
Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым жөніндегі мүшесі (министрі) Эмиль Кайкиев Еуразиялық экономикалық одақ аясында газдың ортақ нарығына қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта нақты құнын атау мүмкін емес. Бүгінде бізде газдың ортақ нарығын қалыптастыру жөніндегі бағдарлама бар. Оған сәйкес, газ жеткізу жөніндегі екіжақты халықаралық келісімшарттардан бөлек келісімшарттарды жүзеге асыру нарықтық баға бойынша жасалуы тиіс», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихаты барысында.
Мәселен, оның түсіндіруінше, газ жеткізу туралы екі мемлекет келісімшарт жасайды. Дәл осы құжат халықаралық келісімшарт деп аталады. Соған сәйкес, шаруашылық жүргізуші субъект келісімшартты жүзеге асыру үшін шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында шарт жасасады.
«Бізде халықаралық келісімшартты жүзеге асыру мақсатында шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында тікелей шарт, биржалық шарт (биржалық мәміле бойынша) және екіжақты шарт жасасуға болады. Әзірше, газды тасымалдауға арналған тарифті дайындау тетіктері жоқ. Қазіргі уақытта газдың ортақ нарығы туралы халықаралық келісімшарт дайындалып жатыр және аталған келісімшарт аясында газға арналған транзиттік көлік тарифінің ұстанымдары бекітіледі. Бұл келісімшартқа қол қою 2022 жылға қарастырылған. Ал қазіргі уақытта ол дайындалу үстінде. Ол 2025 жылдың 1 қаңтарынан бұрын күшіне енбейді. Міне сол кезде ғана газ тасымалының бағасын қалыптастыру жөнінде белгілі бір ұстанымдар жайында сөз қозғауға болады», - деді Эмиль Кайкиев.
