрудiң барлық түркi этностарына, ұлттық сезiмiне, жазба мәдениетiне қатыстылығын анық бiлiп, дайындық кезеңiнiң басты мiндетi бiр жағынан үгiт-насихатқа мейлiнше зейiн қою, жергiлiктi ұйымдарды нығайту, екiншi жағынан жаңа түркi әлiпбиiне көшудi ғылыми негiздеудi қамтамасыз ету деп санады.

Нәзiр Төреқұлов 1926 жылдың наурызында Бакуде өткен I Бүкiлодақтық түркiтанушылар съезiнде бұл съездiң бүкiл түркi дүниесi үшiн ерекше прогрестi революциялық факт болғанын қадап айтты, мұны мына мағынада түсiну керек: бұл съезде ескi араб сауатының күнi өткенi, арамыздан бiржолата кеткенi ашып айтылды.

Сондай-ақ осы, съезде реформаланған жаңа араб әлiпбиi мен латын әлiпбиiнiң бәске түскенi алға тартылды. Барлық түркi республикалары мен облыстарында латынша жазудың бiр графикасы, бiр әлiпбиi, бiр жүйесi болмады. Татар Республикасында әлiпбидiң яки графиканың бiр жүйесiн, Қазақ Республикасында екiншi, Түркiмен Республикасында үшiншi жүйесiн енгiзуге ұмтылыс жасалып жатты.

Кеңестiк Шығыс халықтарының жазуын жаңарту мәселелерiмен айналысқан Н.Төреқұлов 1928 жылдың қаңтарындағы «Жаңа мiндеттер» деген мақаласында былай деп ерекше атап көрсетедi: «...Мұнымен қатар Кеңестiк Шығыстың қалың бұқарасы мен алдыңғы қатарлы жұртшылығының жаңа түркi әлiпбиiн енгiзу iсiне көзқарасы секiлдi маңызды мәселенi де аттап кетуге болмайды.

...КСРО түркi-татарлары арасындағы шаруашылық және мәдени байланыстар (әңгiме территориясы шектес, базары ортақ болғандықтан бiр-бiрiмен байланысты халықтар туралы болып отыр; мысалы, татарлар мен башқұрттар, өзбектер, қазақтар және қырғыздар, т.б.) бiзден өте икемдi, олардың өз диалектi (тiлi) негiзiнде қала отырып, «бiртұтас түркi тiлiнiң» көмегiнсiз-ақ бiр-бiрiмен араласа алатын жазу жүйесiн жасауды талап етiп отыр»…

Бiр алфавиттен екiншiге, одан үшiншiге көшiру қоғамның ақпараттық қамтамасыз етiлуi төмен күйде тұрған шағында жүргiзiлдi. Бұл қоғамда сәйкессiздiктер туындатып, ендi ғана сауаттанып келе жатқан халықты дағдарысқа ұшыратты. Араб графикасы қолданыстан шыққаннан кейiн жергiлiктi тұрғындардың басым көпшiлiгi жаңа латын графикасымен жазылғандардың бәрiн де шынайы шындық тұрғысында бағалауға тиiс болды, олардың жаңа басылымдарды бұрынғы арабша жазылған дүниелермен салыстырып қарастыруға қабiлеттерi жетпедi.

Халқымыздың латын әлiпбиiнен кириллицаға көшкеннен берi жетпiс жетi жыл болыпты. Бiр адамның ғұмыры дерлiктей осы уақыт аралығын ой елегiнен өткiзер болсақ, халқы жаппай сауатты елге айналдық.

Елбасының бағдарламалық мақаласын әбден екшеп, ой елегiнен өткiзiп, мың ойланып, жүз толғанып барып қолына қалам ұстағаны анық. Бұл еңбектi елдiк толғауы десек те болады. Себебi, қазақ тiлiнiң латын әлiпбиiне көшуi Қазақ елiнiң рухани жаңғыруы аясында жүзеге асырылғалы отырған кең ауқымды жобалардың бiрi екендiгi айдан анық. Қоғамдағы қызу талқылаулар бұл проблеманың қаншалықты маңызды екенiн дәлелдеп отыр.

Бiз қазақ әлiпбиiн кириллицадан латын графикасына көшiру мәселесiне үлкен дайындықпен келiп отырмыз. Тұңғыш Президентiмiздiң 2012 жылы латын әлiпбиiне көшу туралы идеяны ортаға салғаны есiмiзде. Содан бергi бес жылға жуық уақыт дайындықпен өтiп келедi десек қателеспеймiз. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарынан бастап латын әлiпбиiне өткен Әзiрбайжан, Өзбекстан мен Түркiменстан елдерiнiң тәжiрибесi елiмiз үшiн үлкен сабақ. Бауырлас елдердiң жүрiп өткен жолындағы кемшiлiктерi мен жiберген қателiктерiн қайталамау әлiпби реформасын сәттi жүргiзуге ықпал етерi анық.

Бiлiм ордасының студенттерiне латын әлiпбиiне көшу қиындық тудырмайды. Олай дейтiнiмiз, бiздiң студенттерiмiзге барлық мамандықтар бойынша дайындық топтары мен бiрiншi курстан бастап-ақ ағылшын тiлi мен түрiк тiлi тереңдетiлiп оқытылады.

Бiз барша түркi дүниесi әлем елдерiнiң басым көпшiлiгi қолданып отырған жазуға көшсе, бiрiншiден, өзара ақпарат алмасудың жеңiлдейтiнiне, екiншiден, жаһандық өркениетке даңғыл жол салынатынына кәмiл сенемiз.

Елбасының бағдарламалық мақаласында алға қойылып отырған ұлтымыздың рухани жаңғыруына бағытталған таяу жылдардағы мiндеттер бiртұтас ұлт болуға, мәдени және сана ашықтығына ұмтылуға, қанымызға сiңген, тамырымызда бүлкiлдеген iзгi қасиеттердi қайта түлетуге бастайды. Халқымыз кириллица аталған әлiпбидiң ықпалынан, анығырақ айтқанда, оның толыққанды иесi саналатын жұрттың саяси-ақпараттық ықпалынан арылатын кезеңге де жеттi. Ендi, мiне, елiмiздiң рухани өмiрiндегi елеулi кезеңге де қадам бастық.

Уәлихан Әбдiбеков,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң президентi,

профессор.