Тіршілік деген қып-қызыл жүйріктің ауыздығын жұлқа тартқанда, жалынан үзіліп түскендей күй кештім. Ауыл сыртындағы күре жолдан түсіп қалып, еңістегі елге құлап келе жатқан бетім болатын. Шөп атаулыдан алдына салынғанның алапасын қашырып, жуан мойнын жұлқи-жұлқи өңешінен өткізіп болып, күйіс қайыруға көшкен мама сиырдай бұл ауыл да ауық-ауық дем алады. Құлақтағы әуенді өзгертуге тура келді. Өйткені, көз алдыңда ауыл тұрғанда, құлақтағы қалалық музыка ешкінің қатқан майындай жүректі көтереді екен. Мен қаладағы кім көрінгенмен өзін шатастырғанды жақтырмайтын Асқар Сүлейменовті емес, ауылдағы Асқарды іздеп келемін. Оқырманының қамау терін алатын Асқарды емес, асық ойнап жүрген кезін… Балалық шағыңды іздеп келдім, Асеке! Ауыр ойларыңды өзің жатқан Алатаудың маңайына иіре тұрғайсың!
Асқар өскен ауыл әлгінде мен түскен ауылдан 45 шақырым. Сол күре жолмен маңдайыңды батқан күннің қызыл арайына сипатып тура тартсаң, Асқардың ізі қалған Шолаққорғанға тірелесің. Асекеңді «…деген екен» айдарынан танитындар «Созақ ше» деп шалт кетуі мүмкін осы тұста. Иә, Асқар қанша «Созақ» дегенімен, өскен ауылының аты – Шолаққорған. Шолаққорған – Созақ ауданының орталығы. Жалпы ел түсінігінде Қаратаудың терістігінен бастап, Бетпаққа дейінгі аралық Созақ өңірі деп аталады. Әкімшілік бөлінісі бойынша өзі қарайтын Оңтүстік Қазақстан облысына табиғаты ұқсай бермейтін, қысы қытымыр, жазы аңызақ, жері егінге жайсыз, жусанды дала. Мүмкін сондықтан шығар, Асекеңнің Созақты Шымкенттен бөліп алып, «Созақ Шымкентке емес, Шымкент Созаққа қарайды» деп жүргені.
«БІР ҚАРАҒАНДА ЖЕТІ-СЕГІЗ СӨЙЛЕМДІ БІР-АҚ ОҚИТЫН»
Сонымен, әлгінде түскен ауылымда 2-3 күн аялдап, аудан орталығына жол тарттым. Баяғы күре жол Шолаққорғанға кіре бере, алып-ұрып аудандық мәдениет үйінің алдына барып бір-ақ тіреледі. Орталық кітапхана да осында. Біліміне сөз түсінердің барлығын дерлік таң еткен Асқардың бала күнінде оқыған кітаптарын осы жерден табармыз деген дәмеміз болған. Сол дәмені майлы құрттай таңдайға басып, талғажау етіп келгенімізде, кітапхана архивінің үш-ақ жыл сақталатынын естіп, таңдайдағы құрт тамаққа бір-ақ жетті. Дегенмен, құрт деп таңдайымызға салған дәмеміз де зор, түйенің тобығындай-ақ екен, тамақтан ары өтпеді.
Кітапханашылар зыр жүгіріп, қолдарында барларын алдыма әкеліп жатыр. «Асқар туралы мәлімет бір болса, бүгінгі өзінің аты берілген мектепте болуы мүмкін. Жаңа мектеп салынған кезде біраз дүние жинаған еді. Жазушының мектептегі журналдарын, табельдерін сол мектептен табуға тиіссің», – деген кітапханашылардың пікірін желеу етіп, мектепке бет алдым. Есік алдындағы кезекшілерге «журналистпін» дегеннен-ақ, басшылық адамдарын іздеп жүгіріп кетті. Қалам ұстаған бұл халықтың абыройы мұншалық екенін кім білген?
Алайда, абыройы бар болсын, бұл мектептен де табылар дерек болмады. Архив сақталмаған. Қай дүниенің қайда жатқаны белгісіз. Бірақ, ауласында шашын артына қайырып, Қаратауға қарап отырған ескерткіші орнатылған жазушының екі құрдасы осы мектепке келіп шахмат ойнайды екен. Мен барған күні болмады. Телефондарын жазып алдым.
Ендігі бағыт – Ыбырай Алтынсарин мектебі. Өйткені, Асқарлар оқыған тұста, 1954 жылға дейін бұл ауылда Шолаққорған атындағы бір-ақ мектеп болған екен. Ал, ол мектептің атын емес, затын иемденіп қалғаны менің бағытымдағысы. Өскен жерінің өрлігі мен ерлігінен өзгесін кім айтқысы келсін? Бірақ, кейде қонағы үзілмес үйдің қазанындай күйіп кететін кездерің болады: бұл мектептегілер Асқардың, тіпті, қай мектепте оқығанынан да бейхабар болып шықты. Осылай таңертеңгі түйенің тобығындай дәмемізден бармақ басындай ғана қалған. Ол да екі қарияның мойнында. Бірімен жолығысып, Асқардан екі сынып төмен оқығанын, оны анық білмейтінін аңғардым. «Дәдебеков Мәми біледі. Ол Асқармен анық бір класта оқыған», – деп шығарып салды көкем.
Хабарластық. Телефонын көтергеннен-ақ дабырлап, дауыс көтере сөйлеудің қажеті жоқ екенін түсіндім.
– Журналист баламысың? Бағана мектеп директоры айтқан. Қашан келесің?
– Бүгін кешке, тіпті, қазір барам, көке.
– Жоқ. Бүгін келме.
– Неге? Қолыңыз тимей ме?
– Неге тимесін? Қолым бос. Бірақ, қонақ келе жатыр деп дастарқан жайдырмаймын ба?
– Жоға, көке! Қажеті жоқ шығар…
– Жә!.. Не ертең дастарқан үстінде сөйлесеміз, не ештеңе айтпаймын.
Соңғы сөз осы болды.
Келесі күн. Дастарқан басындамыз.
– Көке, мұнша әуре болмай-ақ…
– Ештеңе жоқ. Осы сендер ауылдан кете сала, жөн-жоралғы дегенді ұмытасыңдар-ау.
– Жарайды, көке. Асқармен бір сыныпта оқыдыңыздар ғой?
– Ә-ә, иә. Мен олардың сыныбына жетіншіде қосылдым. Оған дейін шет ауылдағы мектепте оқығанмын. Сондықтан, одан арыда бірге оқыған мынау қасымдағы Күнісхан апаңды шақырып отырмын.
– Асекең қандай бала еді?
– Сыныбымыздағы бой жағынан да, жас жағынан да ең кішіміз Асқар болатын. Мысалы, мен 1932 жылғымын. Асқар 1938 жылғы. Сол жасының кішілігі мен бойының кішілігіне қарап, мектепте Асқарды «Тәштек» дейтінбіз. Мектеп бітіргенше, тіпті, кейіннен ауылға атағы жеткенге дейін де «ә-ә, Тәштек пе?» деумен өттік қой.
– Сабағы қалай болды?
– Сабақ үлгерімі жағынан асып алдыға шыққанын көрген жоқпын. Көбіне үшінші партада отыратын. Ауызша сабақтарға мықты еді де, математикаға онша қызыға бермейтін. Сабақты оқымай келген күндері алдындағы оқушыға кітапты аштырып қойып, мұғалімге білдірмей кітаптан оқып тұра беретін. Құдды үйден дайындалып келгендей. Оның үстіне, кітапқа да ұзақ қарамайды. Бір қарағанда 7-8 сөйлемді оқып үлгереді-ау, соған қарағанда. Сол жылдам оқитынынан болуы керек, сабақтан қайтарында кітапханадан 2-3 кітап алып кетіп, ертесі қайта өткізіп жүретін. Бұл айнымас әдеті еді.
Осы тұста Гүлханыс апамыз сөзге араласты.
– Алтыншы сыныпта болу керек, орыс тілінен үйге Лермонтовтың «Белеет парус одинокий» өлеңін жаттап келуге тапсырма берді. Кезек Асқарға келгенде алдында отырған мені түртіп, ымдаған соң, кітапты көлегейлеп ұстап отырдым. Бұрыннан білетін өлеңіндей заулата жөнелді. Бағасы – бес. Жалпы, орысшаға жетік болатын.
Менің де Асқар туралы ауылда жүріп ең бірінші естіген аңызым да оның орыс тіліне қатысты еді. Ағайымның Тұрар атты ұстазы Асқардан бір сынып жоғары орыс сыныбында оқыған екен. Сол кісі: «Мен жетінші сыныпта оқып жүргенде орыс емес, қазақ сыныбында оқитын Асқардың қолынан Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» кітабын көргенімде, өзімнен-өзім ұялғанмын», – деп айтып отырады екен.
– Көке, Асқарды қырсық, қыңырлау адам деп еститін едік.
– Иә. Ондайы болатын. Бірақ, екеуміздің арамызда ондай қағысу болған емес. Маған іштей қыз-қыз қайнаған кездері болған шығар. Бірақ, мен байқамаппын. Оны өз қатарластарына көрсететін. Менің жасым көп үлкен ғой. Содан да болар.
«БІР ЕРМЕГІ ЖЫЛҚЫ, ЕКІНШІСІ – КЕПТЕР»
– Гүлханыс апа! Асқар сіздің көзіңізбен қандай бала еді?
– Артық мінезін көрген емеспін. Көп сөзі жоқ, тәртіпті бала болатын. Кейінгі жолдастары жазып жүргендей мінездері жасы келе немесе жақын араласа келе шықпаса, ол суреттеулердегі Асқармен менің есімдегі имек мұрын бала бір-біріне сәйкес келмейді. Мүмкін, біздің сыныпқа 4-сыныбында келіп, бауыр баса алмай, көп жатырқады ма екен, ойынымызға да сирек араласатын. Бір қосылған кезінде қыздармен төбелесіп, партаның үстіне шығып кеткені есімде. Бірақ, көп арыға барысқан жоқ.
– Нашар әдеттерге жолаған кезі болып па еді?
– Мүлдем жолаған емес.
– Атқа құмар болған дейді.
– Иә. Кітаптан бөлек екі ермегі болатын. Бірі – жылқы, екіншісі – кептер. Ол кептерлеріне арнайы дәптер арнап: «Бүгін чубатый кептер бір жұмыртқа туды. Оны басып шығарса, әдемі чубатый шығатын болып тұр. Жемді жақсылап салып жүру керек», – деген сияқты дүниелерді жазып жүретін. Ал, жылқыға құмарлығы үйінен ат үзілмегенінен болуы керек. Асқар негізінде Түркістанда туған. Соғысқа кеткен әкесі оралмаған соң, осы елдегі Жүніс нағашысының қолында өскен. Сол Жүніс нағашысы өмір бойы ат мінді. Шамалап ат баптайтыны да бар еді. Жүністің баласы Қыдыр да аттан түскен емес. Жылқының жай-жапсарын солардың қасында жүріп үйренген болуы керек.
«АУДАНДА АСҚАРДЫҢ ҮСТІНЕН АРЫЗ ЖАЗЫЛДЫ»
– Жалпы Асқар десе, көз алдарыңызға не келеді? – дедім мен.
– Имек мұрын, кішкентай бойлы, қара баланы елестетемін. Кейде Асқардың әдебиетке қатысты азамат болғанына таңғалам, – деді Мәми аға.
– Неге?
– Әдебиетке құмартатын адам мектеп кезінен-ақ бірдеңелерді шимайлап, ең құрыды дегенде әдебиет сабағында шығарма жазғанында мақталушы еді ғой. Ал, Асқарда мұның бірі де болған емес. Негізі Асқардың аты қалаға барған соң шықты. Ол қаладағы алғашқы жылдарын осы ауылдағы Дулат Тұрантегі деген ақын ағаңнан сұрап аларсың. Сол, қалаға барғанға дейін «ә, Тәштек! Сен қоя тұр», – деп жүрген бала еді. Сөйтсек, ол емес, біз қоя тұратын адам екенбіз. Оны кейін білдік. «Қара шалын» оқыған соң. Бірақ, түсінбедік. Түсінбегеніміз сол, ауданда Асқардың үстінен арыз жазылды. Жалпы, кітаптың кейіпкері ретінде осы ауылдағы шопан Бесбай деген қария алынған екен. Сол кісінің басында шығармадағы тектес оқиға өтсе керек. Сол Бесбайдың балалары Асқар сөзінің мағынасына тереңдей алмай: «Әкемізді төмендетті» деп арыз жазған болатын. Міне, біздің Асқарды түсіну деңгейіміз осы маңай…
– Мм…
– Асқардың атағы шығып тұрған шағында ауылға Қалихан Ысқақ деген Алтайдың жазушы жігітін ертіп келді. Сыныптастар да жиналдық. Сонда ұзақ-сонар әңгіме айтып, Біржанның «Теміртасын» соза шырқады. Домбыраны дыңғырлататынын ауылдан білетінбіз. Қыдыр нағашысынан үйренген болуы керек. Бірақ, ән айтқанын тұңғыш көрдік. Асқар туралы ең үлкен ойдағы естелігім осы да, қолдағы естелігім – аттестатым. Ол Асқардың қолымен жазылған. Сыныптағылардың бәрінікін жазуы жақсы Әуезхан жазып жатқан еді. Мен Асқардың руынанмын ғой. Содан көңілім түсіп: «Мен туысқаныма жаздырам», – деп Асқарға бергенмін. Жазуы әдемі болатын.
– Асқарды уағында тани алмауға деген өкініш болмай ма?
– Өткенге несін өкінесің?
– Жарайды. Сау тұрыңыз, ақсақал!
– Бар бол, бала!
«ОЛ ТӨҢКЕРІСТЕР ЗАМАНЫНДА ӨМІР СҮРДІ»
Асқардың Алматыдағы алғашқы жылдары… Дулат Тұрантегінің үйіндеміз. Ақсақал әңгімесін дәл Асқар турасындағы естелік кітабындағыдай бастады:
– Өз басым Асқармен етене жақын едім, сырлас едім, пікірлес едім деп айта алмаймын. Ауылымыз, кейіннен оқыған оқу орнымыз да бір болғанымен, арадағы жас айырмашылықтан ба, әйтеуір, ол өзінше, біз өзімізше едік. Ауылда балалар топ-топ болып көкпар шабысып, тоғанға барысатын. Осы кездерде өз тобымда – мен, өз тобында ол шеттеп қала беруші еді. Мен шеттесем – жасықтығымнан, ол көкпар тартып, алыс-жұлысқа шамасы келмегеннен шеттейтін. Анадайдағы пақсаның үстіне шығып алып: «Айда, тарт. Бас-бас. Шап, қане!» – деп жұрттың делебесін қоздырып отыратын.
– Артында із қалған тұлға туралы сөз бола қалса: «Жасынан жанары жанып тұратын еді», – деген сияқты жаттанды сөздер көп айтылады.
– Ерекше мінез дегенде жұрттан алшақ айырмашылығын көп байқамаппын. Бүгін ойлап қарасам, сол шақтағы ауыл балаларынан балалық шағымыздың айырмасы жоқ екен. Кітапты көп оқыды десең, барлығымыздың одан басқа ермегіміз жоқ болатын. Бірақ, Асқарды бізден ерекшелейтіні – есте сақтау қабілетінің мықтылығы болар. Мектептегі әдебиет үйірмелерінде ұйымдастырылатын сайыстарда кез келген оқылған үзіндінің қай кітаптан алынғанын дәл табатын. «Біздің кітапханада 14 мың кітап бар екен. Соның ішінде біз оқитыны қалмады-ау», – деп жүретін.
– Асекеңнің ауылда жүргеннің өзіндегі орыс тілін білуі туралы әңгіме бар…
– Бұл қасиет кітапқа аса құмартқан ауыл балаларының барлығында болды. Өйткені, қазақша кітап аз. Содан, біздің арамызда орысша кітаптарды сөздікпен оқитын дәстүр пайда болды. Барлығымызға орысшаны жақсылап үйреткен тағы бір дәстүр – қазақша кітапты орысша аудармасымен қатар қойып оқу. Бұл әдеттер негізінен бізден екі сынып жоғары оқыған Төлеген Тоқбергеновтерден басталған. Асқардың орысшасы осылай үлкен еңбекпен және қажеттілік үшін қалыптасқан болуы керек.
– Дәдебеков Мәми ақсақал Асқардың қызға қыры болмағанын айтады…
– Иә. Ауылда ондайы болмады. Бірақ, бір қызығы, өз ауылының қызына Алматыға барып алып көңілі құлаған еді. Зоя есімді қыз болатын. Кейіннен ауылға келіп, көрші Сызған ауылына күйеуге шығып кетті. Елге бір келгенінде көріп қайтуға өтініш еткені есімде. Кейіннен өзі қатарлас оқыған Бахтияр деген ұйғыр жазушысының қарындасы Патигүл Сәбитова деген қызды ұнатып, ағаларымен шекісіп қалып жүрді. Оның қазіргі таңда аңызға айналып жүрген қырсықтығы мен қиқарлығы осы тұста басталған болуы керек. Жалпы, 60-жылдар бүкіл жер бетіндегі төңкерістер кезеңі болды. Төңкерістер өнерді де сырт айналып өткен жоқ. Бұл шақ ән өнерінің сахнасына бард әншілердің – Америкада Хара, Ресейде Высоцкий, Булат Окуджавалардың көтерілген кезеңі болатын. Қазақтан шыққан мұндай әншілер болған жоқ. Бірақ, сол әншілердің әндері мен киіну стильдері жаппай сәнге айналды. Асқар да шаш қойып, неше алуан шалбар киіп, жұрттан ерекшелене бастаған еді. Ауылдан келген Асқар осылай өзгеріп сала берген. Герольд Бельгердің күнделігінде: «Студентом третьего курса КазПИ им. Абая, а это был 1957 год, обратил внимание на одного первокурсника казахского отделения литературного факультета. Пожалуй, он ничем не отличался от своих сверстников – выходцев из аула. Смуглый, круглолицый, щуплый. Но внимание мое он привлек тем, что ночами напролет сидел в холле общежития, рядом с дежурной, рыхлой, доброй бабушкой Ульяновой, уткнувшись носом в толстенные книги…» – деп суреттелетін Асқар бірте-бірте жоғалып, өткір, тік, өзіне не керек екені мен не істеу керектігін анық түйсінген, бөлмесінен батыс классиктерінің әуендері үзілмей естіліп тұратын Асқар Сүлейменов дүниеге келді. Бауырын сипағанда түйір май қолға ілікпес бабы келіскен, томағасы жаңа алынып, елегізе шүйліккен бүркіт дерсің. Бұл тұста оны «Тәштек» деп атау мүмкін емес еді. Міне, Асқар Тәштектің Асқар Сүлейменовке айналу жолы осылай. Әрине, менің топшылауымда, менің көзіммен.
– Әңгімеңізге рақмет, көке.
– Келіп тұрғайсың!
«СЕН ДЕ БАЛА БОЛҒАНСЫҢ»
Асеке! Қаратауға балалық шағыңды іздеп келсем де, сені «бала» болды дегенді ойламаппын. «Адасқақ» пен «Бесатарды» жазып туа салғандай көрінетінің не осы? Бірақ, сен жайлы айтар қариялар қалыпты ауылда. «Үзеңгің жоқ, үзеңгілесің бар». Кездескен ақсақалдарға қарап отырып: «Сен қандай қария болар ең?» – деп ойлаймын. Көз алдыма «Қара шалдағы» Үкеңнен өзге ешкім келер емес. Сен де сол Үкеңдей «атсыз ішкен асың харам боп, аш отырсаң да күніне ат кекілін бір сипамасаң өмірі оқымаған намазың оқығанмен қаза кететін» қария боларсың.
Айтпақшы, Торланнан тұяқ қалмаған сыңайлы. Жо-жоқ. Ауылда жылқы баршылық. Сол күні көрдім, асфальт үстімен тұяқтары тайып кетердей болып тапырақтап шауып өтті жанымнан. Бір бала белесебетпен қуып келеді екен. Аянышты. Ауылдан музей ашылыпты. Бүкіл күйшілердің «домбырасын жиып ап, әйнекке қамап тастаған». Ортасында жалғызсырап, Жаппастың қобызы тұр, бір бүйіріне қисайып.
Қобыз демекші, Асеке, отызыңа дейін домбырадан «Ақ кемпіріңді», «Қара шал» мен «Бесатарыңды» төктің. Бәрін бітіріп, инеге ақ құйрықты қадап ап, саусақтарыңды сытырлатып таспиық тартып ұзақ отырдың. Оқта-текте домбыраға қол жүгірткенің болмаса, көсіліп көргенің жоқ. Сені түрегеп, төрдегі қобызды қолына ұстар деп еді. Болмадың. Қала үйреткен қасиеттер көп бөгеді ме, жоқ әлде, аяқ астынан қожалығың есіңе түсіп, діндарлығың ұстап қалды ма, қайдам, әйтеуір, қобызға қол соқпадың.
А жаль, Асеке!
Ал, менікі ары қарай арман ғана. Тек, екі жағдай қынжылтады. Бірін жоғарыда айттым. Қара қобыз адам қолын жатырқап қалды. Екінші қынжылтары, мен бұл мақаланы: «Е, Асеке, сен де бала болған екенсің ғой», – деп аяқтауым керек. Сонымен…
Солай ғой, Асеке!
Досхан Жылқыбай
«Ақ желкен» журналы