02 ақп, 2022 сағат 16:27

Дания Еспаева мемлекеттік медициналық нысандарды арзанға сату фактілері жайында айтты



Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дания Еспаева мемлекеттік медициналық нысандарды арзанға сату фактілері жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақ жол» фракциясы депутаттық сауалдарда денсаулық сақтау жүйесіндегі жекешелендіруді бірнеше рет сынға алды. Біз клиникаларды төмен бағамен сатуға немесе жаңа иелер объект үшін мемлекеттің өзінен кепілдендірілген төлемдер есебінен есептесіп, оларды кейіннен сатып алу арқылы сенімді басқаруға беруге қарсы болдық. Мұндай формат сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары дәрежесін және іс жүзінде әлеуметтік нысандарды «қажетті адамдарға» таратуды көздейді», - деді Д. Еспаева ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, 2017 жылдан бастап 5 депутаттық сауал жолданған, онда нақты мысалдар келтірілді. Атап айтқанда, бұл Алматы облысындағы Талғар аудандық ауруханасына, Павлодар облыстық диагностикалық орталығына қатысты болды. Мысалы, ауданы 7 000 шаршы метрден асатын және барлық жабдықтары бар аталған орталық шаршы метріне 44 мың теңге бағамен сатылды.

«Алматы қаласындағы балалар стоматологиялық клиникасы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының ағасына сатылды. Клиниканың есеп шотында 170 млн теңге бола тұра және жыл сайынғы бюджеттік қаржыландыру 260 млн теңгені құраса да, алғашқы жарна 92 млн теңгені құрады. Мұның бәрін жекешелендіру деп атауға болмайды, бұл таза «жаулау». 2017-2020 жылдары барлығы 124 клиниканы жекешелендіру жоспарланған болатын. Мемлекет немесе қоғам бұдан қандай пайда тапты – бұл біз үшін де құпия. Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес, тағы 700 мемлекеттік кәсіпорын жекешелендіруге жатады, олардың ішінде медициналық объектілер де бар», - деді депутат. 

Оның сөзіне қарағанда, 2021 жылғы 12 қазандағы «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігі бойынша 20 ірі көпбейінді аурухана салу көзделген. 

«Кеше сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде Президент мемлекеттік-жекешелік саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылау қажеттігін атап өтті. Оны жүзеге асыруға барлық негіз бар. «Қазақстандық МЖӘ орталығы» сайтына сәйкес жоспарланған медициналық нысандардың жалпы құны шамамен 3 трлн теңгені құрайды. (2 трлн. 950 млрд. теңге). Егер мемлекеттік клиникалар ең көп дегенде 300-500 млн теңгеге сатылса және сирек жағдайларда – 1-1,5 млрд теңгеге сатылса, ал, әдетте, сенімгерлікпен басқару түрімен «сыйға тартылса», онда олардың орнына жаңа клиникаларға бюджеттен жүздеген миллиард теңге жұмсалады», - деді Д. Еспаева. 

Мәселен, Түркістан қаласындағы көпбейінді аурухананың операциялық шығындарын, инвестордың сыйақысын және кредиттер бойынша пайызын ескере отырып, 570 орынның инвестициялық шығындары 480 млрд теңгені құрайды. «Астана медицина университеті» КЕАҚ жанындағы 800 орындық Біріккен университет ауруханасын салуға және пайдалануға берілетін төлемдер 900 млрд теңгеге дейін жетеді. 

Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы келесілерді сұрайды

1) Жекешелендірілгеннен немесе сенімгерлік басқаруға берілгеннен кейін, бұл мекемелер мемлекеттен қанша қаражат алғанын хабарлау. 

2) МЖӘ аясында жаңа медициналық нысандар бойынша құрылысқа, қызмет көрсетуге, басқаруға, операциялық шығындарға және пайыздарды төлеуге қанша мемлекеттік қаражат жоспарланғанын хабарлау. 

3) Қоғамға қазіргі клиникаларды төмен бағада берудің және жаңа нысандарды триллиондап қаржыландырудың мәнін, осы схемалардың түпкі бенефициары кім екенін түсіндіру. 

4) Халық пен мемлекеттің мүдделеріне тікелей қысым жасалған жағдайда, қалыптасқан көзқарастарды сыни тұрғыдан қайта қарау қажет.