30 нау, 2021 сағат 08:16

Еліміздің 3 өңірінде көктемгі егістік жұмыстары жүргізіліп жатыр

Еліміздің 3 өңірінде көктемгі егіс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осы жылдың 29 наурызындағы жағдай бойынша Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстарында ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, 67,7 мың гектарға жазғы масақты дәнді дақылдар, 6,5 мың гектарға картоп, 10,3 мың гектарға көкөніс дақылдары, 18,7 мың гектарға көпжылдық шөп егілді. Облыс әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес, бүгінде 2,4 млн тонна тұқым құйылған. Бұл жоспардың 100,2 пайызы», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, 2021 жылы тұқым шаруашылығын қолдауға 11,8 млрд теңге бөлінді. Бұл элита тұқымдарын қолдану мөлшерін 7,4 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. 

«Минералды тыңайтқыштар сатып алуды субсидиялауға облыстардың жергілікті бюджетінен 26,1 млрд теңге көзделген. Осының арқасында минералды тыңайтқыштар қолдану мөлшері 3,3 пайызға артты. Облыс әкімдіктерінің жедел ақпараты бойынша бүгінде республика диқандарына көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 117,6 млн тонна минералды тыңайтқыш жеткізілген. Қазіргі уақытта Алматы, Қостанай, Жамбыл, Түркістан облыстарында субсидиялауға арналған өтінім қабылданып жатыр. Жақын арада өтінім қабылдау Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында басталады. Қалған облыстарда субсидиялар тізбелері мен нормаларды бекіту жұмыстары аяқталып қалды», - деді ол. 

Сапархан Омаровтың дерегінше, биыл пестицидті субсидиялауға облыстардың жергілікті бюджетінде 30,6 млрд теңге көзделген. Бұл былтырғы жылға қарағанда 15,8 пайызға көп және қолайлы фитосанитарлық жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы - 97 пайыз. 

«Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарында 141,7 мың трактор, 73,2 мың тұқымсепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құралы бар. Бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын қазіргі заманғы егіс кешендері 4,3 мың бірлікке дейін ұлғайды. Бұған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезіндегі мемлекеттік қолдаудың тиімді шаралары ықпал етуде», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, «ҚазАгроҚаржы» АҚ ақпаратына сәйкес, жылдың басынан бастап 24 млрд теңгеге 1 112 техника, оның ішінде 458 трактор, 28 комбайн және 626 өзге де техниканы сатып алу қаржыландырылды. 

«Осы жылдың 29 наурызындағы жай-күй бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 97 пайызды құрайды. Техниканы дайындау жоспарлы режимде жүзеге асырылуда. Жаппай жұмыс жүргізу алдында техника дайындығы 100 пайыз құрайтын болады», - деді Омаров.