Фото: Instagram/dinarasatzhan
Динара Сәтжан Ақтөбеде әлеуметтік желі арқылы ақылы түрде "бата беріп", емшілікпен айналысатын әйелді сотқа берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Журналистің айтуынша, ол аталған тұлғаның үстінен құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Іспен оның адвокаты Рена Керимова айналысып жатыр.
Сәтжанның мәлімдеуінше, емші өзі туралы жалған ақпарат таратып, әлеуметтік желіде қорлау сипатындағы сөздер айтқан. Ол мұндай әрекеттер заң аясында жауапкершілікке тартылуы тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар журналист Ақтөбе облысының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне ресми сұрау жолдап, емшінің қызметінің заңдылығын тексеруді талап еткен.
Өз жазбасында ол бірқатар өткір сұрақтар қойған: ақылы батадан түскен қаражат қайда түседі, салық төлене ме, адам емдеуге лицензиясы бар ма?
Сәтжан сондай-ақ "оқылған дәрі" ретінде сатылатын БАД өнімдерінің заңдылығына, ем кезінде желілік өнімдерді ұсынудың құқықтық негізіне және әлеуметтік желілердегі мәлімдемелердің заңға сәйкестігіне күмән келтірді.
Журналистің пікірінше, аталған әрекеттер жан-жақты тексеріліп, заңға сәйкес тиісті шешім қабылдануы тиіс.
