Қоғамдық дамудың ерекшелігіне қарай тарихтың әр кезеңінде батырдың тұлғасы түрлі игі қасиеттермен сипатталып келген. Алғыр ерлер елдің ішкі-сыртқы жауларына қарсы тұрып, Отанының тыныштығын, тұтастығын, мүддесін сақтауға ерлігімен сүйеу болды. «Ері барда, елі қор болмас» деп, ежелден батырлық пен батылдықты дәріптеген бабаларымыз мақал-мәтелдерінде, эпостық жырлар мен аңыз-әпсаналарында бұл қасиеттердің маңызын дәріптеп өткен. Өжет мінез бен батылдықтың, қайсарлық пен табандылықтың арқасында ата-бабаларымыз еліміздің туын жықпай, ұлан-ғайыр өлкені келер ұрпаққа мұра етіп қалдырды.
Батыр адамның бейнесі көне дәуірлерден бүгінге дейін әділеттілікті орнату, ар-намысты қорғау, халықтың бірлігі мен бостандығына қол жеткізу үшін күрескен ерліктерімен қалыптасқан. Ержүрек батырлар халық рухани қажығанда күш беретін жарқын бейне болған, бола береді. Себебі олардың жасаған ерліктері адам баласының күш-қуатына, асқақтығы мен адамгершілігіне деген сенімді ұялатып, ұлт санасында өшпес із қалдырады. Ал батырлардың ерлігін қастерлеп, оларды жас буынға насихаттау – қазіргі қоғамның рухани қайта жандануына серпіліс беруде аса маңызды.
Қазіргі таңда шынайы батырдың бейнесін тек әдеби-тарихи кітаптар мен шығармалардағы қаһарман тұлғалардан ғана емес, өзіміздің арамызда адал қызмет етіп жүрген жандардың бойынан да көруге болады. Олар – бізбен қатар жүріп, бүкіл саналы ғұмырын қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауға арнаған азаматтар. Бұл батырлар елін, жерін, халқын қорғау жолында өзін құрбан етіп, замандастары мен келешек ұрпақтың алдында асқан қайрат пен жанқиярлықтың үлгісіне айналды. Олар бейкүнә тұрғындардың өміріне қастандық жасауды көздеген, рақымшылық пен аяушылықты білмейтін жауларымен бетпе-бет жолыққанда өжеттік танытты. Осындай ерліктер отанды қорғауға ант қабылдаған қаруластарын рухтандырып, күш-қайрат қосып, оларды ұлы мақсаттарға жігерлендіруде.
Мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, елдің шырқын бұзатын халықаралық терроризм – ХХІ ғасыр індеті. Жаһандану кезеңіндегі заманауи қарулар мен технологияларды пайдаланған террористік ұйымдар әлемнің әр түрлі аймақтарының, соның ішінде Қазақстанның да тыныштығын бұзып, тұрақтылығына қауіп төндіруде. Оған кешегі Алматы, Ақтөбе, Атырау және Тараз аймақтарында орын алған лаңкестік әрекеттер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының алдын алу шараларымен жолы кесілген көптеген қылмыстық оқиғалар айғақ. Терроризм жеке тұлғаның өміріне ғана емес, қоғам мен мемлекетке де қауіп төндіретін кең көлемді құбылыс екенін террористік топтардың тарапынан жасалған әрекеттер көрсетуде.
Халықаралық терроризм қаупінің соққыларына ең алдымен құқық қорғау органдарының сабаздары ұшырайтыны белгілі. Елді ішкі және сыртқы жаулардан қорғап, қоғамдық тәртіпті сақтауға ант берген бұл қырандар, күнделікті өмірде талай рет терроризм мен басқа да қылмысты оқиғаларға тап болып отыр. Олардың арасында халықтың тыныштығын бұзған ел дұшпандарына қарсы күресте ерекше батылдық пен өжеттілікті танытып, жарақат алған, сондай-ақ ерлікпен қаза болған қаһармандар аз емес. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері құқық қорғау органдарының 700-ге жуық қызметшілері қызметтік міндеттерін орындау кезінде көз жұмды. Бұл көрсеткіш тәртіп сақшыларының мемлекет қауіпсіздігін сақтаудағы ерен еңбектері мен ерліктерінің куәсі болып, олардың жұмыстары қаншалықты жауапты екенін аңғартады.
Терроризмге қарсы қарулы қақтығыстарда ерлік танытқан бүгінгі батырлардың қатарында Ақтөбедегі қанды қырғын кезінде террористтермен бетпе-бет келіп, қарусыздығы мен санының аздығына қарамастан, тойтарыс берген азаматтарымызды атауға болады. Олардың ішінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер Д.Сапар мен А.Шайсұлтанның ерліктері ел есінде мәңгі қалады. Бұл батырлар қарулы топтың көрсеткен азаптауына мойымай, өмірлеріне қауіп төнсе де, халқының өмірін өздерінен артық көрді. Террористерге әскери құпияны ашпады. Өкінішке орай, ұлтымыздың ұландары Д.Сапар ерлікпен қаза тауып, А.Шайсұлтан ауыр жарақат алды.
Сонымен қатар, террористік топтардың әскери бөлімшеге шабуылдары кезінде әскери қызметшілер Н.Балажанов, Д.Чернышев және С.Сүндетов өздерінің азшылығын елемей, саны жағынан көп басқыншыларға қарсы күресті ерлікпен жалғастыра түсті. Бұл қанды-қасап қырғын барысында С.Сүндетов жарақат алып, террористердің қолына түсті. Алайда, өр мінезді батыл сарбаз дұшпандардың қорқытулары мен азаптауларына бой бермей, әскери құпияны ашпады. Нәтижесінде, аса ауыр жарақат алған С.Сүндетов таңданарлық жағдайда өлімнен аман қалды.
Осы ұрыста Н.Балажанов жарақаттанған еді. Оған көмекке асыққан 16 әскери сарбаз шабуылға тойтарыс беріп, ерекше ерлік пен жаужүректік танытты. Олардың арасында да жарақаттарына қарамай, осы шайқаста табандылық көрсеткен сарбаздар болды. Бұл сарбаздар – қазіргі күннің батырлары, заманымыздың отансүйгіш қаһармандары. Ел олардың ерліктерін әрдайым есінде ұстайды.
Елдің ішкі және сыртқы жауларымен күрес жүргізуде жанқиярлық пен батылдық танытып, Отан үшін жан қиған азаматтар бүгінде қазақ жастары үшін үлгі тұтар батырларға айналды. 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында терроризмге қарсы айқаста көрсеткен ерлігі үшін елімізде «Халық қаһарманы» атағы Ғазиз Байтасовқа берілген. Ерлік жасап қайтыс болған батырларымызды естен шығармай, олардың ерлігін ұрпаққа үлгі ету – өліге құрмет, тіріге парыз.
Негізінен, елімізде «Халық қаһарманы» атағына лайық болған адамдар аз емес. Солардың ішінен мысал ретінде Қарағанды облысының ІІД жеке батальонның жол полициясының инспекторлары Қайрат Жұмабеков пен старшина Дмитрий Пугачты атап өтуге болады. 2008 жылдың 20 мамырында олардың басқаруындағы жол полициясының арнайы көлігі 130 баланы тасымалдап, Астанадан Қарағандыға қайтып келе жатқан еді. Қарсы бағытта ауыр жүк көлігінің жол ережесін бұзу салдарынан туындаған жол апаты кезінде Қ.Жұмабеков пен Д.Пугач өз көлігін соққының астына қойып, 130 баланы апаттан аман алып қалды. Апат нәтижесінде алған дене жарақатынан Қайрат Жұмабеков сол жерде қаза болды. Ал старшина Д.Пугач ауыр дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Мұндай ерлік 2014 жылы «Қызылорда-Павлодар» тас жолында да орын алды. Екібастұз қаласының полициясының екі қызметкері Нұрлан Закенов пен Арғын Қуанов балаларды тасымалдаған автобусқа қарсы келе жатқан көліктің соққысын өздеріне қабылдап, ерекше батырлықтың үлгісін танытты. Батырлардың мұндай ерлігін бабаларымыз «Өжет өлімнен де қаймықпайды» деп сипаттаған екен.
Азаматтарымызды от-су апатынан, зорлық-зомбылықтар мен қайғылы оқиғалардан қорғау жолында өз өмірлерін қиятын ерлер – халқының нағыз қорғандары. Жас ұрпақты еліміздің шынайы патриоты, ұлтжанды және отансүйгіш азаматы етіп тәрбиелеу үшін, ұлттық мәдениет пен дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтай отырып, батыр бабаларымыз бен ержүрек қандастарымызды үлгі етіп, өшпес ерлікті дәріптеп отыру керек. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген ата-бабалардың қанатты сөздері дұшпандардың зұлымдықтарына мойымаған батырларына арналғандай.
М.Муслимов
ҚР ДІАҚМ «Дін мәселелері жөніндегі
ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ
Исламды зерттеу бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері