29 қаң, 2022 сағат 21:51

Елдегі тәртіпсіздіктер тасасында кім тұр - Президент жауап берді


Елдегі тәртіпсіздіктер тасасында кім тұр. Бұл сауалға «Хабар» телеарнасына сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұны тергеу көрсетеді. Тергеу барысының алдын орағым келмейді. Бұл дұрыс та болмайды. Жұмыс та өте көп. Содырлардың көпшілігі, оның ішінде олардың командирлері Алматыдан кетіп үлгерді. Біреулер ауылдық жерлерге сіңісіп кетсе, енді бірі шекараны кесіп өтті. Көрші елдерге де кетіп қалғандары бар. Енді біреулері түрлерін өзгертіп, жасырынып жүр. Олардың сақалдарын қырып, сыртқы түрлерін өзгерткені, азаматтық тұлғаға айналғаны туралы фактілер де бар. Егер оларды тұтқынға алса, олар «біз тосыннан өтіп бара жатқан адамдармыз» деп аттан салады. Бұлай болмайды. Талқандалған дүние ауқымын Алматыдан өздеріңіз де көрдіңіздер. Ал содан кейін бәрі де тосыннан өтіп бара жатқан адам бола қалды», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті «тосыннан заңсыз ұсталған азаматтардың» бар екенін, оларға қатысты күш қолдану әрекеттері тыңғылықты тергелетінін айтты.

«Яғни, мұның мән-жайын тыңғылықты түрде анықтау қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.