Фото: ru.freepik.com
Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев вейпке тыйым салу бастамасын толығымен қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі кезде арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр. Соның негізінде вейпке толығымен тыйым салынады.
"Вейптен бюджетке ешқандай пайда түсіп тұрған жоқ. Денсаулыққа да мүлдем пайдасы жоқ. Ал салдары ауыр, балалар шексе, ұлттық қауіпсіздік мәселесі туындап отыр. Сол себепті вейптің айналымын арттырмау үшін тиісті шара қолданып, толығымен тыйым саламыз", - деді Жамаубаев Үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, депутаттар каникулдан жұмысқа шыққан соң заң қабылданады. Одан кейін Үкімет вейппен күрес шараларын бастайды.
"Дәл қазір шектеу жоқ. Ал тиісті заң күшіне енгеннен кейін біз барлық күшімізді саламыз, контрабандаға жол бермеу керек", - деп түйіндеді министр.