
Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі мүшесі (министрі) Арман Шаққалиев Еуразиялық экономикалық одақ аясында электронды-цифрлық қолтаңба енгізу мүмкіндігіне қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Белгілі бір қолайсыздық туындайды. Өйткені, үйдегі электрондық-цифрлық қолтаңбаны қолдану затты сатып алатын елге барғаннан, филиал немесе өкілдік ашқаннан әлдеқайда жеңіл екендігі белгілі. Бүгінде комиссия өзге елдермен бірге іс-шаралар жоспарын әзірледі және бірінші жартыжылдықта оны бекітуіміз қажет. Әрине, біздегі мемлекеттік сатып алулардағы цифрландыру деңгейінің әртүрлі екендігін де қаперге аламыз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның атап өтуінше, тағы бір мәселе мұндай қолтаңбалардың түпнұсқа екендігін дәлелдеуге және өзге де техикалық аспектіге қатысты болмақ.
«Бүгінде қарқынды түрде консультация жүргізіп жатырмыз және бізде аталған мәселені жүзеге асыруға қатысты нақты түсінік бар. Естеріңізге сала кетейін, бізде 2025 жылға дейін қатысушы елдерде мемлекеттік сатып алуларды толықтай цифрландыру жөніндегі стратегиялық бағыт қабылданған», - деді Арман Шаққалиев.
