26 шіл, 2016 сағат 15:04

Дәуітәлінің дауысы

…Көкірегінде көктің де ән болады,
Күркіресе көк аспан – зарлағаны.
Тағы да сол биікте жанып тұрып,
Небір жарық жұлдыздар сорғалады.

Дәуітәлі Стамбекұлы.

Өз басым әйгілі әншілер мен күйшілер – Әсет Найманбаев, Күләш Байсейітова, Аққыз Ахметқызы, Манарбек Ержанов, Мағауия Хамзин сынды көптеген өнер жұлдыздары өсіп-өнген Қарағанды облысындағы алақандай Ақтоғай өңірінің немене құдіреті бар екен деп осы күнге дейін таңырқаймын. Аспанымыз ортақ, Күн – біреу, Ай – жалғыз… Ал Тоқырауындай өзендер мен Ақсораң, Қызыларайдай таулар қазақ даласының әр жерінде бар емес пе!

Қазір де тұрмыстары шалқып тұрмағанымен, неден екенін, ұл-қыздары кілең домбырашы, сазгер болып келетіндіктен бе, той-думандарын би-күймен жайнатып жіберу әдетінен танбаған Ақтоғай даласы әлі де ән салып тұрғандай әсерлендіреді.

Сол өңірде туып-өскен Дәуітәлі Стамбекұлы да біздей інілерін, көбінесе, әншілігімен таңдандыратын.

Сонау сексенінші жылдардың басында танысыппыз. Біз – студент, ол – жарқ-жұрқ етіп көңілді жүретін келісті жігіт ағасы, бірнеше жыр жинақтары шығып үлгерген республикаға танымал ақын (сөйтсек, онда отыз төрт-ақ жаста екен).

Жас аралығымыз алшақтау болса да ағалы-інілілер сияқты тез жарастық.

Бірақ орыс, қазаққа бірдей… тіпті, кәріс, түріктен… де дос-жараны көп Дәукең қанша ашық мінезді болғанымен, жұмбағы көп жан еді… Мұңайған, жабырқаған, ашуланған сәттерін де талай байқадық. Өзі онысын көрсеткісі келмейтін. Мұқалмайтын. Жасымайтын. Ашынбайтын. Бір өлеңінде:

…Азаттыққа ашығып,
Ақындықты аңғардым.
Еркелікті жасырып,
Еркіндікке таң қалдым.

Қайтем дедім ашынып,
Шошысам да түсімнен.
Ақындықты жасырып,
Азап шектім ішімнен.

Есіме алсам өткенді,
Ол да тартар тұзымнан.
Күндерім де көп болды,
Астан-кестең бұзылған, –
депті.

Дәуітәлі достарының… ел білетін Тұрсын, Жүрсін, Намазалы, Несіпбек, Сәулебек… секілді құрдастарының арасында еркелігін жасырмағаны анық. Ақындығы екібастан белгілі болып қалған… Ал, әншілігін жасырды!
Себебі, ол әнді бәрінен бұрын өзге емес, өзі үшін салатын. Тіптен, оған бірді-екілі жолдастарының ішінде болмаса, көпшілік алдында ән салу жараспайтын да сияқтанатын. Күмбірлеген домбырасын қолына алып, биік тенор дауысымен халық әндерін айта бастағанда жұрт алдында отырғандай емес, өз тереңіне түсіп алып, тебірене буырқанып, маңайындағыларды ұмытып кететін. Бірде дауысы қоңырланып шығады, бірде мәселен, Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қызының» қайырмасына келгенде көзін жұма шамырқанып, үнді шырқатып, ширықтырып жібереді. Әлден соң ән біткенде барып:

– Қасымды жақсы көрем мен! – дейді аузын бұлтитып.

Баяғыда атақты Естай әншіні көрген үлкендер:

– Оның арқасы қозғандағы өлең айтуы жаяу төбелеске бергісіз еді. Гүжілдеп, божылдап, селкілдеп кетеді, – дейді екен.

Дәуітәліде де сондай бір қасиет бар еді.

Бірде өзінің домбыраны көбіне шабыт буып, оңаша қалғанда қолға алып, әнді күңгірлетіп қана ұзақ тербейтінін айтқаны бар.

– Кейде ондайда көзіме жас келіп отырады, – дейтін.

Көп жылғы көршісі, әрі досы, ақын Несіпбек Айтұлының айтуына қарағанда, тұңғыш бала болғандықтан ата-әжесінің қолында өскен Дәуітәлі туған анасына жеңге есебінде қарапты. Ол кісі де ашық, өткір екен және көпшілік алдында кәнігі өнерпаздарша домбырамен ән салған адам.

– Шешелі-балалы екеуінің тете өскен апалы-інілілердей бір-бірін мойындамай тәжікелесіп отырған қызықтарына талай куә болдым, – деп әңгімелейді Несағаң.

– Менен туғансың сен! Ал, өле қал! Саған ақындық менен дарыған, – дейді шешесі.
Баласының сөзі:
– Қойшы, қайдағыны айтпай! Ақындық өз тұқымымызда жетеді!..

Сөйткен Дәукең анасы домбырасын алып ән бастағанда оған аялай қарап, аңтарылып қалатын көрінеді. Оңашада, тіпті, «Маған әншіліктің жұқанасы осы кісіден жұқса жұққан да шығар-ау!» деп мойындайтын да сияқты.

Қырғыз әндерін ұнататын-ды.
– Әттең, дауысым да келмейді, әуені де қаныма сіңбеген, тілін де таза білмеймін ғой. Әйтпесе, айтып жүруге болар еді, – деп қоятын.

Соңынан басылым бетінде «Татар әні» деген бір өлеңі жарқ ете түсіп, тағы бір таңдай қақтырғаны бар.

…Зарлатқанда гармошкасын,
Ойға батпай қалмас басың.
Дүниені дүрліктіріп,
Осылай қос ән қосқасын,
Татар әні, татар әні! – дейді ол.

Соған қарағанда, жүрегі елжіреген ақын барлық әсерлі музыкаға құлақ түріп жүретін болғаны ғой.
Соңынан нөкеріне ұқсап еріп жүретін бізді үйіне жиі апаратын. Тіпті, бірде студенттік кезеңнен жаға ғана шығып, жатақханада тұратын маған өзінің де өсіп қалған екі баласының бар екеніне, күнделікті келім-кетім кісісінің көптігіне қарамастан:

– Келін қалай еді өзі? Нан тебетін әдеті жоқ па? Онда ертеңнен бастап үйге келіп тұра беріңдер. Үш бөлме бәрімізге жетеді. Жеңгең жаман адам емес қой! – дегені есімде.

Балықты дәмді пісіретін-ді. (Балқаш маңайынан болғандығынан шығар). Келгенімізде зайыбына салмақ салмай шайды да өзі құйып беруге ұмтылатын.

Әлгіндей жырларының бірінде:
– Айта алмаймын асылық,
Болашақта – басты үміт.
Көп ешкімге жарытып,
Жасағам жоқ жақсылық, –
дегенімен, біздей рухани бауырларына өле-өлгенше сүйеу болуға тырысып келді.

– Кеше ана кісімен сөйлесіп қалдым. Сен сол орынға баршы! Келісіп отыр, – дейтін.
Одан соң өзіне тән жарасымды әзілмен:
– Ертең бізді танымай кетуіңе жақсы болады, – деп қалжыңдайтын.

Қазір сол аяулы азамат, дарынды ақынның көзге көрінбегеніне де бірталай өтті. Сондықтан, оның әншілік дауысын емес, жай үнінің өзін сағынып жүргендер көбейе түскендей…

Құлтөлеу Мұқаш, жазушы

2001 жыл.

«Ұлт порталы»