ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Pfizer вакцинасы елдегі қоры туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда бізде Pfizer вакцинасының 2 миллион 400 мың дозасы бар. Былтырғы келісім бойынша 4 млн доза жеткізу керек. Яғни тағы 600 мың доза жеткізіледі. Сонда республика аумағында Pfizer вакцинасының 3 млн дозасы болады деген сөз. Бүгінгі таңда Comirnaty Pfizer вакцинасы 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге, жүкті, бала емізетін әйелдерге салынып жатыр. Жүкті әйелдердің ревакцинациясына осы вакцина қолданылады. Кеше Бас санитар дәрігердің қаулысы қабылданды. Ол 60 жастан асқан адамдарды қайта вакциналау үшін Comirnaty Pfizer вакцинасын пайдалануға мүмкіндік береді. Өйткені бұл ең осал топ және қосалқы аурулар болған кезде жасына қарай ауыр сырқаттарды тудыруы мүмкін», - деп түсіндірді Айжан Есмағамбетова.
Сондай-ақ, ол Pfizer препаратымен ревакцинациялау аурумен күрестің алдыңғы шебінде жүрген және күн сайын коронавируспен ауырғандармен бетпе-бет жұмыс істейтін медицина қызметкерлері салдыруы мүмкін екенін атады.
Сондай-ақ ол елдегі вакцинаның қоры енгізілетін шектеулерге әсер етпейтінін айтты.
«Pfizer вакцинасының болуы ел бойынша шектеулер енгізуге әсер етпейді. Біз барлық қолжетімді вакциналармен халықты вакциналауды және қайта вакцинациялауды жалғастыра береміз. Қандай да бір шектеулерді енгізуге, бірінші кезекте, денсаулық сақтау жүйесіндегі жүктеме әсер етеді. Ал жүктемені азайту үшін алыс-беріс, пен барыс-келісті азайту, ұжымдарды оқшаулау, яғни вирустың халық арасында таралуын азайтуға бағытталған шектеулер енгізіледі. Денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктері шексіз емес екенін бәріміздің түсінуіміз керек», - деп түсіндірді Айжан Есмағамбетова.