Фото: ашық дереккөз
Астанада заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешендері әшкереленді, деп хабарлайды Ult.kz.
Қалалық сәулет басқармасы, «Астана Генплан» ЖШС және Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы жүргізген бірлескен тексерулер барысында елордадағы бірқатар құрылыс алаңдарында өрескел заң бұзушылықтар анықталды.
«Нұра» ауданы прокуратурасы заңсыз құрылыстарды анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды күшейткен. Тексеру нәтижесінде Ш. Айтматов көшесі, 24/8 учаскесі маңында жапсарлас үй-жайлары мен паркингі бар көпқабатты тұрғын үй кешені заңсыз салынып жатқаны белгілі болды. Құрылыс жұмыстары ешқандай сараптаманың оң қорытындысынсыз және тиісті хабарлама берілмей жүргізілген.
Сондай-ақ, Ш. Айтматов пен Е164 көшелерінің қиылысында орналасқан тағы бір тұрғын үй кешенінің құрылысы да заң талаптарын өрескел бұза отырып жүзеге асырылған. Нысан жер теліміне құқықсыз, жобалық-сметалық құжаттамасыз, сараптама қорытындысынсыз және құрылыс басталғаны туралы хабарламасыз салынып жатқан.
Прокуратура тоқтату туралы талаптарға қарамастан заңды елемеген құрылыс салушыларға ерекше назар аударып отыр. Қала құрылысы саласындағы заңдылықты сақтау тұрақты бақылауға алынған.
Елорда прокуратурасы құрылыс салушыларға заң талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, белгіленген нормаларды қатаң ұстануға шақырды.
