31 жел, 2019 сағат 09:55

БҰҰ Бас хатшысы жастарға үндеу жолдады

Біріккен Ұлттар ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Жаңа жыл мерекесіне орай әлем елдеріне видеоқұттықтау жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз 2020 жылға белгісіздік пен қауіпті жағдайда, тамыры тереңге кеткен теңсіздік пен өшпенділік өршіген, әлемдегі әскери қақтығыстар мен Жер шары жылынып бара жатқан мезетте аяқ басқалы отырмыз. Климаттың өзгеруі - ұзақмерзімді сипаттағы проблема ғана емес, айқын әрі тікелей қауіпке әкеп соғатын ахуал. Жер шарын өрт шарпып жатқан уақытта бос сөзбен қол қусырып отырған буын боп қалуымызға жол бермеуіміз керек», - дейді видежолдауында Антониу Гутерриш.

БҰҰ Бас хатшысы десе де әлі үміт бар екенін атап өтті.

«Мен осынау жаңа жылдық жолдауымды осы үміттің сүйеніші – бүкіл әлем жастарына арнағым келеді. Климаттың өзгеруі мен гендерлік теңдіктен бастап, әлеуметтік әділеттілік пен адам құқықтарын сақтауға дейінгі күресте сіздің буын «алдыңғы қатарда» әрі басты назарда тұр. Мен сіздердің ынта мен батылдығыңызға тамсанамын. Сіздер әділетті түрде болашақ құрылымын жасауға қатысуды талап етіп отырсыздар. Мен сіздерді толық түсінемін. Біріккен Ұлттар ұйымы сіздердің жағыңызда, ол - сіздердің ұйымыңыз», - дейді ол.

Антониу Гутерриш 2020 жылы Біріккен Ұлттар ұйымының құрылғанына 75 жыл толатынын еске салды.

«Біз тұрақты даму тұрғысында мақсаттарға жету бойынша он жылдық іс-қимылдарға – әділетті жаһандану мүддесі үшін әрекет жоспарына кіріскелі отырмыз. Әлем жастардың өз ойын ашық білдіруіне мұқтаж. Ауқымды түрде ой өрбітіп, жаңа көкжиектерді аша беріңіздер. Табандылықты әлсіретпеңіздер. 2020 жылы мен сіздерге бақыт пен тыныштық тілеймін. Рахмет!», - деді БҰҰ Бас хатшысы.