04 ақп, 2021 сағат 20:18

ЕАЭО ортақ электр энергетикасы нарығы жағдайында өндірушілерді қандай өзгерістер күтеді?

Ортақ электр энергиясы нарығы жұмыс істей бастаған кезде электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушыларды қандай өзгерістер күтіп тұр? Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Эмиль Кайкиев осы мәселе жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2019 жылдың мамыр айында біз электр энергиясының жалпы нарығын құруға бағытталған хаттамаға қол қойдық. Бұл құжатта нарықтың жұмыс істеу ережелері, реттеуші өкілеттіктер және басқа да бірқатар мәселе көрсетілген. Энергия ресурстарына кедергісіз жағдай мен ашық бағаларды қамтамасыз ететін сауда тетіктеріне көп көңіл бөлінеді. Электр энергиясының жалпы нарығы жұмыс істей бастағаннан бастап көтерме саудагерлер мен сатып алушыларға ЕАЭО-ға мүше басқа елдердің сатып алушыларымен және сатушыларымен тікелей келісімшарттар жасасуға мүмкіндік беріледі. Осы хаттаманы, яғни халықаралық шартты іске асыру шеңберінде бірқатар құжат дайындалады», - деді Эмиль Кайкиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Ол электр энергиясының жалпы нарығын 2025 жылдың 1 қаңтарынан кешіктірмей іске қосу керектігін атап өтті. 

«Электр энергиясын өндірушілер үшін бұл өзгерістер сату нарығының ұлғайғанын білдіреді. Электр энергиясының көтерме сатып алушылары келісімшарт талаптары тиімді жеткізушілерді таңдай алады», - деді спикер.