30 қаң, 2024 сағат 13:00

Ботақарадағы газ баллоны жарылысынан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Ботақарадағы газ баллоны жарылысынан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдік мәліметінше, Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде зардап шеккендерге келтірілген залалды бағалау жөніндегі арнайы комиссия құрылады. Барлығына қажетті көмек көрсетіледі.


"Ең алдымен, қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтқымыз келеді. Қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетіледі. Біз залалды бағалаумен айналысатын комиссия құрамыз. Ешкімді проблемасымен жалғыз қалдырмаймыз", – дейді аудан әкімі Абылай Сұлтанғали.

Бұл ретте, жергілікті атқарушы орган жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жариялады.

Аудан әкімінің айтуынша, үй ҚазМИРР сарапшыларының қатысуымен тексеріліп жатыр. Тұрғындар әзірге туыстарының үйлеріне орналастырылған, оларды одан әрі қоныстандыру және үйдің тағдыры туралы мәселелер шешілетін болады.


Айта кетейік, Ботақара кентінде 30 қаңтар сағат 00:07-де екі қабатты 12 пәтерлі үйдің екінші қабаттағы пәтерінде цилиндрлік газ жарылды. 

Пәтердің үстіндегі шатыр, қабырғалар мен едендер, соның ішінде бірінші қабаттағы пәтер толығымен қирады. Басқа пәтерлер де ішінара зақымдалған.

"Үйде тұратын 46 тұрғынның 35-і жарылыс кезінде үйлерінде болған. ТЖ салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі зардап шекті. Зардап шеккендердің арасында үш бала бар. Дәрігерлердің тексерісінен кейін екі бала үйіне жіберілді. Бір бала ОБКА-ға жеткізілді, сонымен қатар ауруханада екі ересек адам бар, олардың біреуі өте ауыр жағдайда" - делінген хабарламада.

Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп жатыр.


"Үйінділер тазартылды. Жергілікті атқарушы органдар барлық қажетті техниканы уақтылы ұсынды, соның арқасында бес адам құтқарылды. Адамдар үйінділердің астында, плиталардың астында қалып қойған. Крандар мен үш экскаватор тартылды. Қазір ТЖД мен полиция қызметкерлері тексеру жүргізуде. Жарылыстың алдын-ала себебі – газ баллонының дұрыс жұмыс істемеуі. Газ баллоны суықтан жылы бөлмеге кіргізілген. Болған оқиғаға кім кінәлі екенін құқық қорғау органдары анықтайды", – деді Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Аманбек Бейсембаев.