Сурет: islam.az
Заңды әзірлеуден бөлек, оны жүзеге асыру және орындалуын бақылау да аса маңызды міндет. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев энергетикалық сусындарға тыйым салу жөніндегі заңнамалық шаралардың тиімсіз болып қалуы мүмкін екеніне назар аударды.
"Иә, біз тыйым салуды мақұлдаймыз. Бірақ, әріптестер, біз осындай тыйымдарды кальян мен вейптерге де қатысты енгізген едік. Сол мәселелер бойынша қаншама талқылаулар болды. Алайда, қазір көптеген орындарда, дәмханалар мен мейрамханаларда келушілер кальян тұтынатыны жасырын емес. Вейптерге де тыйым салдық. Дегенмен, олар да сатылып жатыр. Осы ретте Үкімет заңдардың орындалуын қаншалықты бақылайды деген үлкен сұрақ туындайды. Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды атүсті емес, толық орындауымыз керек. Егер біз, шын мәнінде,ұлттың денсаулығы мен саламатты өмір салтын сақтауды ойласақ, заңдар қабылдап қана қоймай, олардың толық іске асырылуын да қамтамасыз етейік. Заң орындалмаса, құқықтық мемлекеттің бүкіл құрылымы зардап шегіп, жұмысын тоқтатады. Энергетикалық сусындарға тыйым салу туралы норма дұрыс екені түсінікті. Оны дәрігерлер де айтып жүр. Енді сол нормалардың жүзеге асырылуын бақылау қажет", – деді Сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, құқық бұзғандарды анықтау үшін алысқа барудың және ерекше күш салудың қажеті жоқ. Барлық «дәлел» ашық жарияланатын әлеуметтік желілерді бақыласа да жеткілікті.
"Мәселен, кальяндар бойынша айтайық. Бүгін Палата отырысында Үкіметтің де өкілі отыр. Осы мәселені жергілікті атқарушы органдармен бірге тексерген жөн. Ішкі істер министрлігінің де басшылығы осында. Кешкі Астанаға шығып қараңыз. Тіпті ешқайда шығудың да қажеті жоқ. Мұның бәрі әлеуметтік желілерде жазылып, суреттеріне дейін жарияланып жатыр. Осыған қарап, заңның орындалуы туралы не айтуға болады? Егер орындалмайтын болса, заңдарды не үшін қабылдаймыз? Бұл Ішкі істер министрлігіне, Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға қатысты сұрақ. Мұндай мәселенің басқа да заңдарға қатысы бар", – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, бүгін Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады.