Жаңа қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі — Мәңгілік Ел идеясы! Қазіргі заманда әлеуетті әскері бар, технологиясы мен білімі дамыған мемлекеттің жастары заман талабына сай сауатты, білімді болуы қажет. Бүгінгі күні біз жастардың спортқа қызығушылығының өскеніне, Отан алдындағы парызын өтеуге деген құлшынысының күн санап артып келе жатқанына куә болып отырмыз. Осы жағдайлар қазір дәстүрге, жастардың тілімен айтқанда, «брендке» айналып отыр.
Қорғаныс министрлігінің жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында атқарып жатқан жұмыстарының ауқымы жыл өткен сайын ұлғайып, сапасы артып келеді. Министрлік «Қазақстан-2020: болашаққа бастар жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында орталық және аймақтық атқарушы органдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, еліміз бойынша жас армияшылардың қоғамдық қозғалысын жандандыру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда бұл жұмыстар жемісті нәтижелерін беру үстінде деп толыққанды айта аламыз. Мәселен, соңғы жылдары елімізде әскери-патриоттық клубтардың саны 13 есеге көбейсе (177-ден 2308-ге), оқушыларды әскери-патриоттық шараларға тарту 70 пайызға өскен (38 000-нан 65 000-ға дейін). Біз бұдан жастардың бос уақыттарын неғұрлым білім алуға, әскери істі меңгеруге арнайтынын аңғарамыз. Жыл сайын маусым айында «Астана» өңірлік қолбасшылығының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында мемлекеттік деңгейде тарихи маңызы зор, тәрбиелік мағынасы басым «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынын өткізу дәстүрге айналды. Осы жерде жиынның басты міндеттерін де атап өткен абзал. Таратып айтар болсақ, ол – жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру, әскери-патриоттық клубтардың іс-қимылын үйлестіру, жастарды Қарулы Күштердегі әскери қызметке даярлау, олардың бойында әскери қызметті өтеу кезіндегі қажет дағдылар мен ептілікті қалыптастыру, сондай-ақ жастарға саламатты өмір салтын насихаттау, дене, әскери-қолданбалы және техникалық даярлықты жоғарылату. Қорғаныс министрлігі биыл да әскери-патриоттық жұмыстарды одан әрі жетілдіру, әртүрлі мемлекеттердегі жас сарбаздардың ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықтың пішінін дамыту, халықаралық достықты нығайту және жастарды интернационалдық келісім мен өзара құрмет рухында тәрбиелеу мақсатында 12-17 маусым аралығында «Спасск» оқу орталығында ІІІ халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынын өткізбек. Оған еліміздің әр аймағынан 600-ден астам жас қатысатын болады.
Биылғы жиынның тағы бір ерекшелігі, оған Өзбекстан Республикасының өкілдері қатысқалы отыр. Шет мемлекеттердің әскери атташелері, аймақтардағы жастар істері мәселелері жөніндегі басқармалардың басшылары және республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары қонақ ретінде шақырылғанын да айта кеткен орынды. «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны 13 маусымда ресми түрде ашылып, жалауын көтереді. Халықаралық жиынның ашылуында қазақстандық әскери қызметшілер жекпе-жек ұрысының айла-тәсілдерін, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жауынгерлері ұрыс қимылдарын, авиация мен артиллерияның қолдауына сүйенген роталық-тактикалық топ жауынгерлік атыстар көрсетеді. Жиынға қатысушылар мен меймандар Әскери әуе күштері Авиациялық оқу орталығының ұшу топтары мен парашютшілерінің, сондай-ақ Қарағанды әскери-техникалық мектебі мотоциклистерінің өнерін тамашалайтын болады. Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы, барлық аймақтық әскери-патриоттық клубтардың жұмысын орталықтандыру, «Жас сарбаз» Республикалық штабының жұмысын жандандыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының ресми сайтын іске қосты.
Сайттан халықаралық жиын туралы, жиынға қатысушы командалар мен қатысушыларға қажет ақпараттарды (жарыстардың өткізілу ережесі, регламенті, жиын ережесі, жиын басшылығының құрамы, т.б.) алуға болады. Сонымен бірге, жиынның өткен жылдардағы материалдарымен де толық таныса аласыз. Биылғы жиынның басты жаңалығы, оған қатысушы барлық әскери-патриоттық клубтардың өзіндік белгілері бар арнайы жобамен дайындалған киім үлгісімен қамтамасыз етілуі болып отыр. Бүгінде жастарды патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу, әскери-қолданбалы спорт түрлерін дәріптеу, спортқа баулу жұмыстарын күшейту, саламатты өмір салтын насихаттау, оқушылардың дене даярлығының деңгейін көтеру – Қарулы Күштердің басты ұстанымы. Жиын шеңберінде жастарды спортқа машықтандыру және интеллектуалдық қабілетін арттыру мақсатында таныстырылымдар, көрмелер, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – жастардың бойында патриоттық сезімді ояту, Қазақстан тарихы бойынша білімдері мен шығармашылық ынталарын анықтау, танымдық белсенділігін арттыру, инженерлік-техникалық міндеттерді орындау қабілеті мен достық қарым-қатынаста әрекет етуге баулу, саламатты өмір салтын ұстануға бейімдеу.
Бұрнағы жылдарға қарағанда, жарыс түрлеріне айтарлықтай өзгерістер еніп отыр. Жиын бағдарламасы «Эрудит» интеллектуалдық ойыны, «Менің роботым» роботехникалық конкурсы, пневматикалық винтовкадан ату, белтемірге тартылу, әскери кросс, командалық пейнтбол, мега-арт «Айбын дауысы» фестивалі, «World of tanks» компьютерлік ойынын қамтиды. «Айбын» жиыны жастар үшін отансүйгіштіктің, достықтың және тұлға болып қалыптасудың шынайы мектебі. Біз – бірлік туын берік ұстаған, баршаға үлгілі көпұлтты елміз. Сондықтан да мемлекет үшін жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру және шын мәніндегі патриотты дайындау өте маңызды. Бұл өз кезегінде мемлекетке жастарды патриоттық тәрбиелеудің жаңа моделін қалыптастыруға көмектеседі. Әскери-патриоттық ұйымдар қозғалыстарының жұмысын жандандырып, жастарды қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеуге бағытталған жобаларды іске асыратын болады.
Мұхамеджан ТАЛАСОВ, генерал-майор, Бас штаб бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы