Павлодардағы қайырымдылық балында өткен аукционда облыс әкімі Болат Бақауовтың портреті сатылды.
Әлеуметтік желіде тараған видео бойынша, аймақ басшысы бейнеленген картина 31 миллион теңгеге (шамамен 82 мың доллар) сатылды. Ролик кадрларынан картинаны сатып алған азаматты – жергілікті кәсіпкер Гнел Акопянды да көруге болады.
Бұл видео әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін Павлодар облысының әкімдігі жедел түрде брифинг өткізді. Онда өңір басшысының баспасөз хатшысы Ернар Сейтахмет шын мәнісінде әкімнің портреті біршама аз сома – 700 мың теңгеге (1,8 мың доллардан астам) сатылғанын ресми түрде мәлімдеді.
Оның мәліметінше, облыс әкімінің дәстүрлі қайырымдылық балында барлығы 52,2 миллион теңге (138 мың доллар) жиналды. Сейтахметтің айтуынша, бұл сомаға аукционда билеттер мен заттардың сатылымынан түскен қаржы кіреді.
"Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың портретін оған ауған жауынгерлері сыйлаған. Ол 700 мың теңгеге сатылды. Картинаны бизнесмендердің бірі сатып алды, кім екенін нақты білмеймін", - деп түсініктеме берді Ернар Сейтахмет.