Қытайдың ең ауыр қарғысы «Дәуірлер ауысқанда өмір сүр» деген сөз екен. Өркениетке ерте жеткен көне халықтың дәл осы нақыл сөзі ХХ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген мына біздерге арналғандай. ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда өмірге келген мына біз, коммунизмге, ертеңгі жарқын болашаққа, адам адамға дос және бауыр деген ұғымға, ең бастысы махаббатқа сендік. Өмірдің өзегі де, негізі де махаббат деп білдік.
Бізді тәрбиелеген сол дәуірдің әдебиеті еді. Біз жігіт ағасы жасқа жете бергенімізде заман өзгерді. Өз дәуірімізді жете білмедік, жаңа заманға бейімделе алмадық.
Қайта құру... Тәуелсіздік... Кейін... рыноктық қатынас заманы, бізді еркімізден тыс басқа адамға айналдырып жіберді.
Заман өзгерді, заманмен бірге бізге қымбат құндылықтар да өзгерді. Дүние мен ақша үстемдік еткен басқа дәуір басталды. Бұрынғы түсінік пен сенімнің күл-талқаны шықты.
Біз енді ешкімге де, ешнәрсеге де сенбейтін болдық. Ең қиыны да осы еді. Қытай қарғысының мағынасын сонда түсінгендей болдым.
Дегенмен де, маған қытай қарғысының мағынасын бұрынғыдан да терең түсіндірген – «Қозапая».
Ия, кәдімгі қозапая. Бірақ, бұл - әңгіменің аты. Авторы - Мархабат Байғұт. Кітап 2016 жылы, Алматы қаласындағы «Керемет медиа» баспасынан шығыпты. Сыртында «Таңдамалы шығармалары» ІІ том деген жазуы бар.
Менің бір әдетім, қолыма түскен кітаптың аты мен авторына қарап болған соң, бірден мазмұнын ашамын. Оңтүстіктің тумасы болған соң көзіме ыстық көрінді ме, әлде басқа себеп болды ма, білмеймін, мазмұндағы бірнеше әңгімелердің ішінен «Қозапая» деген атау көзіме біртүрлі ыстық көрінді. 140-бетте екен. «Киім киісі күлкі шақыра бастағанын сезгелі бері мектеппен қоштасуды ойлап жүрген», - деген алғашқы сөйлемнен бастап, психологиялық ішкі динамикалық тартысқа құрылған шағын әңгіме, өзінің терең иіріміне тарта берді.
Әңгіме кейіпкерлері соншалықты көп емес, тіптен аз, бар болғаны төрт-ақ адам. Қозапая тасушы арбакеш – Ерсәлім, оның ұлы Есқара, Жыңғылбай мұғалім және сол өздерінің «Ешкілі» ауылының тумасы, аудан әкімін жазушы «баяғы бала» деген жалпы атаумен алады. Бар болғаны осылар.
Әңгіме «Киім киісі күлкі шақыра бастағанын сезген», - Есқара Ерсәлімұлының мектепті тастап, «Ешкілі» ауылынан Сағымкент қаласына қашуымен басталады. «Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып несі бар», - дегендей, мектеп оқушысы Есқараның ауыр өмірін де,оның ауылдан кету себебін де жазушы «Киім киісі күлкі шақыра бастағанын сезгелі бері...» - деген жалғыз сөйлемге сыйғызған.
Байқағанымыз, керекті-керексіз шұбалаңқы сөйлемдер, ұзақ-сонар баяндаулар Мархабат Байғұт стиліне жат нәрсе. Кейіпкердің бар ғұмыры мен оның ауылдан кету себебін, жазушы тас-түйін шымыр құрылған сөйлемдер арқылы бір-ақ абзацқа сыйғызғын. Оқып көрелік: «Сауданың соңына түскен болып, сандалып кеткен шешесінен көптен бері хабар-ошар шықпай тұр. Жезқазған жақта тұратын әпкесі де, Астана жаққа оқуға кеткен ағасы да өз күндерін өздері әзер көріп, бұларға қайрылуға қауқар таныта алмайды. Әкесі бірқанша апта бойы ішкіліктің соңында. Ал Есқара мектепті тастап мақта теріп кетейін десе Диналар мен Балайымдарға күлкі болғысы жоқ. Талайдан бері шарбақтағы қауыннан қалған көк шапша мен үйдегі қатқан-құтқанды ғана қорек етумен келеді.»
Міне, бұл - тек Ерсәлімұлы Есқараның ғана емес, дәуірлер ауысқанда өмір сүріп, қытай қарғысына ұшыраған бүтін бір ұрпақтың шындық өмірі. Жазушының талант-құдіреті де сонда, ол бір отбасының өмірі арқылы бір дәуірдің шынайы суретін бар болмысымен оқушысының алдына жайып салады.
«Мақта теріп кетейін десе Диналар мен Балайымдарға күлкі болғысы жоқ». Есқараның намысты мінезін бір-ақ сөйлеммен ашқан жазушы, дәл тауып, дөп басатын білгірлікпен «Сауда соңына түскен болып, сандалып кеткен шешесі...» - деу арқылы Есқараның шешесі туралы мағлұматпен бірге шеше мінезін ашуда жанама бөлшекті де үлкен шеберлікпен пайдаланған.
Есқараның шешесі туралы үш бет шұбырта созып жазуға болар еді, бірақ көп сөзділіктен қашатын жазушы Мархаббат Байғұт, кейіпкер шешесінің ойсыз өмірі мен парықсыз мінезін бір-ақ сөйлемге сыйғызған. Дәл осы сөйлемнен соң Есқара отбасындағы суықтау адами қарым-қатынас оқушыға өз ызғарын сездіріп өтеді.
Әңгімеде Есқара өмірінің трагедиясын жазушы кейде көзге айқын көрінетін, кейде көзге көрінбейтін штрихтар арқылы тереңнен толғап, кейіпкердің адами сезімін шынайы суреттейді.
Сауда соңында сандалып кеткен шеше, өз күндерін өздері әрең көріп жүрген Жезқазған жақтағы әпкесі, Астанадағы ағасы, ішіп кеткен маскүнем әкесі арқылы тағдыры тәлкекке түскен, өмір әділетсіздігінің құрбаны, жап-жас бала Есқараның қалаға қашып келе жатқандағы ішкі психологиялық жай-күйін үдемелі қозғалыс үстінде суреттеген жазушы: «Есекмияның түбіртегінен уыстай бүріп ұстаған Есқара қиялау жиекке ырғи ілінбекке тырмысып баққан-ды, бірақ табаны тесік тайғанақ бәтеңкенің қияңқы кесірінен тізелей жығылып, төмен сырғыды. Қыраулы қияның қиыршығы тұздай тиіп, ішкі-сыртқы әлемі әділетсіздік атауынан удай ашып, аш күшіктей ұлып-ұлып жібергенін білді әлде білмеді.
-У-у-у-у-у! – деді Есқара. –У-у-у-у-у»
Осы жолдарды оқығанда, өмір әділетсіздігінің құрбаны, аш күшіктей ұлыған Есқараның тірі бейнесі көз алдыңа келіп, көзіңе еріксіз жас үйіріледі.
Адам да, төрт аяқтылар да ыза мен шарасыздықтан ғана ұлиды. Тағдыры күресінге лақтырылған жетінші сынып оқушысы Есқара Ерсәлімұлының қатігез, меңіреу де дүлей қоғам алдындағы шарасыз күйін жазушы: «...аш күшіктей ұлып-ұлып жібергенін білді әлде білмеді,» - дей келіп: «Жеңімен көзін сүртіп, ақата арықтың жиегіне жүрелеп алып, тағы ұлыды... Есқара уілдей ұлығаннан кейін де желе жортып келе жатып, біраз уакыт бойы қыстыға жылаған,» - деп, қабырғасы қатпай тағдырымен бетпе-бет қалған жас жеткеншектің сол сәттегі ішкі көңіл-күйінің жәй көзге аңғарыла бермейтін нәзік иірімдерін шынайы да әдемі һәм әсерлі суреттеген.
Мойындауға тиістіміз, бұл – биік мәдениетті, аса талантты сөз зергерінің ғана қаламынан туатын, сирек кездесетін сөзбен салынған ғажайып өнер туындысы екені анық.
Өмір әділетсіздігінен адам қалпынан гөрі бөлтірікке айналып келе жатқан Есқара бейнесін «...тағы ұлыды. Сәлден соң барып Сағымкент бағытына қарай бүлкектей жөнелді,» - деп суреттеген жазушы, адамды адам қалпында сақтап қалатын да, аңға айналдырып жіберетін де қоғам. Адам - өзі өмір сүріп отырған қоғамның жемісі, - деген астарлы ойды оқырманына үнсіз ұғындырады. Өмір әділетсіздігінен баладан бөлтірікке айналып келе жатқан Есқара тағдыры енді қалай өрістемек? Бүгінгі бөлтірік-бала Есқараның ертең жауыз қасқырға айналмасына кім кепіл, бұл үшін кім жауапкер? – деген сұрақты жазушы оқырманына ашық қоймаса да «...тағы да ұлыды... Сағымкент бағытына қарай бүлкектей жөнелді,» - деген сөйлемдер арқылы оқырманын ой тұңғиығына батырады. Қалаға жеткен Есқара ертең кім болады? Адамға ма әлде адам кейпіндегі қасқырға айнала ма?
Ертең ол қасқырға айналса, оған кім кінәлі? – деген сұрақ жүрегіңді еріксіз сыздатады. Ойланасыз... Ойланасыз да Есқараның әкесі Ерсәлімді кінәлап, оны ауыр ой соққысының астына алып, төмпештей жөнелесіз. Алқаш... Маскүнем ішкіш, жап-жас баланы осындай күйге ұшыратып,... Оңбаған... Әкелік жауапкершілік қайда? Туған баласын осындай күйге жеткізген ол қандай әке деп, Есқараның әкесін ойлай бастайсыз. Оқырманның осындай ойын дәл ұққан жазушы, әңгіме баянында әдемі сюжеттік байланыс арқылы негізгі басты орынға енді Есқараның әкесі Ерсәлімді шығарады. «Көз ұшындағы мұңғиықтана мұнартқан сағымның арасынан әкесі сығалағандай. Артта қалған ауылдағы қоржын тамда есін жинай алмай, арақ сасып жатқан әкесінің Сағымкент төбесінен елес бергені несі?»
Міне, осылай әңгіме композициясын логикалық жүйеге шебер қиюластырған жазушы, Есқараның әкесін ойлап, ойына түсіруі арқылы әңгіме құрылысына әдемі сюжеттік ілмек тауып, баланың әкесі Ерсәлімді әңгіме баянында алдыңғы орынға шығарады. Осы кезеңнен бастап, әңгімеде Ерсәлім тіршілігі баяндалады.
Оқиға өрісін баяндауда жазушы бір арнадан екінші арнаға өте жеңіл ауысып отырады. Жазушының бұл тәсілі әңгіме мазмұнын тереңдетіп, көркемдігін биіктете түскен. Оқиға барысында жазушы ешкімді кінәләмайды, ешкімді ақтамайды да. Ол өмірді сан қырлы бояуымен, еш қоспасыз, шынайы реалистік тұрғыда, сол күйінде оқырманның алдына жайып тастайды.
Ешкімді алаламайтын, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын жазушы Мархабат Байғұт тілімен айтқанда «Ешкілі ауылының жұртшылығына түп-түгел қозапая түсіріп беретін атақты арбакеш Ерсәлім» адал еңбегімен, кесектен салынып, зәктеніп кеткен өзінің ескі қоржын тамында, шүкіршілікпен ғұмыр кешіп жатқан еді. Ол біз ойлағандай тас жүрек емес, керісінше, жауапкершілігі мол, мейірбан әке. Кейіпкер образын сомдауда әдеби бөлшектер мен штирхтарды шебер пайдаланатын жазушы, бір кейіпкер өмірі арқылы бүтін бір дәуірдің ақиқатты шындық көрінісін суреттей отырып, оқырманына қайшылығы мол бүтін бір әлемді тарту етеді.
«Ал, былтыр қара суық қарсаңында жыл сайынғы жайма-шуақ тартар әдетінен жаңылған әкесі әлпеті қашып, қарасұрланып келген күні:
-Биыл бастан – аяқ киіндіріп, бәтеңке әперемін-ақ деп жүр едім, болмасқа кетті, балам,-деді түтігіп. – Арбадан да, аттан да, қозапая тасушы деген құқымыздан да жұрдай болып,жұтап қалдық.
-Неге, көке?! – деді бұл жар басынан секіргелі тұрғандай жүрегі өрекпіген күйде.
-Түк көрмегендер ғой, ең ақыры қозапая тасуға да «тендер» жариялапты. Аудан әкімінің құдасының пұдасы ма, бөлесінің мөлесі ме, ұтып алыпты. Атаңа нәлеті, арбакешті тағайындауға дейін аудан әкімі арласатынға айналған соң не оңады енді?! Енді мен не істеймін, аштан өлемін бе десем, тиемел жерің бар ғой деседі. Үлеске тиген жердің сиқы анау, ит арқасы қиянда. Сор басып,сорлап жатыр.»
Баласын «бастан-аяқ киіндіруді,» - ойлап жүрген Ерсәлімді біз қалайша тас жүрек әке дей аламыз. Жыл бойы армандаған ойының күл-талқаны шыққан сорлы әке: «Биыл... әперемін-ақ, деп жүр едім,» - дейді. Ол баласына бір бәтеңке әперуді жыл бойы армандаған. Әкенің бар арманы баласын бастан-аяқ киіндіру мен бір бәтеңке... Демек, әке үшін бала өмірі басты орында. Мұндай әкені қалайша қара жүрек, ойсыз, - деп айта аласыз.
Бірақ, еңбегі еш, тұзы сор әкенің аяулы арманының күл-талқан болғанын жазушы ғажайып түрде шебер суреттеген. «...болмасқа кетті балам, - деді түтігіп.» Осы бес сөзге жазушы адамның қаншама психологиялық сезім күйлерін жинақтай алған десеңші. Оқи отырып күйінесің. Жұдырық түйіліп кеткен. Бұлдырай бастаған көзіңе ызалы жас келеді. Неден күйініп, кімге ызаланып отырғаныңды өзің де білмейсің. Алдымен белгісіз бір нәрсеге күйінесің, соңынан көзіңе ызалы жас келген сәтке дейін адам қаншама сезім күйлерін басынан кешіреді десеңші. Күйік пен ыза. Ыза мен күйік...
Міне, пендесін сан-алуан сезім күйіне жетелейтін сөз құдіреті дегеніміз осы!
Өзгерген жаңа заманда «тендер» жарияланып, бәрінен айырылған қозапая тасушы Ерсәлімнің басқан аяғы кері кетіп, өмірі де «болмасқа» айнала бастайды. Үлеске тиген жері анау, бір қиянда сор басып, сорлап жатыр. Өлместің қамы үшін әйтеуір бірдеңеден бастау керек. Бірақ қалай? Аудан әкімінің сөзмен айтқанда «Кімге өтірік, кімге шын» несиенің де болмайтыны анық болды.
Міне, осылай кейіпкеріміз Ерсәлім үлкен психологиялық дағдарысқа ұшырайды. Қиыны да осы еді. Ерсәлімнің ең соңғы үміті, өзінің ауылдасы, бір кезде Ерсәлімнің шешесі берген қалжаның арқасында тірі қалған, бүгінгі аудан әкімі «баяғы бала».
Ал, «баяғы бала» кез-келген Қазақстан азаматы алуға болатын несиенің өзін «Кімге өтірік, кімге шын» екенін керги түсіндіріп, «Құйқалы да құнарлы, сулы, нулы жерлерді, мына мен және менің адамдарым алады. Ала бермек,» - деп аса үлкен қаныпезер қарабеттілікпен ұятсыз түрде ашық айтады.
Аудан әкімі «баяғы баланың» кабинетінен шыққан Ерсәлімнің бар көңіл-күйін, заманы мен қоғамына деген өн бойындағы өрттей қарсылықты: «Есікті қатты жаппақ болғаны есінде. Алайда, зілмауыр зәулім мүлікке әл-дірмені жетпей, жұлқумен ғана тынып,еңкеймей шыққанның өзін қанағат тұтқан,» - деп суреттейді жазушы.
«Баяғы бала» секілділер басқарған жемқор әрі тас жүрек қоғамға Ерсәлім секілді «кішкене адам» жалғыз өзі не істей алсын?! Оның бар қарсылығы «...зілмауыр зәулім мүлікке әл-дірмені жетпей жұлқумен ғана» бітетіндігі.
Ол қайтар жолда аудан орталығының олигархиялық бөлігінде салынған әкімнің үйін көріп қорқып кетеді. Бұл кез «бар» мен «жоқ», «бай» мен «кедей» болып дүниенің екіге бөлінген шағы. Адал еңбегімен кесектен салынған өзінің қоржын тамында өмір сүріп жатқан Ерсәлім, аудан әкімінің зәулім сарайдай үйін көргенде басқа заманның бөтен суық лебін сезгендей қорқады. Ол қызықпайды, қызғанбайды, қорқады.
Негізінен дүниені ұстап тұрған данышпан, ғұлама қайраткерлер емес, керісінше, дүниені ұстап тұрған Ерсәлім секілді қарапайым миллиондаған еңбек адамдары.
Өркениетті қоғамның жетістігі – сол қоғамдағы еңбек адамының бақытымен өлшенеді. Ал, сол еңбек адамдарына ең бірінші керегі тыныш бейбіт өмір,содан соң өзі өмір сүріп отырған қоғамда еңбек ете алу мүмкіндігі. Кез-келген қоғамды өркениеттің өріне жеткізетін күш – еңбек! Ол – Ерсәлім секілді қарапайым адамдардың еңбегі. Әңгіменің трагедиялық өзегі мен жазушының айтқысы келгені сол – біз Ерсәлім секілді еңбек адамдарын еңбек ету құқығынан ғана айырып қойған жоқпыз, сол арқылы оларды өмір сүру мүмкіндігінен де айырдық. Бұл – кешірілмес үлкен күнә!
Егер, қоғамда бір адам бақытсыз болса, ол қоғамды өркениетті, бақытты қоғам деп айтуға ешкімнің де қақысы жоқ!
Бір-ақ рет берілетін өмір соншалықты ыстық, соншалықты тәтті. Кез-келген тіршілік иесі, өмірі үшін ақтық демі біткенше, ең соңына дейін күреседі. Ерсәлім де сөйтті. Ол да жан-тәнімен күресті. Бірақ, болмады. Қатыгез қоғам Ерсәлімді жан-жағынан қысты, ол бәрінен айырылды. Сауда істеген болып сандалып кеткен әйелі, Жезқазғандағы қызы, Астанаға кеткен ұлы, ең соңы Сағымкент асқан кенжесі Есқара, тіршілік тауқыметімен тарыдай шашылып кетті.Ал бұл кезде, қатыбас қоғамның қатыгез үкіміне ұшыраған Ерсәлімнің отбасы бір шаңырақтың астында, тіршілік күйін тұтас отбасы болып бірге шерте алмастай жағдайға жеткен еді. Дені сау азаматтың күнделікті тамақ тауып өзін-өзі асырауы да мұңға айналғандай. Ол тіптен өртеніп өлу үшін алған жанармайды да Жыңғылбай мұғалімнен қарызға алған ақшаға сатып алады.
Әңгімедегі төрт кейіпкердің бірі – Жыңғылбай мұғалім. Қанша жерден заман өзгеріп, дәуірлер ауысса да, Жыңғылбай секілді өз мамандығына жан-тәнімен берілген, мейірбан да адал адамдар болған. Бола да бермек. Өмір сонысымен де құнды.
Биік дәрежеде жазылған көркем шығармада «жағымды» не «жағымсыз» кейіпкер болмайды. Нағыз көркем туындыда өмірдегі кәдімгі адамдар бар болмысымен шынайы бейнеленеді. Әңгімедегі киіпкердің бірі, аудан әкімі «баяғы бала». «Баяғы бала», ол – өз заманы «өтпелі кезеңнің» нағыз қаһарманы.
Дәуірлер ауысқан аласапыран кезеңде заманына қарай бейімделе алғандардың тасы өрге домалайтыны шындық. Өмір ағымын жылдам түсініп, ақша мен дүние билеген «рыноктық қатынас» заманына тез бейімделген «бағы баланың» өмірлік философиясы: басып қалу, алу, ала беру бір сөзбен айтқанда жылдам баю. Оның өзі басқарып отырған елге, сол елдегі Ерсәлім секілді қарапайым еңбек адамдарының өмірі мен ой-арманына түкіргені бар, пысқырмайды да.
- А-ал, ала беріңдер. Сонда біз секілділер, қолмен мақта термейтіндер, сендейлердің алдарында ешқашан еңкеймейтіндер не істемек керек? Аштан қата бере ме? – деген Ерсәлім сұрағына:
- Несі бар, кейбір өркениетті елдерде де аштан қататындар аз кездеспейді, - дейді «баяғы бала» - Еңкейместердің еншісі сол.
«Баяғы бала» ақымақ емес, тіптен ол ақылды. Себебі, ол табиғат заңын терең түсініп отыр. Табиғат заңы бойынша сыртқы ортаға тез бейімделе алғандар ғана жеңімпаз болады. Осы заңдылықты жақсы түсінген «бағы бала»: «Амал қанша, тәуелсіздігіміз һәм бірақтар шығындарды талап етуге хақылы,» - дейді.
«Баяғы баланың» осы сөзінен соң ойланасыз...
Сонда, «тәуелсіздік шығындары» жаңа заманға бейімделе алмаған Ерсәлім секілділер ғой. Неге олар өзгерген заманға бейімделе алмады? Себеп неде? Тереңнен түбірлете ойласаңыз, Ерсәлім заманы табиғи жолмен емес, реформалық жолмен, яғни қалыптасқан қоғамдық заңдылықтарды күштеп өзгерту арқылы өзгеріпті. Табиғи заңдылық бұзылған жерде трагедияның басталатыны ақиқат. Ерсәлімдер өмір сүрген «қоғамдық меншік» заманынан «жеке меншік» заманына асықпай, сабырмен бірте-бірте, қоғам мүшелеріне «жеке меншіктік» сананы қалыптастыру арқылы өткенімізде, бәлкім, Ерсәлім секілді «тәуелсіздік шығындары» болмайтын ба еді, - деп ойлайсыз. «Баяғы бала» мен Ерсәлім арасындағы диалогтан осындай ой түйесіз.
Аудан әкімі «баяғы баланың» қабылдауы Ерсәлім өміріне үкім айтқандай болады. Барынан айырылып, болашағынан үміті үзілген Ерсәлім, өртеніп өледі. Әңгіме Ерсәлімнің өлімімен аяқталады. Тез бітіп қалған секілді.
Ерсәлім өлімі – бұл қоғам бетіндегі қарғыс таңба. Ол өзін-өзі өлтірген жоқ, оны өлтірген мына біз, оның айналасы!
Ия, Ерсәлім өмір сүрген қоғам мен оның айналасы, оны өзін-өзі өртеуіне мәжбүрледі!
Жетімін жылатып,жесірін қаңғыртпаған ел едік, қалай болды, бұл өзі?
Ерсәлім секілді арыстай азаматтың өліміне кім кінәлі? – деген ащы сұрақ көкейде тұрып қалады. Қоғам өзгерген кезде адами құндылықтар да қоса өзгере ме? Солай да болуы мүмкін... Сонда, қалай, күллі адамзатқа ортақ «Адам жолы», адамгершілік ше? Ол да өзгере ме? Сұрақ көп. Бірақ, жауабы жоқ. Ойланасың...
Ал, Мархабат Байғұт жазушы ретінде өз мақсатына жете білді. Ол оқырманын түрлі сезімдерге бөлеп, ойландыра алды. Ең басытысы да осы!
Менің ойымша, «Қозапая» - халқымыздың басынан өткен «өтпелі дәуір» деп аталатын бүтін бір дәуірдің барлық ақиқат шындығын шынайы, реалистік тұрғыда суреттеген әңгіме-эпопея!
Эпопея жазу үшін том-том кітап жазу шарт емес. Бір дәуірдің ақиқат шындығын кез-келген жанрда, кез-келген пішінде суреттей алсаңыз жетеді.
Сондықтан да, жазушы Мархабат Байғұттың «Қозапая» әңгімесін біз, әңгіме-эпопея дейміз.
Тағы да бір айтарымыз: «Қозапая» дәуірлер ауысқанда өмір сүріп, «қытай қарғысына» ұшырағандарға жазушы Мархабат Байғұт тарапынан қойылған мәңгілік ескерткіш. Бұл – ақиқат!
Ал, олар «қытай қарғысына» ұшыраса да біздің өз қандас бауырларымыз еді...
Нұрғали Маханов
ОҚО
Созақ ауданы