Өнеркәсіп орындарының ашылып, жаңадан жұмыс орындарын құру нәтижесінде Қызылорда облысының экономикасында тың тенденция, оң динамика байқалады. Жалпы, Қызылорда облысының экономикалық әл-ауқатының артқандығын жиі айтып та, жазып та жүрміз. Тарих қойнауына енген он жылды айтпағанда, соңғы бесжылдықта Сыр халқының еңсесі көтеріліп, аймақтың ажары кіріп, тұрғындардың экономикалық белсенділігі артқан. Яғни, жаңадан құрылған жұмыс орындары мен іске қосылған өндіріс ошақтары әлеуметтік жағдайды жаңа қырынан көрсетіп келеді. Мәселен, жыл басынан бері аймақта тамақ өнімдерін өндіру, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінің артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінде өсім 0,5 пайызға қамтамасыз етілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қызылорда облысында өнеркәсіп өндірісінде 437,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл индустриялық аймағы сан салалы аймақ үшін аз көрсеткіш. Оған кен орындарының табиғи сарқылу салдарынан мұнай өнімі көлемінің азаюы себеп. Өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің шамамен 70 пайызға жуығы мұнай өндірісінің үлесінде. Қазіргі таңда мұнай ұңғымаларының сулануы салдарынан өндіру көлемі жыл сайын төмендеуде. Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында 3,2 млн тонна мұнай өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 250 мың тоннаға кеміп отыр. Дегенмен де, өнеркәсіп өндірісінде өсімді қамтамасыз ету мақсатында өңір экономикасын индустрияландыру бағдарламасы аясында әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Жалпы, бағдарлама аясында 22 жоба жүзеге асты, қазіргі таңда оның 16-сы бойынша өнім өндіріліп, 1700 адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
- Индустрияландыру бағдарламасы аясында биыл жалпы құны 100,8 млрд теңгені құрайтын, 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын 3 жобаны іске қосамыз, олар – шыны және тампонажды цемент зауыттары, балық өңдеу цехы. Өнеркәсіп саласына қатысты жоспарлар ауқымды, сондықтан олар бойынша тиянақты жұмыс жүруде. Агроөндірістік секторда да дамудың тұрақты тенденциясы байқалады. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ауыл шаруашылығы саласында 17,5 млрд теңгенің жалпы өнімі өндіріліп, өсім 2,7 пайызды құрады. Өсім негізінен мал шаруашылығы саласы есебінен қамтамасыз етілді. Ет өндіру – 3,6 пайызға, сүт өндіру – 2,1 пайызға және тауық жұмыртқасы өндірісі 45,8 пайызға артып отыр. Тұрақтандыру қорынан жыл басынан бері 110,3 млн теңгенің 1153,1 тонна өнімі сатылды. Бүгінгі күнге тұрақтандыру қорында 1875 тонна өнім қалыптастырылған. Оның ішінде картоп – 968,6 тонна, қарақұмық жармасы – 0,3 тонна, қант – 182,7 тонна, күріш – 40 тонна, өсімдік майы – 3,4 тонна, шай - 1,6 тонна, 1 сортты ұн – 366,1 тонна, макарон – 7,1 тонна, сәбіз – 105,3 тонна, пияз 200 тоннаны құрап отыр, - деді.
Маңызды міндет ретінде аймақ экономикасының құрылымын өзгертуге бағытталған, бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістердің дамуына аса мән беретін өңдеуші сектордың қарқынды дамуы айқындалды. Бұл ретте өңірдің мұнай және уран өндірісіне тәуелділігін ескере отырып, минералды шикізат базасын одан әрі дамыту және жаңа кен орындарын игеру бойынша жұмыстар жалғасып келеді.
Өңір экономикасына ағымдағы жылдың 6 айында 87 млрд теңгенің инвестициялары тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,2 пайызға артты. Халықаралық қаржы ұйымдарының қаржысын тарту және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту бойынша жұмыстардың үзілмейтіні айтпаса да түсінікті. Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құны 30 млрд теңгеден асатын 73 жоба бойынша жұмыс тоқтаған жоқ. Еуропалық даму және қайта жаңғырту банкісімен бірлесіп, облыс орталығының жолаушылар тасымалдау жүйесін, сондай-ақ, жылу, су, электрмен қамту жүйелерін жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асуда.
Жиын барысында қоғам өзегінің құртына айналған жұмыссыздық мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Экономика саласында құрылған 7102 жаңа жұмыс орнының 6808-і тұрақты. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Бұрындары бюджет десе көз алдымызға ақшаның қоймасы елестейтін. Қазір сол қоймадағы қаржы жыл сайын өсіп, облыс экономикасының қалыптасуына қолайлы орта туғызып отыр. Бюджеттің бүгінгі ахуалы 250,1 млрд теңге көлемінде қалыптасып, өткен жылмен салыстырғанда 30,4 млрд теңгеге артқан.
Жалпы, ағымдағы жылдың есепті кезеңінде экономика салаларының басым көпшілігінде өсім байқалады. Жылдың қорытындысымен барлық макро көрсеткіштер бойынша жоспарланған параметрлерге қол жеткізілетін болады.