Фото:gov.kz
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бізге не берді? Бұл сұраққа журналист Арман Әубәкір жауап берді.«Бұл іс-шара ең әуелі ұлттың рухын бір көтеріп тастады. Даңғойлық, мақтаншақтық десеңіз де өз еркіңіз. Әдетте өз-өзіне сенбеген адам ешқандай жетістікке жете алмайды. Тура сол сияқты рухы пәс ұлт та жасампаздық деңгейге көтеріле алмайды. Өткен қателіктер мен ақтаңдақтардан сабақ аламыз. Ал тарихтағы жетістіктер ұлт ретіндегі өз-өзімізге деген сенімділігімізді арттырады. Осынау Көшпенділер ойындарында еліміз өткен тарихқа саяхат жасап, ежелгі көшпенділер өркениетін көзбен көргендей керемет әсерге бөленді. Өшкені қайта жаңғырып, өлгені қайта тірілгендей қазақ елі бір рухтанды. Бойындағы ұлттық коды оянып, өздерінің нағыз түп-тамырын тапқандай болды. Бұл ауқымды іс-шараның тағы бір көзге көрінбейтін терең мәні бар. Ол жат діни радикалдық ағымдарға қарсы ұлттық иммунитетті ояту. Әсіре діншілдердің қазақ мәденинтіне оқтын-оқтын шабуыл жасап, олардың шамалары жетсе, бізді түп-тамырымыздан, төл болмысымыздан қопарып тастауға ұмтылып жүргені баршаға аян. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бай тарихымызды, асыл мұрамызды жарқыратып айдай әлемге көрсетті. Соның арқасында, ұмыт қалған көшпенділер дүниетанымы, этнографиялық элементтер санамызда қайта жаңғырды. Егер де ұлттық болмысымызды жоғалтпасақ, жат діни ағымдар біздің есігімізден де сығалай алмайтын болады», - деді журналист.
Мемлекет басшысы мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу бүгінгінің жұмысы екенін айтқан еді. Мысалы, өзіміз іргесінде отырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бай тарихымыздың символы саналады. Оның ұлт руханиятындағы орны ерекше. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілген. Бұны Тоқаев қолдайды.
Ал Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес, Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосты. Осыған орай Парламент мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы ұсынылды. Заң жобасына сәйкес Түркістан ерекше мәртебеге ие болады.
Сонымен қатар келесі негізгі өзгерістер қарастырылған:
• Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру;
• Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу;
Түркістанға ерекше мәртебе берілсе, не өзгереді? Аймақ басшысы Дархан Сатыбалдының айтуынша, жобаны бүкіл Түркістан халқы күтіп отыр.
«Ерекше статус бізге әртүрлі шешімдер қабылдап, тиісті шараларды жүргізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл қаланың рухани және мәдени дамуына серпін береді. Кесенені, құрылыстарды реттеу керек. Түркістан қаласының өз стилі болуы тиіс. Осыған байланысты құрылыс жөніндегі кеңес құрылады. Ал қалалық мәслихатқа 65-ке жуық құзыр беріледі», - деді облыс әкімі.