01 ақп, 2022 сағат 14:06

Елдегі 85 ғылыми ұйымның 1200-ге жуық ғалымына тұрақты жалақы тағайындалмақ


Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғалымдарды қолдау шараларына да тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жас ғалымдардың зерттеулеріне 1000 грант бөлу, 500 ғалымды жетекші шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамаға жіберу ұйымдастырылады. Алғаш рет 2022 жылы жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарында постдокторантура енгізіледі. 

Егер бұрын ғалымдар жалақыны тек конкурстар арқылы ғана алатын болса, енді жетекші ғалымдар тұрақты жалақы алатын болады. Бұл – 85 ғылыми ұйымның 1200-ге жуық жетекші ғалымдарының жағдайын жақсартады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Бұл жерде әңгіме фундаменталды зерттеулермен айналысатын тарих және этнология институты, тіл білімі институты, математика институты, ядролық физика институты, әдебиет және өнер институты, философия институты ғалымдары туралы айтылып отыр.

«Мемлекеттің қолдауының арқасында ғылымды қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Ғылыми жобаларды қаржыландыруға арналған конкурстар 3 жылда бір рет емес, енді жыл сайын өткізіледі.

Ғылымды басқаруда мемлекеттік ғылыми институттардың аудиті, ғылыми зерттеу институттарының басшылық құрамын қарау, бизнес пен қоғамды тартып, байқау кеңестерін құру және басқа да шаралар жүргізілетін болады», - деді министр.