Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірде еңбек миграциясын реттеу және оралмандарды қабылдау жұмыстары салғырт жүріп жатқанын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл мәселе бүгін облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде талқыланды. «Өнімді жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында Шығыс Қазақстанға биыл 714 отбасы көшіп келуі тиіс. Аталмыш квотаның 364-і Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарынан қоныс аударушыларға бөлінсе, қалған 350-і шетелдік қандастардың отбасыларына арналған. Сегіз айдың ішінде аталмыш квота 36,2 пайызға ғана орындалған. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды реттеу басқармасының басшысы Елена Старенкова қоныс аударушыларды қабылдауға жауапты аудандардың сылбырлығы көшті тежеп тұр деген пікір білдірді.
«Әсіресе, Семей және Курчатов қалалары, Абай, Аягөз, Зайсан, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандары белгіленген квотаны игермей отыр» - деді Елена Старенкова.
Даниал Ахметов басқарма басшысына аталмыш мәселеге мұқият болуды тапсырды.
«Әуелі Сіздің өзіңізге жұмыс тәсілін өзгерту керек. Бөлінген квотаның нақты қандай ауылдық округке берілгенін білмей отырсыз. Жұмысқа бұлай салғырт қарауға болмайды. Көші-қон дегеніңіз - мемлекеттік мәселе. Біздің Катонқарағай ауданында жыл сайын халық азайып барады. Ал Сіздер бөлінген квотаның өзін игере алмай отырсыздар. Ауылды дамытуға бөлінген 3,5 млрд теңгенің несиесін 30 пайыз ғана игергенсіздер. Әйтеуір игере алмайды екенсіздер, сол ақшаны көшіп келетін отбасыларға бағыттаңыздар. Онсыз да ел ауылдан үдере көшуде. Ал біз қол қусырып, қарап отырмыз. Аталмыш квота Глубокое, Шемонаиха, Зырян аудандары мен Риддер қаласында көптеп бөлінуі тиіс. Немқұрайлылықты қойып, осы бағытта жұмыс істеңіз» - деді аймақ басшысы.
Кері кеткен көшті дұрыс арнаға бұру үшін енді әр аудандағы бос үйлердің тізімі жасалып, оны мемлекет меншігіне сатып алу және жөндеу жұмыстары ұйымдастырылмақ. Содан кейін ғана әр ауданға бос үйлердің санына байланысты квота бөлінетін болады. Ал көшіп келген отбасыларды жұмыспен қамту үшін мемлекеттік жер қорынан егіндік пен жайылым телімдері бөлінеді. Шағын несие арқылы мал сатып алуға да жол ашылмақ.
«Шетелден қандастарды шақыру жеткіліксіз. Шақырған екенбіз, дұрыс жағдай жасалуы тиіс. Тұратын баспанасы, бала-шағасын асырайтын кәсібі, жайылым мен егіндік жері болуы тиіс. Ал өзге өңірлерден келетін отбасыларды көшіріп алу үшін Тарбағатай ауданының тәжірибесін пайдалануға болады. Көшіп келетін жанұяның әрқайсымен жеке тансып, жұмыс істеуге ниеті бар адамдарды бірінші кезекте әкелу қажет» - деді Даниал Ахметов.