15 қаң, 2022 сағат 23:49

Денсаулық сақтау нысандарына 20 шабуыл жасалды – ДСМ


Елдегі төтенше жағдай режимі кезінде қайтыс болған 225 адамның 175-і медициналық ұйымдарда көз жұмған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Әсел Артакшинова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елде Төтенше жағдай енгізілген сәттен бастап 2678 зардап шегуші медициналық көмекке, оның ішінде 1815-і амбулаториялық көмекке жүгінді. Стационарлық ем алған 863 адамның 598-і шығарылды, 265 емдеуді жалғастыруда. 67 науқас ауыр халде реанимацияда жатыр. 500-ден астам күрделі хирургиялық операция жасалды. Бас прокуратура мәлім еткен қайтыс болған 225 адамның 175-і медициналық ұйымдарда көз жұмды», - деді ДСМ өкілі. 

Сондай-ақ, ол осы кезеңде денсаулық сақтау нысандарына 20 шабуыл жасалғанын айтты. 

«Денсаулық сақтау нысандарына 20 шабуыл жасалды. Оның ішінде Алматы қаласында 5 стационарға, 1 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанына және 14 дәріханаға, Алматыда 5 медицина қызметкеріне, Шымкент қаласы мен Алматы облысында бір-бір медицина қызметкеріне шабуыл жасалды. Алматы қаласында – 31, Шымкентте – 7, Алматы облысында – 5, Жамбыл облысында – 2, жалпы саны 45 жедел медициналық жәрдем автокөлігі зардап шекті. Оның ішінде 4 автомобиль жөндеуге келмейді», - деді Әсел Артакшинова. 

Маманның айтуынша, Алматының үш медициналық клиникасы шамамен үш тәулік бойы қоршауда болған. 

«Алматы қаласының үш медициналық клиникасы - 1, 7 және 12 қалалық ауруханалар шамамен үш тәулік бойы террористермен қоршау жағдайында болды, бұл ретте қызметкерлер бұл кезеңде ауысымсыз, бірнеше тәулік бойы жұмыс істеді. Науқастар үшін азық-түлік жеткізілмеді, дәрігерлер пациенттерге тамақ дайындады. 

Кейбір зардап шеккендер дәрігерлердің сұрақтарына түсінбеген және мемлекеттік және орыс тілдерінде жауап бермеген, медициналық көмек алғаннан кейін медициналық ұйымдардан рұқсатсыз кетіп, тіпті белгісіз қарулы адамдардың сүйемелдеуімен реанимациядан шыққан жағдайлар болды. 

Қазіргі уақытта республиканың барлық медициналық ұйымдары, оның ішінде Алматы қаласы бойынша да штаттық режимде жұмыс істейді», - деп түйіндеді ДСМ өкілі.