Жапонияға сапар сәтті өтті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 6-11 қараша аралығында Жапония мен Корея Республикасына сапармен барған болатын. Бұл сапарлар кезінде бірқатар екі жаққа да тиімді келісімдерге қол қойылды. Тараптарды саяси-экономикалық, рухани жағынан жақындастыра түсетін басқа да бірқатар шара жүзеге асырылды.
Төменде Азиядағы екі дамыған елге сапарлардың мәні мен мазмұнын аша түсетін әлемдік БАҚ-тардағы үнқатысулар жарияланып отыр.
Қарашаның 6-сы күні Жапонияның бірегей телерадио корпорациясы «NHK» «Орталық Азияда орналасқан Қазақстан Республикасының басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Жапонияға келді» деп хабарлады. Кеңес кезіндегі ядролық сынақ салдарынан әлі де көптеген азаматтардың денсаулық зардабын тартып жатқанын айта келе, «Қазақстан Президенті қарашаның 6-сы мен 9-ы аралығында Жапонияда болып, императормен және премьер-министр Абэ Шиндзомен кездеседі. Бұл кездесулерде екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы пікір алмасады. Сондай-ақ, ол Парламентте баяндама жасайды» деген.
«Қазақстанда Кеңес дәуірінде солтүстік-шығыстағы Семей полигонында 450-ден астам сынақ жасалып, қазірде сол аймақтағы халық соның зардабын тартуда. Сондықтан Президент Назарбаев қарашаның 9-ында Хиросимаға барып, Бейбітшілік паркінде болып, Атом бомбасы музейіне бас сұғады. БҰҰ құрылған күннен бастап 2045 жылға дейінгі 100 жылдық мерзімге арналған атом бомбасы жарылысына жол бермеуге қатысты ғаламдық мақсат туралы сөз сөйлейді. Бұған қоса, Президент Назарбаев мұнай мен табиғи газ сияқты ресурстарға бай Қазақстанға бизнес өкілдерін шақыру мақсатында келесі жылы Астана қаласында өтетін, энергияны басты тақырып еткен халықаралық көрме жайлы жапон кәсіпкерлерімен әңгімелеседі».
* * *
Қарашаның 7-сінде «Асахи» басылымы императордың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескені туралы ақпаратты жариялады. Бұл кездесуде жапон сарбаздары (Сібір әскери тұтқындары) мен жекелеген тұрғындардың концлагерьге, бір бөлігі Қазақстанға айдалғаны туралы айтылды. Император сарайы басқармасының мәліметіне сүйенсек, сол елде өмір сүрген жапондар туралы әңгіме қозғалып, император Қазақстанға барған жапон азаматтарын халықтың жылы қабылдағаны үшін алғыс айтты. Басылым осы кездесуде Қазақстан Президентінің мәртебелі императорға ағасы Такахитоның қайтыс болуына байланысты көңіл айтқанын да жазған.
Жапон басылымы, сондай-ақ, «Қазақстан Президенті атом бомбасы жарылысын бастан өткерген Хиросима қаласына алғаш рет бармақ» деп хабарлаған. «Асахидің» жазуынша, Қазақстан Президентінің сөзін жапон императоры зор ықыласпен, мұқият тыңдаған.
Жалпы, «Асахи» басылымы Қазақстан Президентінің Жапонияға ресми сапармен баратыны туралы ақпаратты қазан айының ортасынан бастап таратқан. Қазанның 15-сі күні газет бетінде «Жапонияның Министрлер кабинетінің Бас хатшысы Суга Йошихидэ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қараша айының 6-9 аралығында ресми сапармен келетінін мәлімдеді» деген хабар жарияланды. Осы жарияланымда Қазақстан Республикасының 2017 жылдан бастап Орталық Азия елдерінің арасында тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғаны туралы да жазылған.
* * *
«Йомиури» басылымы да Нұрсұлтан Назарбаевтың Хиросимаға алғашқы сапары туралы хабарлай отырып, Семей полигоны зардаптарына тоқталған.
Қарашаның 8 жұлдызында «Токай» университеті ақпараттық сайтында Елбасына құрметті профессор атағының берілгені туралы материал жариялады. Мақалада Нұрсұлтан Назарбаевтың 1990 жылы Президент болып сайланғаннан бастап қазақ жастарының шет елде білім алуына мүмкіндік беретін «Болашақ» стипендиясын тағайындап, Жапония мен Қазақстанның ғылыми әріптестігі мен достық байланысын дамытуға зор үлес қосқаны туралы жазылған. Сондай-ақ, Жапониядағы «Токай» университеті мен Астанадағы «Назарбаев Университет», «Назарбаев зияткерлік мектебі» арасындағы әріптестік бағдарламаларының қолға алынғаны да жазылған.
Қазақстан Президентінің Жапонияға сапарын жан-жақты насихаттаған «NHK» арнасы 9 қарашада Нұрсұлтан Назарбаевтың Хиросима азаматтарымен кездесуін көрсете отырып, «Қазақстан Президенті Хиросимаға алғаш рет сапармен барып, ядролық қаруды тоқтатуға үндеді» деген тақырыппен материал жариялады. Мақалада «Кеңес дәуірінде полигон алаңына айналған Орталық Азиядағы Қазақстанның Президенті жарылыс болған Хиросимаға алғаш рет сапармен барып, бәріміздің мойнымызда ядролық қаруды жою деген үлкен жауапкершілік бар екенін айта келе, Жапониямен ынтымақтастық тұрғысындағы пікірлерін жеткізді» делінген.
Аударған
Шарафат Жылқыбаева,
Жапонтанушы
Ортақ мүдделестік танытылды
Қазақстан мен Оңтүстік Корея Сеулде өткен екіжақты бизнес-форумда жалпы құны 640 млн АҚШ доллары болатын 23 құжатқа қол қойды. Бұл туралы trendnews agency хабарлады. «Қос мемлекет компанияларының 350-ге тарта бизнесмендері қатысқан бұл форум Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Кореяға жасаған мемлекеттік сапары аясында өтті. Екіжақты келісімдер денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар, құрылыс, қаржы, сауда, туризм салалары бойынша рәсімделді», деп жазады агенттік.
Trend news agency, сонымен қатар, қазіргі таңда 465 оңтүстіккореялық компания Қазақстанда түрлі сала бойынша, соның ішінде өндіріс, сауда және қызмет көрсету, құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен, консалтинг және қаржы, жер қойнауын пайдалану және барлау салаларында жұмыс істеп жатқанына тоқталған. «Бұған қоса, Қазақстанда химиялық өнеркәсіп, энергия өндірісі, машина жасау, фармацевтика, ақпараттық және коммуникациялық технология, тау-кен металлургия кешені, инфрақұрылым және жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша 27 оңтүстіккореялық-қазақстандық бірлескен кәсіпорынның тетігі іске қосылған», деп хабарлады trend news agency.
* * *
Сеулде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Республикасы Президені Пак Кын Хе халықаралық және өңірлік күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді сүзгіден өткізді. Бұл туралы Риа Новости ақпарат агенттігі хабарлады. Аталған ақпарат агенттігі қос тараптың кеңейтілген келіссөздер жүргізу кезінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында өзара әріптестікті жандандыруға, ядролық қаруды таратпауға, оның ішінде ғаламдық қауіпсіздікті сақтауға, кибер қарудан төнетін қауіптің алдын алуға айрықша мән бергеніне де тоқталып өткен.
Агенттік келіссөздер аясында корейлік тараптың Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы Тұрақты емес мүшелігіне сайлануына орай, Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы бастамалары ілгерілейтініне сенім білдіргенін, бұдан бөлек, Оңтүстік Кореяның Қазақстанмен көлік-транзит саласында әріптестік орнатуға қызығушылық танытқанын жеткізді.
* * *
10 қараша күні Қазақстанның, яғни Кеңес Одағы құлаған 1991 жылы Орталық Азия аймағында ядролық қаруды қолданудан және таратудан бас тартқан елдің лидері Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапармен барды. Сапар аясында тараптар екіжақты ынтымақтастыққа, оның ішінде қауіпсіздікке, сауда айналымына, инвестицияға, энергетикаға қатысты бірқатар мәселелерді електен өткізді. «Сондай-ақ, президенттер инфрақұрылым саласының көкжиегін кеңейту бойынша пікір алмасты, іскер топтардың 400-ге тарта өкілі қатысқан жиында қазақстандық тарап мемлекет инфрақұрылымын жандандыруға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасын корейлік тараптың назарына ұсынды, ал корейлік тарап өздерінің электроника, құрылыс салаларындағы және зауыттарындағы жаңа технологияларын қазақстандық тарапқа көрсетті. Өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 760 АҚШ долларын құраған», – деп жазады EFE Agency.
Аталған ақпарат агенттігінің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хе Сеулдегі екіжақты кездесу кезінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарына сәйкес, Солтүстік Кореяның ядролық қару бағдарламасында көрініс тапқан барлық қызмет ету тетіктерін тез арада тоқтатуға және түбегейлі бас тартуға шақырған, сонымен қатар, мемлекет басшылары Солтүстік Кореядағы адам құқықтары мәселесіне ерекше алаңдаушылық білдірген.
* * *
Қазақстан Президентінің Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары барысында президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хе екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, оның ішінде сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, көліктік-коммуникациялық, ғылыми-техникалық ықпалдастық жайын талқылады. Бұл туралы INTERFAX.RU хабарлады. Агенттік тараптардың энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту, мұнай мен газды қайта өңдеу, медицина туризмін дамыту, сондай-ақ, Корея Республикасының Еуразиялық экономикалық одақпен арадағы еркін сауда айналымы аймағын құру мәселелерін де қозғағанына тоқтала келе, Қазақстан Президентінің Қытайдың Ляньюньган портындағы қазақстандық терминал құрылысының аяқталғаны жөнінде айтқан сөзіне айрықша тоқталған. Бұл туралы INTERFAX.RU Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Осы терминал арқылы қазірдің өзінде миллионға тарта контейнер тасымалданған. Сонымен қатар, Қытай шекарасында тұрған Қорғас «құрғақ портын» Каспий теңізіндегі Ақтау теңіз портымен байланыстыратын темір жол, Түрікменстан және Иран арқылы Парсы шығанағына апаратын темір жол салынған. Бұл бағыттардың барлығын корей бизнесі тарапы пайдалануы мүмкін», – деген сөзін мысалға келтірген.
Әзірлеген
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»