29 қаң, 2021 сағат 08:58

Болат Тілепов елімізде тіркелген үкіметтік емес ұйым жайында айтып берді

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов елімізде 5 мыңнан астам белсенді ұйым жұмыс істеп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтық қоғам өкілдерінің халықтың жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қатысуы мемлекеттік мүдде. Бұл туралы Президент Жолдауда ерекше атап өткен болатын. Қазіргі кезде елімізде 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде 16 мыңы іс жүзінде еңбек етсе, 5 мыңнан астамы белсенді ұйым қатарына кіреді. Олардың барлығына да мемлекет жыл сайын бөлетін әлеуметтік тапсырыстар, гранттар мен қаржылай сыйақылар толығымен қолжетімді», - деді вице-министр ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде. 

Мәселен, былтыр қоғамдық ұйымдардың қатысуымен еліміз бойынша 1 250-ден аса әлеуметтік жоба іске асты. 100 деген ұйым әрі қарай дамуға мүмкіндік алса, 38 қоғамдық ұйымға қаржылай сыйлықақы берілді. 

«2020 жыл еліміздің азаматтық қоғамы үшін мазмұнды болды. Ең маңыздысы, осы саладағы басты стратегиялық құжат - елдегі үкіметтік емес секторды дамытудың жаңа векторын қамтитын 2020-2030 жылдарға арналған «Азаматтық қоғамды дамыту конценциясы» қабыланды. Осы орайда Үкімет қаулымысымен осы тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді», - деді Б. Тілепов. 

Оның сөзіне қарағанда, жалпы жоспарда бірінші кезеңде іске асырылатын 5 негізгі бағыт бойынша 33 іс-шара қамтылды. Дәлірек айтқанда, азаматтық қоғам дамуын құқықтық жетілдіру, азаматтық белсенділікті дамыту және қолдау, сондай-ақ тұрғындардың мемлекеттік басқаруға қатысуға кеңінен тарту сияқты қадамдар ескерілген.