20 нау, 2018 сағат 15:19

Думан Рамазан. Алаң (хикаят)

1979 жылдың көктемі. Маусымның 14-інші жұлдызы. Целиноград қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылық институтының Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің бесінші курс студенттері соңғы сабақ болатын аудиторияға үздік-создық кіріп, орындарына жайғасып жатты.

Дәл осы кезде он минуттық үзілістің біткенін хабарлаған қоңыраудың сыңғыры естілді. Арада сүт пісірімдей уақыт өте шықты. Бірақ, оқытушының қарасы көріне қоймады. Студенттер өзара күбір-сыбырға көшіп, шуылдап-дуылдай бастады. Курс старостасы Қазақбай қолындағы былғары сумкасын орындыққа қоя салды да, есік жаққа қарап:

– Шапров тағы қайда шапқылап кетті екен? – деді дауысын созып. – Қып-қызыл коммунистің кешіккені қалай?!

– Облыстық партия комитетінің білдей бір лекторы қашан келіп-кететінін сенен сұрайды дейсің бе?  – деді Ерлік миығынан күліп, – Қазір екі қолын қайшылап жететін шығар, қырдың қызыл түлкісіндей жылмаң қағып...

– Тап соны сағынып отырған ешкім жоқ! Келмесе, келусіз қалсын, дәрісі дәру деймісің! Партияның қаулы-қарарлары туралы қақылдап, құр босқа құлақты сарсытады. Ол лекция оқыса, қараптан қарап ұйқым келеді-ей! – Қазақбай қолдарын партаның үстіне қойып, басын қисайта бергені сол еді, осы сәтті аңдып тұрғандай үстіне жеңі шолақ ақ көйлек киіп, қызыл галстук тағынған елулер шамасындағы Целиноград облыстық партия комитетінің лекторы Алексей Шапров алқын-жұлқын кіріп келді.

Алқынып тұр, ентігін баса алар емес, таңқиған танауы пыс-пыс етеді. Сарғыш шашының төбе тұсы тікірейіп кеткен, секпіл бетінің ұшы қызарып тұр. Қалқиған құлағы сопақ басына қолмен желімдей салғандай көзге қораштау көрінеді. Бойы бір тұтам, өзі сидиған арық. Қышымасы бардай, оң қолымен бетін сипай береді. Жыпылық қаққан көкшіл көздерімен студенттерді бір шолып шықты да, қолындағы журналын ашып жатып қайта жапты.

– Амансыңдар ма, балалар? Көңіл-күйлерің қалай? – Дене-тұрқы қушиып тұрғанымен, дауысы зор, күннің күркіріндей күркіреп шығады, – Кәне, төрт көздерің түгелсіңдер-ау деймін, бүгін қараларың көбірек екен, тізіммен түгендемей-ақ қояйын! Обкомдағы бір маңызды жиынға қатысып,  кешігіп қалғаным. Есесіне, құр келген жоқпын, тосын сый ала келдім.

– Ол не сый? – Дауыс жан-жақтан жамырай шықты.

– Бұл бір керемет жаңалық!

– Айтсаңызшы, енді! – Студенттер оқытушының аузына қарай қалысты, – Қандай жаңалық?

– Асықпаңдар, аптықпаңдар, балалар, қазір өзім рет-ретімен бәрін баяндаймын. Бүгінгі дәрісіміз «Кеңестік немістер» тақырыбына арналмақ, – деп шәкірттерін өзіне қаратып алған тәжірибелі ұстаз лекциясын бастап кетті.

Лектор Кеңес одағындағы немістер туралы кеңінен көсілді. Алдымен Ресейге, одан Қазақстанға қалай және қашан келгендерін, қилы-қилы өмір жолдарын, қақпақылға түскен тағдыр-талайларын, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі көрген қиыншылықтарын, жазықсыздан-жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, қиын-қыстау күндерді бастан кешкендерін, Еділ жағалауындағы автономиялық республикаларының заңсыз таратылып, ал оны мекен еткен неміс диаспорасының күштеп жер аударылып, одақтас республикаларға тарыдай шашырап кеткенін тіліне тиек етіп, оларға бір бүйрегі бұратынын сынамалап жеткізді.

– Осы әділетсіздіктің орнын толтыру үшін КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бастамасымен қазақ жерінде неміс автономиялық облысын құру туралы КОКП Орталық Комитетінің қаулысы шықты. Біздіңше,  өте дұрыс шешім және дер кезінде қолға алынып жатқан ауқымды шара. Бұл неміс диаспорасының шатқаяқтаған тірлігін түзеуге мол мүмкіндік туғызады, ұлттық ерекшеліктерін сақтап, оны дамытуға деген табиғи ұмтылыстарына тың серпін береді, – Шапров сәл-пәл кідіріс жасап, кеңірек тыныстап алды да, бетін сипап қойып, – Осыған байланысты Қазақстан Орталық Комитетінің екінші хатшысы Коркин бастатқан республикалық он үш министрлік пен облыстық ведомство жетекшілері  Ерейментауға барып, алқалы кеңес өткізіп, істің барысын жан-жақты пысықтап қайтты. Онда Алматы – Ерейментау арасына тікелей телефон байланысын орнату, болашақтағы автономия мекемелерін орналастыру, құрылыс жұмыстарын өрістету және басқа да ұйымдастыру шаралары қаралған көрінеді. Естіп-білуімізше, жаңа облысқа бірінші хатшы болып Андрей Браун, ал облыстық атқару комитетінің төрағалығына Мақтай Сағдиев тағайындалатын көрінеді. Сөйтіп, еліміздегі облыстардың саны жиырмаға жетпек. Бұл дегеніңіз үлкен жетістік, керемет жаңалық емес пе?! Бұған қеңес халқы түсіністікпен қарау керек!

Бағанадан бері іштерінен тынып, үн-түнсіз тыңдап отырған студенттер осы тұсқа келгенде бір-бірлеріне қарасып, орындарынан қозғалақтап кетті.

– Бұл қалай?

– Оның қандай қажеттілігі болды екен?

– Ашпас бұрын, ақылдасып-кеңесу деген болмаушы ма еді?! – деп шуласа кетті. – Орталық комитет қашанға белден баса береді?!

– Бұл немістердің шет елге жаппай қоныс аударуын тоқтата алатын бірден-бір шешім.  Көші-қон қарқыны үдей берсе, Қазақстанның тың және тыңайған жерлерінде жұмыс істейтін адамдар қалмай қалуы мүмкін. – деді лектор беті бүлк етпей.

– Осы уақытқа дейін тұрып келгенде, енді түп қотарыла көшіп кетеді дегенге сену қиын, – деді Қазақбай шыдай алмай орнынан атып тұрып. –  Сонда нақты қай жерде құрылмақ?

– Неміс автономиялық облысының орталығы Ерейментау қаласы болмақ, оған Қарағанды, Көкшетау, Павлодар және Целиноград облыстарының құрамындағы бес ауданның территориясы кірмек. Нақтылап айтар болсақ, Целиноград облысының Ерейментау және Сілеті аудандары, Павлодар облысының Ертіс ауданы, Көкшетау облысының Уәлиханов ауданы, Қарағанды облысындағы Молодежный ауданының Молодежный поселкелік кеңесі, Дальненский, Пролетарский, Родниковский, Тельман және Шідерті селолық кеңестері. Сонда оның аумағы шамамен 46 мың шаршы шақырымға жетіп, халқы 200 мыңнан асып түспек, оның 30 мыңы немістер, ал партия ұйымының құрамы 10 мың коммунистен артық болар еді.

– Бұл әділ шешім емес! – деді Қазақбай түтігіп, – Түсіндіріңізші, басқа жерде емес, неге неміс автономиялық облысы Қазақстанда құрылуы керек? 

– Қазір елімізде екі миллионға жуық неміс тұрады. Соғыстан кейінгі жылдары олар негізінен Қазақстан, Қырғызстан, кейбір Сібір облыстарының аумағына қоныстанып, сіңісіп кетті. Кеңестік немістердің жартысынан көбі –  936 мың адам Қазақстанда тұрады. Олар республика халқының 6,6 пайызын құрайды, ал Қарағанды, Көкшетау, Павлодар және Целиноград сияқты облыстарда – 10-13 пайыз. Республикада неміс халқы сан жағынан көп болатын 230-ға жуық елді мекен бар. Қазақстанның таңдалғаны да сондықтан.

Қазақбай көмейіне келіп кептелген кесімді сөзін айтып тастауға оқталды да, бір сәт бойын кернеген ашуын ақылға жеңдіріп:

– Автономияны Қазақстанда емес, Ресейде құру керек. Құрғыш болса, соғыс жылдары таратылған Еділ жағалауындағы Неміс автономиясын қайтадан қалпына келтірсін! – деді ойын жұптап.

– Еділ жағалауында құруға еш мүмкіндік жоқ, өйткені онда немістер қазір жоққа тән. Тағы да қайталап айтамын, Кеңес еліндегі немістердің жартысына жуығы қазақ жерінде тұрады, мұнда әбден сіңіскен, кетіп қалса ауыл шаруашылығы тоқырауға ұшырайды, құрдымға кетеді... – Шапров бетін тағы бір мәрте сипап қойды.

– Ел мен жер біздікі. Сол үшін ата-бабаларымыз жан алып, жан берісті,  қан мен тер төкті. Қасиетті қазақ жерінде неміс автономиясы құрылады дегені не сұмдық! Біз бұған мүлде қарсымыз! –  деді Ерлік те орнынан атып тұрып. – Ойбай-ау, Ерейментау халқымыздың қасиетті қонысы емес пе?!

Шапровтың көзі шапыраштанып, шарасынан шыға адырайып кетті. Студенттердің шамырқанған жантолқыныстарын байқап, тастай түйілген қас-қабақтарынан қаймығып, бір сәт ләм-мим деп жауап қатуға да шамасы келмей, безірейіп отырып қалды. «Орталық Комитеттің шешіміне қарсы шығатындай сендер кімсіңдер?» дегендей, іштей менсінбеушілік те жоқ емес. Өңі бұзылып, сұр жыландай сұрланып шыға келді. Абырой болғанда осы кезде дәрістің аяқталғанын ескертіп, қоңырау үні сыңғыр ете қалды. «Күткенім осы еді!» дегендей, Шапров алдындағы қағаздарды тез-тез жиыстырып, қара портфеліне сала салды да,  аяғын асыға басып шығып кетті. Оның қарасы көрінбей кетісімен Қазақбай  ортаға атып шығып:

– Жігіттер, қыздар, бұдан өткен сорақылық болмас! Бұл – етімізден ет кесіп бергенмен бірдей! Қарсы шығып, тосқауыл қоймасақ болмайды! – деді дауысын көтеріп, – Тышқақ лақ құрлы жоқпыз ба, тым болмағанда бауыздар кезде мал екеш мал да тұяқ серпиді ғой! Егер осыны қолдасаңдар, сағат үште біздің бөлмеге жиналыңдар. Жеріміз жатқа кетіп бара жатқанда қарап қалғанымыз жарамас!

– Дұрыс!

– Қолдаймыз!

– Қостаймыз! – деген дауыстар жарыса шықты.

Облыстық партия комитетінің лекторы жеткізген жайсыз хабар ашық күні жай түскендей әсер етті. Көңілдеріне алаң кіріп, жандары жабырқау тартқан жастар іштей бір қадамға тас-түйін бекінгендей түнеріп бара жатты.

* * *

Уәделескен уақытта жатақханадағы Қазақбайдың бөлмесіне курстастар біртіндеп келе бастады.  Әне-міне дегенше, бір сағаттай уақыт зыр етіп өте шықты. Сонда да студенттер толық жинала қойған жоқ.

Санасы саққа жүгіріп, ойы онға бөлінген Қазақбай түскі асын да ішкен жоқ, институттан келе сала қолына қалам мен қағаз алып, жоспар жасауға кіріскен. Содан әлі басын көтерер емес, курстастарының күбір-сыбырына да көңіл бөле қоймады. Қойын дәптерінің біраз бетін шимайлап тастапты.  Бұдан әрі күтудің мәні жоқтығын сезді ме, бір кезде есіне әлдене түскендей басын көтеріп, баппен сөз бастады:

– Біздің халық не көрмеді десеңізші, бәріне төздік, шыдадық! Енді міне, елдігіміз тағы бір мәрте сыналатын кез келді. Ырғалып-жырғалып жүруге уақыт жоқ, қазірден бастап қимылдамасақ болмайды. Ертең кеш қаламыз!

– Сонда не істе дейсің? – деді Батыр айбаттанып, – Тоқетерін айтсаңшы, аянып қалар жайымыз жоқ!

– Иә, еліміз бен жеріміз үшін жан құрбан! – деді Талап та қатуланып, – Неміс облысы ашылса, ұйғырлар мен кәрістер де, шешен-ингуштар мен орыстар да автономия талап етеді. Сөйтіп жеріміз жырымдалып, ту талақайы шықпай ма?! Онсыз  да өзбек акаларымыз айлаларын асырып талай жерімізді тақымдарына қысып кетті емес пе?! Бұлай үнсіз қала берсек, кең байтақ жерімізден тулақтай да қалмайтын шығар!.. «Бұға берсең, сұға береді» емес пе?! Қашанғы бұға береміз?..

– Расында да бұған жол беріп қойсақ, құрылғалы жатқан облыс территориясына немістер жаппай қоныстанады да, болашақта жаттың жеріне айналып, ол маңнан қазақтар қуылады! – деді Қайрат зілденіп, – Ендеше бұның алдын алмаса болмайды!

– Қасиетті жерімізді фашистерге бермейміз! – деді Қайсар да қарап қалмай, – Кәне, айтарыңды, ашып айт! Не істеуіміз керек? Айтысуға да, тартысуға да, алысуға да, жұлысуға да, тіпті керек болса, атысуға да, шабысуға да дайынбыз!

Курстастарының сөзі дем берген Қазақбай жөткірініп алды да, қағазына бір қарап қойып:

– Ендеше, былай: осы сәттен бастап автономияға қарсы күресіміз басталды деп есептеңдер! Ақылмен, кеңінен кеңесіп іс істесек, шешілмейтін мәселе болмайды! Осыған сенейік!.. – деп азырақ дем алды да, сөзін ары қарай жалғастыра берді, – Мен ең алдымен Коммунистік Партияның Орталық комитетінің бас хатшысы Брежнев пен Қазақстан Компартиясының басшысы Қонаев жолдастардың атына Қазақстанда неміс автономиялық облысын құруға болмайтыны жөнінде үндеу жаздым. Бұған кем дегенде жүз, әйтпесе мың адамға қол қойдырып, ертеңнен қалдырмай Москва мен Алматыға пошта арқылы салып жіберу керек!

– Меніңше оны бүкіл қазақстандықтардың атынан жазу керек! Әсіресе орыс ағайындарды ісімізге тарта алсақ, сөзіміз салмақтырақ болады. Тек қазақ десек, ұтыламыз! – деді Мақсат ой  қосып, – Орыстардың, тіпті немістердің атынан да автономияның құрылуына қарсылық білдірген хаттар мен телеграммаларды Орталық комитет пен Қазақстан компартиясының атына қарша борату қажет! Бірақ білініп қалмайтындай, өте сауатты жазылсын. Шын мәнінде орыс пен неміс жазып отырғандай тиянақталатын болсын! Сонда қай жағынан болсын ұтамыз!

– Мынау бір көңілге қонатын сөз екен! – деді Қазақбай қойын дәптеріне түртіп алып, – Кәне тағы кімде қандай ұсыныс бар?

– Бұнымен шектеліп қалуға болмайды, шынайы қам-қаракет керек. Мақсат дұрыс айтады, қолымыздан келсе, ұлтына қарамай, кәрі-жас деп бөліп-жармай, барша ел-жұртты көтеріп, көшеге алып шығу керек! – деді Мұрат та екпіндей сөйлеп, – Керек болса, соғысқа қатысқан ардагерлерді де қатарымызға тартудың жолдарын қарастырайық. Бізге қарағанда, қан кешкен ақсақалдардың сөзі өтімдірек болады. Жалпы бұған жүрдім-бардым қарамай, тыңғылықты дайындалу қажет. Сонда ғана алдымызға қойған мақсатымызға қол жеткізе аламыз.

– Естуімше, 18 маусым күні Қазақстан басшылары неміс автономиялық облысының ашылғаны туралы ресми түрде мәлімдейтін көрінеді. Ендеше, санаулы-ақ күндер қалды. Алдымен шеруге шығатын күнді белгілеп алайық! – деді Жігер де жігерін жанып, – 16-сы күні Ленин атындағы орталық алаңда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен оқу-ағарту саласы мамандарының байқауы өтеді. Оған Целиноградтағы ғана емес, облыстағы, атап айтқанда, қаланың маңайындағы оқу орындарының ұжымдары да қатысады. Кәсіптік-техникалық училищелерді бітіруші түлектерге салтанатты түрде куәлік тапсырылады. Міне біз осыны өз пайдамызға жаратып, қосақабат қарсылық шарасын өткізсек,  ұтамыз. Біріншіден сонда адамдардың алаңға жиналғанынан бастапқыда ешкім күдіктене қоймайды, екіншіден адам қарасы көбірек болады. Қазақша айтқанда, екі жеп, биге шығамыз!

– Бұл да бір табылған ақыл екен! – деді Қазақбай маңдайының тырысы жазылып, – Ендеше, былай: Орталық алаңға 16-шы маусым күні шығамыз. Өйткені, шынында да уақыт тым тығыз. Сәл кешіксек, сан соғып қаламыз! Сол үшін  бүгіннен бастап қала тұрғындарына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ұйымдастыру шараларын тездетіп қолға алған жөн. Өзіміздің иниститутпен ғана шектеліп қалмай, қаладағы барлық жоғары оқу орындарының студенттерін, кәсіптік училищелер мен техникумдардың оқушыларын да қатарымызға тарту керек.  Бұл бір. Екіншіден қазірден бастап қазақ жерінде неміс автономиясының құрылуына қарсылық білдіретін және осыған байланысты бойында намысы бар азаматтардың барлығын алаңға шығуға шақыратын листовкалар жазып, қаланың көрнекті жерлеріне жапсырып, тіпті әр үйдің есігіне іліп шығу керек. Сендердің сөздеріңнен маған мынандай ой туып отыр: листовкаларды да тек қазақтардың ғана емес, орыстар пен немістердің атынан да жазу керек!

– Ендеше, уақыт соза бермей, бірден іске кірісейік!.. – деді Елжан да белсеніп, – Мен немістердің арасында өскем, олардың психологиясын жақсы білем. Хаттар мен листовкаларды неміс болып мен жазайын!

– Ой, Елжаным-ай! – деді Қазақбай көңілі көтеріліп, – Сен қазақтың немісісің ғой! Немісті неміс қана түсінеді ғой. Сен олардың атынан хат жазып қана қойма, неміс достарыңды алаңға алып шық!

– Алаң түгіл, керек болса, ол тамырларымды Москваға ертіп апарамын.

– Ой, жарайсың, немісім! Бірақ енді қазақылыққа салынбай, немісше қимылдап, соларша іс тындыр! Ал орыс болып орысша сауатты жаза алатындарың бар ма?

– Атаңа нәлет, орыс болуды мен қатырам, – деді Ерлік күжілдеп, – Орыс өзіміз ғой, еш қиындық тудыра қоймас! Мен орыстардың арасында өскем, жора-жолдастарым да жетерлік, солардың бәрін айдап салуға шамам келеді, атаңа нәлет!

– Ата-анаң атыңды тегін Ерлік қоймаған шығар, онда орыс болып хат дайындау мен орыс таныстарыңды көтеруді саған тапсырамыз! Бірақ, оларға қосылам деп ағарғанның әкесін танытып, басыңның қайда қалғанын білмей қалып жүрме! – деді Қазақбай әзіл-шынын араластырып.

Ерліктің арақ-шарапқа үйір екенін білетін курстастар ду күлді.

– Әй, мен өлетін жерімді білемін, – деп гүр ете қалды Ерлік шамданып, – Бұндай кезде ішуге бола ма?!

 – Қалжың ғой, соны да түсінбейсің бе?! – Қазақбай оның арқасынан қағып қойды, – Ал қазақшаны өзім қатырамын! Өйткені, мен қазақтардың арасында өстім! – деп сөзін әзілмен тұздықтап алды да, – Онда «неміс», «орыс», «қазақ» үшеуміз осында қалып, хат пен листовкалар жазамыз! Ал қалғандарың жоғары оқу орындары мен техникум-училищелерді аралап, адамдар көп жүретін жерлерге барып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізесіңдер. Сонымен, 16-сы күні Ленин алаңында қарсылық митингісін ұйымдастырып, шеруге шығамыз! Ал іске сәт, жігіттер, жортқанда жолдарың болсын! Кім қайда барады, алдын-ала ақылдасып алыңдар. Уақытты тиімді пайдаланыңдар, бір барған жерге қайта-қайта барып, елдің мазасын алып, берекесін қашырып жүрмеңдер! Ертең, сағат үште осы жерде тағы бас қосып, кімнің не бітіргенін талқыға салып, шеруді қалай өткізу жөнінде жоспар жасаймыз! Біздің еншімізде бір жарым-ақ тәулік бар. Сондықтан жыбырлап-қыбырлап жүріп алмай, едел-жедел іске кірісіңдер, жігіттер!

– Жақсы!  – Дауыстар жамырай шықты! – Келістік!

Елжан, Ерлік, Қазақбай үшеуі қалды да, қалғандары тындырар істерін тағы бір мәрте пысықтап алып, жедел-қабыл шығып кетті.

* * *

Шынында да студенттер аса белсенділік танытты. Қаладағы жоғары оқу орындары мен техникум-училищелерде білім алып жатқан қазақ жастарының арасына қызу үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Көптеген жанашырлар мен қолдаушылар тапты. Қатарларына қазақ жерінде тағдырлары тоғысқан өзге ұлт өкілдері мен соғыс және еңбек ардагерлерін де тарта білді. Коммунистік Партияның Орталық Комитеті мен Қазақстан Компартиясына қазақ жерінде неміс автономиясының құрылуына қарсылық білдірген хаттар мен телеграммалар бірінен соң бірі жөнелтіліп жатты.

Алдын-ала келісілгендей, маусымның 15-сі күні сағат үште студенттер ертеңгі шеру жайында ақылдасу үшін тағы бас қосты. Бұл жолы жастардың қарасы көбірек, жатақхананың аядай бөлмесі тарлық ететіндіктен, оқу залына жиналды.  Әркім өзінің не істеп, нені тындырғаны жөнінде есеп берді.

– Әрине, біраз шаруаның басы қайрылған сияқты, енді оны одан әрі езіп, құр босқа уақыт өлтірмейік. Одан да ертеңгі шеруді қалай өткізу жайында ақылдасайық!  – деді Қазақбай жиналған жастарды жағалай бір шолып шығып, – Әскен Нәбиев деген жерлес жазушы ағаларыңды білетін шығарсыңдар!

– Білеміз!

– Әрине, білеміз! – деп шулап қоя берді жастар.

– Білсеңдер, ол кісі жай ғана қаламгер емес, соғыс және еңбек ардагері. Сондай тектінің тұяғы мына тұрған Ерікке рахмет, – деп Қазақбай қарсы алдында тұрған орта бойлы, бидай өңді, келбетті бозбаланы қолымен нұсқай көрсетіп, – бізді қолдап әкесінің жазу мәшіңкесіне дейін алып келді. Листовкалардың көбі Еріктің қолымен жазылды, өзі мәшіңкенің құлағында ойнайды екен. Жалғыз-жарым келмей, өзі оқитын пединституттың бір топ студентін ерте келіпті. Міне, азамат!

– Ел басына күн туған шақта қалай қарап жата аламыз! – деп қостап қойды Ерік. – Қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуға қолымыздан келгенше күш саламыз! Керек болса, ертең институтымыздың студенттерін алаңға алып шығамыз!

– Рахмет, Ерік! Елім дейтін ерлер сендей-ақ болсын! Қазақтың өзіңдей жүректі ер-азаматтары тұрғанда, ешкім де жерімізді бөлшектей алмайды! Ал мына Барқыт қарындасымыз, – деп оң жағында тұрған аққұба бойжеткенге мойнын бұрып, – өзімен бірге істейтін жұмысшыларды тік көтеріп алаңға алып шықпақ! Осындай қаракөз қарындастарымыздан айналып қана кетпейсің бе?

– Бастаушылар болса, қостаушылар табылады! – деді Барқыт өзіне қадала қалған көздерге жауап ретінде, – Киелі жеріміздің талан-таражға түсуіне біз де қарсымыз! Әріптестерімнің бәрі шеруге шығуға тас-түйін дайын отыр. Тек қай жерге, қашан жиналу керектігін айтсаңдар болды. Өзім бастап барамын!

– Әп, бәрекелді!

– Қазақтың қыздары шетінен батыр, жаужүрек қой!

– Жасасын, қазақ қыздары! – Дауыстар әр тұстан шықты.

Жиналған жұрт Ерік пен Барқытқа ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырып жатты.

Жастар шеруге қалай шығудың жоспарын тағы бір қайтара пысықтап алды да, ертең таңмен таласа тұрып, жатақхана жанындағы саябаққа жиналуға уағдаласты.

– Бірақ, іс бұнымен бітпейді, әлі де үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыра береміз, кейбіріміз листовкалар таратамыз, енді біреулеріміз  қалалық телефон анықтамалығын қолымызға алып, қала тұрғындарының үйлеріне қоңырау шалып, ұлтымыздың болашағы үшін ертеңгі шеруге қатысуға шақырамыз. Ал біз Еркін, Алмас, Махаббат, Айсана, Гүлсезім алтаумыз осында қалып, ертеңгі демонстрацияға арнап ұрандар мен плакаттар жазып, транспаранттар дайындаймыз. Ал, іске сәт! Ата-баба аруағы қолдасын! – деп сөзін аяқтады Қазақбай ауыр дем алып. – Түн өзіміздікі, бүгін ұйқыны қоя тұрыңдар!

Сенімдері бойларына күш-қуат дарытып, үміттері алға жетелеген жалынды жастар осы бір жүйелі сөзге үнсіз келіскендей орындарынан қозғала бастады.

* * *

Ертеңінде, яғни маусымның 16-шы жұлдызында таң атысымен Қазақ ауыл шаруашылығы институты жатақханасының жанындағы саябаққа студенттер мен жұмысшылар біртіндеп жинала бастады.

Ұясынан қылтиып шығып келе жатқан күміс күн шуағын молынан шашып, төңіректі әп-сәтте жап-жарық қып жіберді. Таңғы таза ауа бозбалалар мен бойжеткендердің шаршауын басып, ұйқысын қашырып, бойларын сергіте түседі. Салқын самал жандарын желпіп, жүздерін аймалап, жігерлерін жанығандай ерекше сезімге бөлейді.

Бас-аяғы жиналған кезде жастар алдын ала жасаған жоспарлары  бойынша сарбаздардай сап түзеп алды да, орындарынан жайлап қозғала берді. Саябақтан тура шығып, Бейбітшілік көшесіне түсті де, Целиноград облыстық партия комитеті ғимаратының алдыңғы жағындағы Ленин атындағы орталық алаңға қарай бет алды. Қолдарында орысша һәм қазақша жазылған ұрандар мен транспаранттар, кейбіреулер тіпті Кеңес Одағы мен Қазақстанның мемлекеттік туларын көтеріп алған. Араларында дыбыс күшейткіш микрофон ұстағандар да бар,  ащы дауыстарымен барынша айғайлап, ұрандатып келеді:

  – Халықтар достығы жасасын!

  – Неміс автономиясы құрылмасын!

  – Қазақстан халқы ішкі шекарасыз өмір сүреді!

  – Қазақстан аумағын халқының келісімінсіз өзгертуге болмайды!

  – Қазақ жерін бөлшектеуге қарсымыз!

  – Қазақстан біртұтас және бөлінбейді!

  – Халықтар арасына сына қағылмасын!

  Көше кезген кейбір қала тұрғындары да қызық көру үшін шерушілердің қатарына қосылып, адам қарасын молайта түсті. Жастардың ащы айғайын естігендер де бірдеңеден құр қалатындай орталық алаңға қарай аяңдады.

Күткендеріндей, орталық алаңда облыстық білім қызметкерлерінің мерекелік іс-шарасына қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Арлы-берлі сабылысып, әзірлік қамымен шапқылап жүрген білім басқармасының мамандары қара құртша қаптаған бейтаныс адамдарды көріп, таң-тамаша қалды.

Шерушілердің оларға қарауға мұршалары болған жоқ, келе-сала іске кірісіп кетті. Әй-шәй жоқ, дайын тұрған мінберге шығып, микрофонды қолдарына алған жастар барынша дауыстап, облыстық партия комитетінің басшыларын көпшіліктің алдына шығып, халықтың талап-тілегін тыңдауға шақырды.

Көп ұзамай алаңның шетіне ақ волга келіп тоқтады, одан Целиноград облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Зейнолла Шайдаров бастаған атқамінерлер түсіп, жиналған жұртшылыққа қарай беттеді. Аяғын алшаң басып келіп, мінберге көтерілген хатшы ыңырана сөз бастады:

– Немістердің жағдайын түсінгеніміз жөн. Кезінде қиянат жасалды, еріксіз жер аударылды. Тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тарихи жадын сақтауға қысымшылық жасалды. Енді сол олқылықтардың орнын толтыру үшін өкімет автономия мәселесін шешпек. Бұған қарсылық жасамайық. Митингілеп, улап-шулап ештеңе шеше алмайсыңдар. Пиғылымызды тарылтпайық, совет халқына тән кеңпейілділік танытайық, – дей беріп еді, оның ішіне қулық жасырған құйтұрқы сөзіне қанағаттанбаған жастар онан сайын даурығып, айғай-ұйғайға басып, ысқырып-пысқырып, сөйлетпей қойды.

Хатшының сөзін облыстық атқару комитетінің төрағасы Абылайхан Жолмұхамедов іліп әкетті:

– Облыстық кәсіподақтар ұйымының клубына кіріңдер, сонда сөйлесейік, – деп мәйпаздай жөнеліп еді, оның сөзін де ешкім құлағына қыстыра қоймады.

– Біз бөлініп-жарылып ешқайда бармаймыз! Айтатындарыңды көптің көзінше айтыңдар! – деп шулап қоя берді шерушілер. – Ойымызды айтуға, шағымымызды жеткізуге мұрсат беріңдер!

Ашу-ызалары бойларына сыймай тұрған халықтың ау-жайын аңдады ма, қас-қағым сәтте облыс басшыларының арыны басылып қалғандай кейіп танытты. Жынын алдырған бақсыдай жуасып, табан астында өздері де, сөздері де өзгеріп шыға келді:

– Сөйлеңіздер, айтарларыңызды ашық айтыңыздар, ол өз еріктеріңіз! – деді хатшы майлы ішектей жылпылдап. – Хұқықтарыңызды ешкім де шектейін деп жатқан жоқ!

Осындай оңтайлы сәтті күтіп тұрған Қазақбай мінбеге атып шығып, Орталық Партия Комитетінің атына жазылған үндеуді оқыды:

– Кеңес Одағы Компартиясының Саяси бюросы Қазақ КСР-інің территориясында неміс автономиялық облысын құру туралы қаулы қабылдапты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы  Коркин бастаған біршама министрлік басшылары осы мәселені пысықтау мақсатымен облыста болып, Ерейментау қаласымен танысып қайтыпты.

Қазақстанда неміс автономиялық облысын құруға еш негіз жоқ! Бұл ұланғайыр атырап қазақ халқының ежелгі мекені, атақонысы. Найзаның ұшы, қылыштың жүзімен қорғап, бүгінгі ұрпаққа аманат еткен ата-бабаларымыздың табанының ізі қалған, асқақ рухы сіңген, қорымдары жатқан қасиетті жеріміздің немістерге берілуі тарихи әділетсіздік, халқымызға жасалған қиянат! Біз ұлттық мәдениет пен халықтық салт-дәстүрлер сақталған осынау шежірелі өлкені біреулерге бөліп беруге, бөлшектеуге қарсымыз!

Қазақ жерінде жүзден аса ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр, ешкімнің құқығы шектелмеген, арамызда ешқандай түсініспеушілік жоқ! Партиямыздың бастауымен коммунистік құрылысқа бәрі бірдей белсенді түрде атсалысып келеді.

Біз, Қазақстан халқы неміс автономиялық облысын құруға үзілді-кесілді қарсымыз, оған ешқашан келісім бермейміз! Бұған тек қазақ халқы ғана емес, елімізде тағдырлары тоғысқан өзге ұлт өкілдері, тіпті неміс ағайындардың өздері де қарсы. Сондықтан Орталық Комитет пен Жоғарғы Кеңестен біздің мәлімдемемізге құлақ асып, оңтайлы шешім қабылдауын табанды түрде талап етеміз!

Қазақбай үндеуді оқып болды да, оны облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Зейнолла Шайдаровтың  қолына тапсырды:

– Мына үндеу-хатқа мыңға тарта адамның қолы қойылған. Талап біреу-ақ: Қазақстанда неміс автономиясы құрылмасын! – деді сөзін салмақтап. – Соның нақты жауабын беріңіздер!

Осы кезде мінбеге жүгіріп шыққан қызыл көйлекті, сары шашты толық бойжеткен микрофонды жұлып алып:

– Мен Оралдан келіп, осында оқып жатқан орыс қызы – Анна Копылова боламын. Біздің де талабымыз сол – Қазақстанда неміс автономиясы болмасын! – деді жұлқына сөйлеп. – Бәріміз де қазақ жерінде емін-еркін ғұмыр кешіп, алаңсыз білім алып жатырмыз. Ешкімге қысым жасалып жатқан жоқ. Бәріміз тең құқылымыз! Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз. Кімге жаман, өтірік болса айтыңдаршы, өздерің?!. Бәрі жақсы ғой!

Жан-жақтан:

– Әп, бәрекелді! Дұрыс-ақ!

– Дұрыс айтады!

– Неміс автономиясына жол жоқ!

– Қазақ жері бөлшектенбесін!

– Біз Кремльдің шешімін айыптаймыз!

– Қандай жолмен болсын автономияны құрғызбауға күш саламыз, бұл жолда ештеңеден тайынбаймыз!

– Аянып қалар ештеңеміз жоқ! Керек болса, жеріміздің тұтастығы үшін қан төгеміз, жан береміз! Бірақ ешкімге отау ішінен отау тіктірмейміз!

– Ата-баба жерін фашистерге беріп қояр жайымыз жоқ!

– Немістер Сібірге қуылсын! – деген ащы айғайлар естілді.

– Бұл әлі нақты шешілген мәселе емес. Әлі жарлық жоқ. Кім біледі, мүмкін автономия басқа жерден берілер. Ақырын күтейік... – деді Абылайхан Жолмұхамедов жиналғандарды сабырға шақырып. – Мына хаттарыңа көп кешіктірмей ресми түрде жауап береміз!

– Бұлардың сөзіне сенім жоқ, өтірік айтады!

– Алдап тұр, қызталақтар!

– Сенбеңдер оларға! Беті қалың бұлардың, ертең іс насырға шапса, ештеңе білмедік-көрмедік деп, айтқандарынан танып шыға келеді.

– Біз талап-тілегіміз орындалмай, бұл жерден ешқайда кетпейміз!

Халықтың айғай-шуы тіпті күшейіп кетті. Істің насырға шауып бара жатқанын сезе қойып, көпшіліктің ығына жығылғандай кейіп танытқан облыстық атқару комитетінің төрағасы:

– Айналайындар-ау, айтқанға құлақ ассаңдаршы, бұл біз шеше салатын, бүгін шешіле қалатын мәселе емес қой. – деді шарасыздығын мойындап. – «Сабыр түбі – сары алтын» деген, ақылға келіңіздер, шыдамдылық танытыңыздар! Бәрі реттеледі, орнына келеді. Әзірше үйлеріңізге тараңыздар, алаңдауға ешқандай негіз жоқ.

– Онда қашан жауап беретіндеріңді нақты айтыңдар! – деді Қазақбай онан сайын тықсыра түсіп. – Күтумен құр босқа уақыт өткізіп, алданып қалып жүрмейік!

– Екі-үш күн дедік ғой, әрі кетсе 19-ына дейін нақты жауап аласыңдар!

– О, жарандар, сенейік! Егер өтірік айтып, түлкібұлаңға салса, 19-ы күні дәл осы жерде қайта жиналамыз, бүкілхалықтық шеру ұйымдастырамыз! – деді қасарысып ештеңе өндіре алмасын түсінген Қазақбай жиналғандарды мәмілелесуге шақырып. – Одан әрі күте алмаймыз!

– Жөн!

– Жөн сөз!

– Адамша айтып тұр ғой! Тыңдайық!.. Сенейік!..

– Алдаса, өздерінің ар-ожданына қалдырайық!

Жұрттың ашу-ызасы тарқай бастады ма, алғашқы арындары басылып, біртіндеп сабаларына түсе бастады. Тек әскери киім киіп, кеудесіне орден-медаль таққан бір соғыс ардагері қаһарына мініп: 

– Әй, айтыңдаршы, сонда біз  немістерге жерімізді беру үшін соғыстық па?  – деп облыстық атқару комитетінің төрағасына қарай қолындағы таяғын ала жүгірді. – Сол үшін қан төктік пе?

Амалсыздан артқа қарай шегіншектей берген Абылайхан Жолмұхамедов:

– Ақсақал, сабыр етіңіз, алаңдауға еш негіз жоқ! Бәрі шешіледі жайлап, – деп сырғақсытты. Жыпылық қаққан көзі мен жарықшақтана шыққан сөзінен қобалжу байқалады. – Орталықпен байланысқа шығып жатырмыз! Қолдан келгенше оң шешім қабылдауға ықпал етеміз!

Ақсақал айылын жияр емес, қалтыраған қолдарымен таяғын көкке көтеріп:

– Егер немістерге жер берілетін болса, алдымен сендердің ауыздарыңа қан қаптырамын, – деді облыс басшыларын ала көзімен атып, – Қолымыздағы қан әлі кебе қойған жоқ!

– Қойыңыз, бұныңыз не?! Одан да жастарға ақыл мен басу айтпайсыз ба! – деді Зейнолла Шайдаров мырза қабағын кіржитіп. – Әлі бүлінген дәнеңе жоқ!

– Бүлінбесе, бүлінгелі тұр ғой! – Ақсақалдың түксиген қабағы жазылар емес, – Жастардың талабы орынды, не деп ақыл, қалай басу айтарсың!

«Саған дауа жоқ екен!» дегендей маңдайларын тыржитқан облыс басшылары қарт жауынгерді іштерінен жақтырмаса да, сырттарынан сыр алдырмастан жөндеріне кете барды.

Шерушілер екі-үш күннен кейін, яғни 19-маусым күні қайта жиналуға сөз байласты. Осы уақыт ішінде тоңмойын билік автономияға қатысты нақты жауабын беруі тиіс. Осындай тоқтамға тоқтасқан жұртшылықтың қатары  біртіндеп сетіней бастады.

 Ешкімнің ескертуінсіз-ақ бір жерге топтаса қалған студенттер қайтадан сарбаздардай сап түзеп, Бейбітшілік көшесінің бойымен темір жол вокзалына қарай аяңдады. Жол бойы көп қабатты үйлердің балкондарынан әлдекімдер шеруге қатысушыларды суретке түсіріп жатты. Алдыңғы жақта келе жатқан Қазақбай анда-санда дауысын қаттырақ шығарып:

– Әр қадамымыз аңдулы, әне көрдіңдер ме, тіпті суретке түсіріп алып жатыр.  Арандап қалып жүрмейік! Ештеңеге соқтықпаңдар, тәртіп сақтаңдар! – деп жанұшыра айғайлап қояды. – Егер ши шығарып алсақ, алға қойған мақсатымызға жетпей-ақ желкеміз қиылады. Соны естеріңнен шығармаңдар!

  Жол бойы ұрандарын қайталап, желпіне түскен жастар вокзалдың алдына келгенде бір-ақ іркілді. Сол жерде шағын митинг болып, онда да орталық алаңда айтылған талап-тілектер қайталанды. Сөз алған шешендер өз ойларын ірікпей, ашық айтып жатты. Оған әр тарапқа сапарлап бара жатқан жолаушылар да қатысып, мән-жайға толық қанықты. Ұйымдастырушылардың көздегені де осы еді. Алдын ала жасалған жоспар бойынша листовкалар таратылды. Жүргіншілер бұл хабарды өздерімен бірге жан-жаққа ала кетті.

 * * *

Келесі күні Қазақбай бастатқан он бес студентті ректоратқа шақыртты. Ректордың кең кабинетіндегі ұзын үстелді жағалай жайғасқан бес-алты адам ыздиып отыр. Қабақтары қатулы, жүздерінде ызбар бар. Студенттер институтқа ара-тұра келіп-кетіп жүретін облыстық қауіпсіздік басқармасының қызметкері Марат Байтасовты ғана таныды, қалғандары бейтаныс.

– Мына кісілер сонау Мәскеуден арнайы келіп отыр, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орталық аппарат қызметкерлері. Кешегі шеруді кім ұйымдастырғанын білгілері келеді, ештеңені жасырып-жаппай, шындықтарыңды жайып салыңдар! Егер бірдеңені бүгіп қалатын болсаңдар, арты жақсы болмайды! – деп бастады сөзін институт ректоры. – Кәне, кім не біледі, кезекпен айта беріңдер!

Ешкім серкедей суырылып шығып, сөз бастай қоймады. Алдын ала келісіп алғандай, бедірейіп-безерген қалыптарында үн-түнсіз тұра берді.

Кескін-келбеттеріне қарағанда, Мәскеуден келген із кесушілер тым ашулы секілді. Алдымен шеттеу отырған көк көз, шикіл сары капитан орнынан баяу көтеріліп,  алаңға шыққан, митингіде сөйлеген, ұрандар мен транспаранттар көтерген жастардың фотосын өздеріне жағалай көрсетіп шықты.

 Ортада жауар бұлттай түнеріп отырған ақ шашты полковник үстелдің үстінде шашылып жатқан суреттердің ішінен біреуін жұлып алды да, тұп-тура Қазақбайға жетіп барып, оның алаңда сөз  сөйлеп тұрған суретін көз алдына көлбеңдетіп:

 – Мынау кім? – деді сайқалдана.

– Мен. – Бұлтаруға дәрмен жоқ.

– Иә, сен...  Немістерге неге сонша өшіктің?

– Немістерге өшіккен кім бар?

Мырс етіп миығынан күлген полковник сұрақты нақтылай түсті:

–  Онда неге алаңға шықтың?

– Мен алаңға немістерге өшіккендіктен емес, қазақ жерінде неміс автономиясының құрылуына қарсы болғандықтан шықтым.

Оған неге қарсы боласың?

– Мен Ерейментаулықпын. Бұл – ата-бабаларымның тарихи мекені, құтты қонысы. Неге бұл жер неміс автономиясына берілуі тиіс? Соны түсіне алар емеспін.

– Онда сенің не хақың бар?

– Неге хақым жоқ! Керсінше, жерімізді біреулерге бөліп беруге кімнің қандай хақысы бар?

– Әй, жігіт, партия шешімі талқыланбайды, мүлтіксіз орындалады. Ал оған қарсылық білдіріп, алаңға шығудың аяғы неге апарып соғатынын білесің бе, өзі?

– Мен бар болғаны өз көзқарасымды білдірдім.  Аузыма екі елі қақпақ қойылатындай абақтыда отырған жоқпын ғой!

Орталықтан келген шенділер бір-біріне қарай қалысты. Жап-жас жігіттің сөз саптасы ұнай қоймағаны сұстанған сұрларынан-ақ ап-айқын көрініп тұр.

– Сен әлі жассың. Көп нәрсені аңдамауың мүмкін. Біреулердің ықпалымен, айтақтауымен сөйлеген шығарсың. Шыныңды айт! Жағдайды онсыз да біліп отырмыз. Плакаттарды, транспаранттарды кімнің, қашан, жатақхананың қай бөлмесінде жазылғанын, матаны, сырды кім әкелгенін – бәрін білеміз. Сондықтан жасырып-жабудың қажеті шамалы. Одан да сені бұндай іс-әрекетке кім тартты, шеруге шығып, сөз сөйле деп кім үгіттеді? Соны айт.

– Ешкім үгіттеген жоқ!

– Демек, алаңға барып, өз еркіңмен сөйледің. Бәрін тындырып жүрген өзім дейсің ғой.

– Дәл солай!

– Сен қасарыспа, ақылға кел, келешегіңді ойла. Өмірің алда...

– Мұнымен не айтқыңыз келеді?

– Қазір институтта тегін білім алып жатырсың. Өзің ойлап көрші, партия саясатына қарсы шыққан, оның шешімінің орындалуына наразылық білдірген студентті мемлекеттік оқу орнында қалдыруға бола ма? Егер сені шығарып жіберсе, болашағыңа түп-тамырымен балта шабылмай ма?! Арман-мақсаттарың шіріген ағаштай оталмай ма?! Осыны ойладың ба?

– Менің митингіде айтқаным – айтқан. Оған өкінбеймін. Сол үшін оқудан шығартсаңыздар – шығартыңыздар. Бірақ айтқанымнан ешқашан қайтпаймын!

–  Сонда не істейсің?

– Не істеймін?! Ерейментауға кетемін. Ел іші ғой. Бір жөні болар...

Ол Қазақбайға сөзін өткізе алмасын сезді ме, оның сол жағында состиып тұрған Ерлікке қарай бұрылып:

– Ал саған алаңға шық деп кім айтты? – деді қатқыл үнмен.

– Ешкім! – Қысқа қайырды.

Полковник оған ала көзімен ата бір қарады да, Мақсатқа тақап келіп:

– Мүмкін саған біреу айтқан шығар? – деді қабағын кіржитіп.

– Айтты! – деді ол күмілжіңкіреп.

– Кім?

Үстелді жағалай отырған шенділер де құлақтарын түре түсті. Студенттер де жапатармағай Мақсатқа қарай қалысты. Бірақ сабазың сасар емес, айтатын жаңалығын бұлдағандай ерекше маңғаз қалыпқа енген.  Кімнің атын атар екен деп тағатсыздана түскен полковник шыдай алмады:

– Айта ғой, қорықпа! – деді аузына түсіп кететіндей тықыршып. Осы кезде ғана есіне бірдеңе түскендей кейіп танытқан Мақсат аспай-саспай:

– Өз жү-р-егім! – деді оң қолын жүрек тұсына апарып.

Жастар ду күлді. Мазаққа айнала бастағанын сезген полковниктің жүзі қабарып, түтігіп кетті. Сонда да бір құпия-сырдың шеті шығып қала ма деген дәмемен езулерін жиып үлгермеген студенттерді жұлқылай бастады:

– Әкең айтты ма? Әлде, ағаң үгіттеді ме? Мүмкін, шешең бар деген шығар? Оқытушыларың жұмсады ма? Жоқ әлде, басқа біреулердің саяси тапсырмасы ма? – деген сықылды құйтұрқы сұрақтарды қойып жатты. Бірақ олардан «Алаңға өзіміз шықтық!» дегеннен басқа мардымды жауап ала алмады.

Өз ойын жүзеге асыра алмаған полковниктің жүйкесі сыр беріп, талағы тарс айырылды:

– Сендерді құрту керек, көздеріңді жою керек! – деді зірк-зірк етіп.

– Олай бізді қорқыта алмайсыз! – деді Қазақбай оған отты жанарын тура қадап, – Керек болса, ертең тағы алаңға шығамыз!

– Қазақ жері бөлшектенбейді, оған жол бермейміз! – деді Талап та тартынбай.

– Неміс автономиясын құрғызбаймыз! – деді Жігер де жігерленіп.

– Оқудан шығарсаңдар – шығарыңдар, жазаласаңдар – жазалаңдар, соттасаңдар – соттаңдар! Бірақ жерімізді немістерге беріп қоймаймыз! – деді Қайсар да қайсарлық танытып.

Амалы құрыған полковник бұдан әрі уақыт созудың құр бекершілік екенін түсініп, қолын бір сілтеді де:

– Боссыңдар! – деді дауысы қатқылданып, – Кімнің ұйымдастырғанын сендерсіз-ақ бәрін біліп аламыз. Бірақ, ол кезде кеш болады. Егер ойларыңа бірдеңе түсе қалса немесе ойлансаңдар хабарласарсыңдар. Еңбектерің ескерусіз қалмайды, жазаларың да жеңілдей түседі.

– Біз өзімізді қылмыскер санамаймыз! Жазамызды жеңілдететіндей, кімнің басын жарып, көзін шығарыппыз?!

Студенттер қандай құқайға болсын дайын екендіктерін ұқтырып, арттарына айтарлықтай айбар тастап, кеуделерін тік ұстаған қалпы шығып кетті.

* * *

Сырттай сыр бермегендерімен, жастардың жүрек түкпірінде «ертеңгі күніміз не болар екен» деген күдік-күмән да жасырынып жатқан еді. Көңілдерінде алаң болғанымен, алған беттерінен қайтар түрлері жоқ. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, «неде болса уақытында көріп алармыз» деген оймен белді бекем буынған.

Әр күн санаулы. Абырой болғанда, 18-маусым тыныш өтті. Биліктен ешқандай жауап болмағандықтан, студенттер қарап жата алмады. Қимыл-қаракетсіз ештеңе өндіре алмасын түсініп, алға қойған мақсаттарына жету үшін қолға алған істерін жалғастыра берді. Үгіт-насихат жұмыстарын тынбай жүргізіп, халықты тағы да алаңға бастап шығуға даярланды. 

* * *

19 маусым күні сағат тоғыздар шамасында Ленин көшесіндегі «Мелодия» дүкенінің алдына жұрт біртіндеп жинала бастады. Шерушілерді орталыққа жібермес үшін автобустар мен жүк көліктерін кесе көлденең қойып тастаған. Көпшілік жабылып кеп алдарында тұрған бір машинаны әрмен қарай күшпен итеріп жіберіп еді, аралық ашылды.  Сол-ақ екен, әупіріммен әрең тұрған халық облыстық партия комитеті ғимаратының алдындағы алаңға қарай лап қойды. Осы кезде «Есіл» қонақүйі маңынан қатары қалың тағы бір топ көрінді, қос қолдарына көтерген плакаттары мен транспаранттары бар. Әскери киім киініп, кеуделерінде орден-медаль таққан ақсақалдар да бой көрсетеді. Дауыс күшейткіш микрофонмен «Қазақстан бөлінбейді!», «Неміс автономиясы болмасын!» – деп ұрандатып-ақ келеді. Олар жиналған жұртшылықты айналып өтті де, тұп-тура Кеңестер үйінің алдына келіп тоқтады.

Алаңға халық лек-легімен, топ-тобымен келіп жатыр, жиналып жатыр. Республиканың түкпір-түкпірінен осы қарсылық шарасына арнайы ат сабылтып келгендер де болды. Целиноград облысына қарайтын Ерейментау, Сілеті, Целиноград, Атбасар, Қорғалжын аудандары мен Павлодар, Көкшетау, Қарағанды облыстарынан ұйымдасқан түрде адамдар келді. Олардың басым көпшілігі қазақ жастары болғанымен, өзге ұлт өкілдерінің де қарасы аз болған жоқ.

Жан-жақтан ағылған қарақұрым халық алаңға сыймай кетті. Біреуді біреу танып-білер емес, у-шу, азан-қазан. Ел әбден жиналды-ау деген кезде Қазақбай ортаға атып шығып:

– Обкомның бірінші хатшысы Морозов алаңға келсін! Көпшіліктің алдына шығып, сауалдарына жауап берсін! – деп айғай салып еді, жұршылық қостай кетті.

– Морозов алаңға келсін! – Нөпір халықтың айқайы жер-көкті жаңғыртып жіберді.

– Қайда жүр, өзі?

– Халықтан әудие емес, шықсын!

– Сауалымызға жауап берсін!

– Талабымызға құлақ ассын! – деген дауыстар  әр тұстан шығып жатты.

– Ағайындар, – деді Қазақбай дауысын әдейі созып, – Дау-дамайға жол бермеңіздер, кикілжің болмасын, тәртіп сақтаңыздар! Осыны сіздерден өтініп сұраймыз!

  Шерушілердің шеруін жіті бақылап тұрса керек, шекпенділер көп күттірген жоқ. Бір топ болып келіп, шікірейіп-шіреніп тұра қалысты. Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Морозов алдыға озып, микрофонға тақап келгенде жұртшылық қол шапалақтап, үлкен құрмет-қошемет білдірді. Қалың қауымды бір шолып шығып, жиналғандардың басым көпшілігі өрімдей жастар екенін байқаған аймақ басшысы:

– О, студенттер жиналған ба? – деп сырғақтата бастай беріп еді, жұрт қайтадан дүрлігіп кетті:

– Біз – соғысқа қатысушылармыз!

– Біз – еңбек ардагерлеріміз!

– Біз – жұмысшылармыз!

– Біз – әйелдерміз! – деп шуласып, тек студенттер ғана жиналмағанын есіне салғандай болды. Сонда ғана аңдамай сөйлегенін аңғарған Морозов:

– Иә, иә, дәл солай, – деді күмілжіңкіреп. – АҚШ пен КСРО арасындағы стратегиялық қару-жарақты қысқарту жөнінде келісім-шартқа қол қойылды! – деп жұрттың назарын басқа жаққа аудару мақсатымен аталмыш құжаттың мән-маңызы туралы айта бастап еді, жиналғандар тағы да шуылдап қоя берді: 

– Біз оны тыңдау үшін келгеміз жоқ! Неміс автономиясы құрыла ма ма, жоқ па? Соның нақты жауабын айт! – Халықтың қабағы қатулы, қаһары қатты.

Дәл осы кезде көпшілік арасынан суырылып шыққан Қазақбай облыс басшысының жанына жетіп барып:

– Біздің талабымыз біреу-ақ: қазақ жерінде неміс автономиясы болмасын! – деді  балаң үйрек саусағын шошайтып, – Сіздер тату-тәтті тұрып жатқан халықтарды шекара арқылы бөліп, ұлтараздығын өздеріңіз қоздырып жатырсыздар! Бізді автономдық қорғандармен бөлудің түкке қажеті жоқ, сондықтан айтқанымызға құлақ асуларыңызды қалаймыз!

Дәл осы кезде ортаға жұлқына шыққан ақ көйлекті әдемі ару Қазақбайдың қатарына тұра қалып:

– Менің аты-жөнім – Алтыншаш Бейсембаева, – деді бастырмалатып, дауысында білінер-білінбес діріл бар, – Ерейментау – киелі өңір. Осы жер үшін батыр бабаларымыз жатжұрттық басқыншылармен жан аямай соғысты, қан төкті. Бұл жер – ата-бабадан қалған мұра. Қазақ тірі болса,  мұны ешкімге бермейді! Немістерді бұрынғы мекеніне – Ресейге, Сібірге неге жібермейді? Ашсын сонда мемлекеттігін!  Қазақ жерінде неміс автономиясы құрылады деген жарлық шыққан күні осы алаңға келіп, өзіме керосин құйып өртеймін!.. Ерейментауды немістерге беру – қазақтардың жүрегін тірідей суырып алғанмен бірдей, кешірілмес күнә, ауыр қылмыс. Жерімнен жаным садаға! – Ашуға булыққан бойжеткен сөзін аяқтай алмай қыстыға жылап жіберді

Қаршадай қыздың жүрегін жарып шыққан жанайқайын естігенде жиналған жұрт тебірене толқып, қозғалақтап кетті. Көп арасында сезімдеріне ие бола алмай, қосыла жылағандар да болды. Осындай ұрымтал сәтті сәтімен пайдаланған Қазақбай есебін тауып, автономияға қарсы болып жүрген неміс ұлтының өкілі – Кондрат Вагнерді ортаға шығарып жіберді:

– Қазақстанда неміс автономиясын құрудың түкке де қажеті жоқ. Халық мұны бәрібір қолдамайды. Бұрын ол Ресейде болды, тіпті олардың өзі қарсы, олай болса, неге Қазақстан келісуі керек? Қазақ халқының қарсылығын заңды құбылыс деп есептеймін. – деді ол ағынан ақтарылып, – Соғыс  жылдары қиындықпен жер ауып келгенде қазақтар бауырына басты, дәм-тұздарын алдымызға қойды, аузымызға тосты. Керек десеңіз, арам қатпасын деген аяушылық сезіммен бала-шағаларының аузынан жырып, бір жапырақ нандарына дейін бөліп берді. Сондықтан қазаққа қиянат жасауды Құдай да кешірмейді. Біздің Қазақстаннан автономия сұрауға ешқандай хақымыз жоқ. Қазақтарды мен қос қолдап қолдаймын, олардың талабы орынды. Қазақстанда неміс автономиясын құру – кеңінен ойластырылған шешім емес. Бұнымен мәселе еш шешілмейді, қайта күрделене түседі.  Бұл немістерге жасалған жақсылық емес, жамандық: екі ұлттың арасына от тастау, айтыстыру, шағыстыру, қырқыстыру деген сөз. Керек десеңіз, бізді мазақ ету,  тағы да тағдырдың тәлкегіне ұшырату! Сондықтан бұған біз де үзілді-кесілді қарсымыз! Егер ұлы орыс халқы шынымен бізді жарылқағысы келсе, автономияны тарихи отанымыз – Поволжьеден ашсын! Себебі, оның негізі қай жерде қаланса, сол жерде заңды жалғасын табуы керек!

 Осыдан кейін ғана барып облыс басшысы негізгі мәселеге көшті:

– Мен бұл мәселе жөнінде жаңа ғана Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен сөйлестім. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде айтарым: Қазақстанда ешқандай неміс облысы болмайды, – деді әр сөзіне салмақ артып. – Қазақстанда неміс автономиясын құру туралы мәселе күн тәртібіне  қойылған жоқ, қойылмайды да, бүгін де күн тәртібінде жоқ!

Күткен жауаптарын естіген жұрттың күпті көңілі тыншу тауып, абыр-дабыр саябырси бастады.

– Бұған сенбеңдер, алдап тұр! – деді бірлі-жарым адам айғайға басып. Бірақ жиналғандардың басым көпшілігі сенді, талап-тілектері орындалып, мақсаттарына қол жеткізгендей қуаныштары қойындарына сыймай, бөріктерін аспанға атып жатты.

– Егер өтірік айтса, сөзіміз жерде қалса, бұдан да өткен қарсылық көрсетеміз, бүкілхалықтық шерулер өткіземіз! – десті көпшілік, – Облыс басшысы жалған сөйлемейтін шығар! Ал алдап соқса, халықтың қаһары мен қарғысына ұшырайды!

– Ортамызға келіп, әділ шешімді жеткізгеніңіз үшін сізге көп рахмет! – деді тағы да Қазақбай сөз алып, – Айтқаныңызға имандай сенеміз! Қуанышымыз шексіз! Тек тағы бір мәселенің басын ашып алмасақ болмайын деп тұр!

– Ол не, айт! – деді облыс басшысы бәлсінбей.

– Ол мынау: құқық қорғау орғандарының қызметкерлері біздің жүрген ізімізді аңдып, жөн-жосықсыз тергеп-тексеріп, қоқан-лоққы көрсетуде. Біз ешқандай қылмыс жасаған жоқпыз, тек өз құқығымыз үшін алаңға шығып, талап-тілегімізді білдірдік. Айтыңызшы, осы үшін қуғындауға бола ма? Сондықтан бізге бұдан былай қоқан-лоққы жасалмауын талап етеміз. Ешкім жазаға тартылмасын, соған уәде беріңіздер! – деді Қазақбай бар мәселені бірден шешіп кетуге тырысып.

Морозов бөгелген жоқ, сол бәз-баяғы сабырлы қалпында:

– Ешқандай қуғындау болмайды, ешкім жазаға тартылмайды. Өйткені мен алаңға жиналғандардың арасынан басбұзарлар мен бұзақыларды көріп тұрғамын жоқ! Сіздер біздің болашағымызсыздар, өзіміздің үміт артқан талапты жастарымызсыңдар, іштеріңде оқу озаттары мен комсомолдар да бар. Талап-тілектерің орынды! Қазақстан бөлінбейді, бөлшектеуге ешкім де құмартып отырған жоқ! – деді емен-жарқын.

Аймақ жетекшісінің жүрекжарды лебізіне қалың қауым имандай ұйыды, шын ниеттерімен риза болды. Осыдан кейін-ақ көңілдері жайланған жұртшылық біртіндеп тарай бастады.

* * *

Целиноградтан соң шағын митингілер мен демонстрациялар Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда болып өтті.

Қазақ жастарының алаңға шығып, шеру ұйымдастырып, табанды талап қоя білуінің арқасында Орталық Комитет Қазақстанда неміс автономиясын құрудан саналы түрде бас тартты. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, қылышынан қаны тамып тұрған кеңестік империяның әділетсіз шешіміне қасқайып қарсы шыққан жасөрендер  астамшыл биліктің қолға алған кесірлі бастамасын жүзеге асыртпай, жатырында тұншықтырып өлтірді.   Соның нәтижесінде Қазақстанда тұрып жатқан кейбір ұлт өкілдерінің әркез ұлттық автономия сұрап емексуі су сепкендей басылды. Бұл сол бір жылымық кезеңде ұлттық құндылықтар тұрғысынан қағажу көре бастаған қазақ халқы үшін ірі жеңіс болатын…

 

Ескерту: Бұл хикаятты жазу барысында белгілі қаламгер, Ұлттық Қауіпсіздік органдарында ұзақ жыл абыройлы қызмет істеген полковник, қадірлі ағамыз Амантай  Кәкеннің  «Шырғалаң немесе тағы да неміс автономиясы туралы» (Астана. «Фолиант» баспасы, 2011 жыл) атты кітабындағы (тарихи құжаттар мен ереуілшілер һәм куәгерлер естеліктеріндегі) дерек-дәйектер пайдаланылды. Ол үшін Амантай ағамызға үлкен алғыс айтамыз!

Думан Рамазан