Бізде өзі қызық қой...
Блогерді қаржымен қамтамасыз етейік дейді... Пейіл дұрыс... Бірақ, мемлекет ақшасына күнелтіп отырған кейбір сайттар ақша алмағалы 9 айға жуықтады... Сайттарды қолдан ашқұрсақ етіп отырған мемлекет блогерлерді ашықтырып қоймайтынына кепілдік бере ала ма? Алты Алашты сауатты, тәуелсіз ой-жазбасымен мойындатқан, қоғамда өз орнын нықтап, елдің сүйіспеншілігіне бөленген мықты блогерлер 9 ай жалақы күтіп сарқылған сайт тілшілері құсап көне қояр ма? Әлде, икемге көне бермейтін блогерлерді отандық БАҚ маталған шынжырға байлап алу - негізгі міндет пе???
Қазақтың әйгілі мачосын да жерден алып жерге салдық... Қазақ қоғамы ондай ұятсыздықты құдды алғаш рет естігендей айыптап, бет шымшыстық... Күлкімді келтірмеңіздер... Басекеңдерге сұлу қыз іздеп, қазақтың өрімдей қаракөздерін талай "қарындының" астына сап жүрген сутенер шенеуніктер арамызда жоқ па? Үндемейсіздер...
Әйелдерге бала туғызу керек, бас-басымызға 4-5 әйелден алып, қазақтың санын көбейтейік дейтін әнші серілер көбейді... Әйелдерді аяған түрлері... Алайда, арғы жағын нәпсі тесіп барады... Көкелерім-ау, ақшаң тасып бара жатса, әйелді аямай-ақ қойшы, жетімдер үйінде тоз-тоз боп, аялы алақанға шөліркеген тұл жетімді асырап алшы... Ең құрғанда біреуін... Жетімді мейірімге қандыр, тәрбие мен білім бер... Сапалы бала - қазір трендтегі сөз "умная нация" - парасатты, сапалы ұлттың кепілі емес пе? Шет елден келген өзге ұлттар сау емес, ауру баланы асырап, оны емдеп, балаға барын беріп, адам қатарына қосып жатады... "Балаларды сыртқа бермейік" деп тағы өтірік ойбайлаймыз... Жақсы, сыртқа бала бермейік, бірақ, сол түрлі дертке шалдыққан жетімдерді неге өзіміз асырап алып, емдеп, жағдайын жасамаймыз? Тағы басымызды төмен түсіреміз...
"Салафиттер ұшақ айдап кетпекші болды, салафиттер террористік дүмпу жасады, бірдеңе жойқынның алдын алдық, ол - деструктивті ұйым, ұлтымыздың жауы"- деп шенеуніктер дес бермейді... Олай болса, салафизмге неге заңды түрде шектеу қоймайды? Заңды түрде тиым салуға және қырық сылтау табады... "Салафиттік идеологияға ұлтымыз өзі-ақ тойтарыс береді!" Министр Ермекбаевтың пафосқа толы әдемі жауабы! Бірақ, қалайша? Тағы үнсіздік...
Дина Елгезектің фейсбуктегі жазбасынан