"Дикий Арман" деген лақап атпен танымал Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының мүшелері 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Бұл туралы Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Арнайы прокурорлар қызметі басшысының айтуынша, бүгінде ұйымдасқан қылмыстық топтың 18 мүшесі ұсталды, 21 адамның адам өлтіру, ұрлық, тонау бойынша соттылығы бар.
"Олардың арасында "Дикий Арман" деген лақап атпен танымал Арман Жұмагелдиев пен оның тобының мүшелері бар. Мен бұл айыпталушыға жеке тоқталамын.
Оның қарулы адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдардың арасынан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстады. Оларды алдымен бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соғып, нәтижесінде бір адам қаза тапты. Сонымен қатар, қарақшылар бұған дейін 12-ші қалалық ауруханада қатты соққыға жығылған полицейдің қызметтік қаруын алып кеткен", - деді Ризабек Ожаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.