21 қаң, 2025 сағат 15:29

Толықтай қолдаймыз: министр көлікті 5 минут қыздыру туралы

Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев авто көлікті бес минуттан артық қыздыруға салынған айыппұл туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.

Министр Үкіметте өткен баспасөз конференциясында экологиялық тұрғыдан енгізілген ережені қолдайтынын айтты. 

"Солтүстік аймақтарға қатысты айтқанда, көлікті ұзақ уақыт қыздыратындар үшін бес минут жеткілікті екенін білеміз, көлік қызғаннан кейін қозғалысқа түсуге болады. Бұл кез келген солтүстік аймаққа қатысты. Сондықтан, отын үнемдеу тұрғысынан көп адамдар бұл мәселені қолдайды. Экология тұрғысынан да біз мұндай тәсілді толықтай қолдаймыз", - деді Ерлан Нысанбаев.

Тілші көлікті аязды күндерде қыздыруға 5 минут жеткіліксіз және бұл шешіммен елордалық көптеген жүргізүшілер келіспейтінін жеткізді. Бұған Экология және табиғи ресурстар министрі:

"Мен бүгін міндетті түрде көлігімді түнде далада қалдырамын — таңертең көріп, өз тәжірибемді жасап, нәтижесін сіздерге айтамын",- дейді.

Айта кетейік, елімізде көлікті тұрғын үй маңында 5 минуттан артық қыздырған жүргізушілерге айыппұл салынатыны туралы хабар үлкен резонанс тудырған еді. Бұған көптеген жүргізушілер келіспеген. Павлодар және Өскемен облысында дәл осы нормаға сәйкес жүргізушілер 5 АЕК көлемінде айыппұл арқалаған.