Елордасы Астана қаласында өтіп жатқан «Экспо-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры 18-25 маусым аралығында өнер көрсетеді.
Тарихи жағдайлардың салдарынан Қазақстанға жер аударылған түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры суреттелетін драматург Мәдина Омарованың «Көмбе нанның дәмі» драмасы театрдың 91 маусымында Алма Кәкішеваның режиссерлік шешімімен қалың қауымға жол тартқан. Аталған қойылым бүгінг «Экспо-2017» көрме аясында aстаналықтар мен алыс-жақын шетелден келген қонақтардың назарына ұсынылды.
«Көмбе нанның дәмінде» сұрапыл соғыс жылдары Қазақстанға қоныс аударылған ұлт пен ұлыстардың күнделікті өмірі мен қазақ халқының қонақжайлылығы суреттеліп, олар бастан кешірген қиындықтар арқылы оқиға жалғасын тауып, ары қарай өрбиді. Кеңес өкіметінің солақай саясаты тұсында жер аударылған халықты сыртқа теппей, бауырмалдылық пен адамгершілік, мейірімділік пен қамқорлық танытқан қазақ халқының игі істері әспеттелетін қойылым, көркемдік тұтастықта шешілген. Пьесада да, қойылымда да басты қаһарман – халық. Бір ғана ауылда болып жатқан жағдай бүкіл республиканы қамтып, ойын балаларының мінез-құлқына да әсер еткен.
Сценографиялық шешім мен актерлар кескіндеген шебер бейнелер, музыкалық көркемдеу мен кәсіби режиссура үйлесім тапқан қойылымның көтерген тақырыбы қашан да өзекті, қашан да өткір.