Батыс Қазақстан облысында 20 елді мекенді су басу қаупі сейілмей отыр. Бұл туралы көктемгі су тасқынына қарсы шараларға арналған брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың сөзіне қарағанда, Тасқала, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласы маңындағы елді мекендерге көбірек қауіп төніп тұр.
Биыл қар мол түсті. Мұндай жағдай соңғы отыз жылдан астам уақыттан бері орын алмаған еді.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша биылғы ақпанда өзен-көлдердегі ылғал қоры 50-100 пайызға жоғары болды. Қар 1,5-3 есе көп түсті. Топырақтың қату тереңдігі 30-50 сантиметрді құрады.
Бастапқыда облыста 36 мыңнан астам адам тұратын 88 елді мекенді су басу қаупі бар делінсе, қазір ол 20-ға дейін төмендеді.
Облыс көлемінде қала мен ауылдардан 1,5 млн астам текше метр қар шығарылып, 56 мың текше метр су сорылды. 110 мың метр арна, арықтар тазартылып, бөгет бекіту, мұз кесу жұмыстары да жүргізілді.
Көктемгі су тасқынына қарсы шараларға 885 млн теңге бөлінді.
Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев шаһардағы коммуналдық мекемелердің 19 қарашада қар түскеннен бері төрт ай бойы тыным таппай жұмыс жасағанын жеткізді. Бұл жұмыстарға 400-ге жуық қызметкер, 350-ден астам техника жұмылдырылды. Бұрын қар жинайтын 2 полигон болса, биыл оның саны жетеуге жетіп, бәрі де қарға толды. Бұған «Жайық таза қала», «Орал таза сервис» мекемелері мен құрылыс, жол компаниялары сүбелі үлес қосқанын айтуға болады.
БҚО ТЖ департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, өңірдегі өзендердің дені бастауын Ресейден алатындықтан, Саратов және Орынбор облыстарындағы әріптестермен су тасқынын қауіпсіз өткізу, Варфоломеев және Ирикла су қоймаларын тиімді пайдалану бағытында тұрақты байланыс жолға қойылған.
Самара қаласындағы Приволжье гидрометеорология және қоршаған ортаға мониторинг жүргізу басқармасының деректеріне қарағанда, Жайық өзеніндегі су деңгейі (Орал қаласы мен Көшім ауылы тұсында) 400-500 сантиметрге (қауіпті деңгей - 850 см) көтеріледі деп болжануда. Су тасқыны 4-10 сәуір аралығында болмақшы.
Қараөзен мен Сарыөзенде көктемгі су тасқыны қалыптағыдан жоғары, бірақ қауіп төндірмейді деп болжануда.
Облыс аумағында барлығы 58 гидротехникалық құрылым болса, соның 24-і республикалық меншікке жатады. Республикалық құрылымдардағы орташа су толу көрсеткіші - 42 пайыз. Барлығы 7 гидротехникалық құрылым жөндеуді қажет етеді.
Биылғы 25 ақпаннан бастап өзендерде мұз кесу жұмыстары жүргізілді. Мысалы, Деркөл және Шаған өзендерінде 28420 ойық ойылып, 215,2 мың текше метр мұз кесілді.
Мұз кесу жұмыстары экология жағынан да тиімді, яғни қоршаған ортаға зиянын тигізбейді.
«Су тасқыны бола қалған жағдайда 2443 адам, 707 техника, 51 жүзу құралы, 266 мотопомпа әзір. Сондай-ақ 156 тонна жанар-жағар май, 125 мың дана қап, 18 мың тонна инертті материалдар бар. Облыстық бюджеттен аэровизуальдық тексерулер жүргізуге тікұшақ тарту үшін 14,6 млн, ғарыштық мониторинг жасауға 6,5 млн теңге қаралған. Облыс бойынша 50, соның ішінде Орал қаласында 28 эвакуациялық қосын белгіленді», деді Жасұлан Жұмашев.